Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Қазақстанда химиялық кастрацияны механикалық кастрацияға ауыструдың уақыты келген шығар?

    Педофилия —  қазіргі таңдағы тамыры тереңдеген бүгінгі күннің кеселі деп айтсақ артық болмас. Себебі екі күннің бірінде зорланған жас бала, зорлаған педофил туралы жаңалықты оқымау мүмкін емес. Әлі буыны қатып үлгермеген шақта тағдырдың мұндай жантүршігерлік азабын көрген балалардың обалы кімге болмақ, неліктен қазіргі таңда мұндай адам ойына кіріп шықпайтын күнәлі істер көбейіп кетті? Дәл осы сұрақ төңірегінде бүгін Qazweek.kz ақпарат агенттігі сөз қозғайтын болады.

    Ендеше шет елді былай қойып, өз елімізде орын алған педофилдердің бірнеше азғындық әрекеттеріне тоқталып өтейік:

    1) 2019 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында үш жасар қызды зорлады деген айыппен 25 жастағы жігіт қамауға алынған болатын. Жаға ұстататын жағдай Шу қаласына қарасты Қант зауыты ауданында болған. Көршілердің айтуынша, аулада ойнап жүрген жасы үшке де толмаған қыз баланы 25 жастағы азамат үйіне кіргізіп, ойына келгенін істеген. Оның жанұшыра шыққан дауысын естіген куәгерлер көмек  шақырыпты. Сол сәтте бүлдіршіннің әкесі бір топ адаммен келіп, баспананың есігін бұзып, ішке енген. Алайда, күдікті терезеден қарғып, қашып кеткен. Бірақ, ол алысқа кете алмады. Оқиғаны көргендердің айтуынша, оның ізіне түскен тұрғындар көп ұзатпай қолға түсіреді, олар күдіктіні полицейлер келгенше байлап ұстаған.

    2) 2016 жылы  20-шы тамыз күні 6 жастағы қыз жоғалып кетіп, бірнеше сағаттан соң қансыраған сәби Ақтау шетіндегі саяжайдан табылған. Сөйтсе, педофил бүлдіршінге ойына келгенін істепті. Көп ұзамай азғын да тұсалып, қамауға алынды. Ол 32 жастағы Ақтау тұрғыны. Осы жағдайдан кейін бүлдіршін көз жұмған.

    3) 2016-2017 жылдар аралығында 40 жастағы ер адам інісінің асырап алған қызын зорлағаны анықталды. Қыз бұл сұмдықтың бәрін шешесінен жасырып қалған. Сотқа дейінгі тергеу барысында қыздың 6 жастан бастап зорланғаны анықталған. Құқық қорғау органдары педофилді ұстап, қамауға алған. Сот ер адамды кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолданып жыныстық қатынас жасады және жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланды деген тоқтамға келіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 120 және 124-баптарының негізінде 17 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын барынша қауіпсіздік деңгейіндегі атқару жүйесі мекемесінде өтейді

    4) 2019 жылы екі оқушы сыныптас қызды қорқытып, зорлап, болған жайтты видеоға түсіріп алған. Біраз күн өткен соң зорлықшылар бойжеткенді бопсалап, ауызбастырық үшін ақша, компьютер және ұялы телефон талап етеді. Екі дос видеоны интернетте жариялаймыз деп қорқыта бастаған. Олардың мұндай әрекетінің салдарынан қыз өзіне қол жұмсамақ болыпты. Абырой болғанда, сол сәтте қыздың анасы үйге оралып, аман алып қалған. Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі жігітке үкім шықты. Екі айыпталушы да зорлау және бопсалау бойынша кінәлі деп танылды. Алайда, сот кәмелет жасына толмағандықтарына байланысты оларды бас бостандығынан бес жылға айырған.

    5) 2019 жылы 52 жастағы ер адам қаршадай қызды зорлады. Отбасылы әрі орта кәсіби білім алған. Сотталғанға дейін кран жүргізушісі болып жұмыс істепті. 2006 жылы дәл осындай қылмыс жасап, түрмеге түскен екен. 2018 жылдың күзінде жазасын өтеп шыққан ол, екі ай өтпей жатып бұрынғы әдетіне қайта басқан. Аңдып жүріп, мектеп оқушысын зорлаған. Қылмысы толық дәледенген сот оны 17 жылға бас бостандығынан айырды.

    6) 2019 жылдың наурыз айында қаршадай қызды анасының көңілдесі зорлаған. Қаршадай қызды туған анасы өзінің 4 жыл бойы кездесіп жүрген 60-тағы еркекке ақшаға жұмсапты. Мұндай оңтайлы сәтті пайдаланған азғын өрімдей қызды әуелі көлік жуатын жерде күтіп алып, жақын маңдағы қонақүйге қорқытып апарып ойына келгенін істеген.

    7) 2019 жылдың 27 ақпанында 36 жастағы Ахметов өзінің кәмелет жасына толмаған қызын зорлап, қылмыс орнынан қашып кеткен. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, ҚР ҚК 120-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ахметов Ермек Серікбайұлына «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қабылданып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Іздеу бойынша іс қозғалды.

    Статистика не дейді?

    Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 2013 жылы кәмелет жасына толмаған 258 адамды зорлау фактісі тіркелсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш екі есеге қысқарып, 169-ды құрады.  Ал 2015 жылы 254 бала зорлық көрсе, 2016 және 2017 жылдары 123 және 131 бала, 2019 жылы бір ғана Шығыс Қазақстан облысында 70 бала педофилдің құрбанына айналған. Алайда бұл деректер бойынша қанша қылмыстық істің сотқа жеткені және сот үкімінен кейін қанша адамның шағым түсіру арқылы жазасын жеңілдеткен-жеңілдетпегені белгісіз.

    Қарап отырғанымыздай бұл елімізде орын алған азғындықтың санаулысы ғана. Біз білмейтін әлі қаншауы бар ол да белгісіз. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, кішкентай бүлдіршіндер құрбан болған азғындық әрекеттер толастаған емес, тек жыл сайын көбеюде. Осы орайда, педофилдерге қолданылып жатқан жаза қаншалықты дұрыс? деген сұрақтың туындауы заңды. Белгілі бір мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру қоғамның дертіне айналған мәселені шешуге немесе түптамырымен жойып жіберуге шамасы жете ме? Олай болса жоғарыда айтып өткеніміздей жазасын өтеп шыққан педофилдің аталған азғындықты қайта жасағанын қайда қоймақпыз? Демек, бұл педофилдерге берілген жаза жеткіліксіз деген сөз.

    Педофилдердің бұл әрекеттерін тоқтату үшін бірнеше рет химиялық кастрация жасау туралы да ұсыныс түскен болатын. Дегенмен, бұл әрекеттің де орындалғанын көзіміз көрген жоқ.

    Аталған мәселе төңірегінде Qazweek.kz ақпарат агенттігінің тілшісі психолог маман Серікгүл Салимен тілдесіп көрген болатын. Бұған байланысты психолог не дейді, кастрация жасаған дұрыс па?

    «Педофилдер бала кезінде даму барысында психикасы жетілмей қалған ия болмаса жетілген психика дамымай қалғандықтан осы кеселге шалдығады. Соның әсерінен ол фрустрацияға (Фрустрация -іштегі қажеттіліктің орындалмауынан туындайтын психикалық кесел — ред.) ұшырайды. Ол фрустрациямен іштей күресіп жүреді де, психологиялық күйзеліс одан әрі әсірелеген сайын адам да күйзеліске түсіп, әлеуметтік ортада өзінің нақты орнын таппай қиналады. Ондай жағдайда педофилдікке шалдыққан адам фрустрацияны жеңе алмайды. Себебі,  ол — адамға бағынбайтын психика.

    Бұл психика тәрбие кезінде қалыптасып сол шақтан қалып қойған нұқсан. Өмірде өз орнын таппай, айналысымен дұрыс қарым-қатынасқа түсе алмай күйзеліске түскен адам ішіндегі қажеттілікті толық қанағаттандыра алмаған кезде, жаңағы күш  өзі еріксіз шығады да, өзінің қалауын іске асырады.

    Табиғаттан 24 пайыз адам осы типпен туылады. Осы типтегі адамдарда балаға деген үлкен махаббат болады, қызығушылық болады.

    Педофилдерді қазіргі таңда емдеу жолдары жоқ. Себебі не медицинада, не психиатрияда педафилдіктің анықтамасын дұрыс бермейді. Оның себебін де нақты анықтамай, қателесіп отыр. Сондықтан, мұның арнайы емдеу жолы жоқ. Дегенмен, психикалық тұрғыда педофил болады-ау деген адамның фрустрацияланып жүрген сәтін байқауға болады. Мысалы, психолог мамандар «мынау кісі осылай ары қарай жүре берсе, бұдан педофил шығуы мүмкін», — дегенді бірнеше белгісіне қарап аңғара алады. Бірақ педофилдікке шалдыққан адамның өзі оны ешқашан мойындамайды. Олар көбінесе боқтық сөздерді көп қолданады. Ең алғаш фрустрацияланып бастаған кезде олар сөздерінде өте көп боқтық, бейәдеп сөздерді қолданады. Тіпті тамақты да ауыр нәжіспен теңеп айтады. Бұл педофилдердің алғаш фрустрацияланып бастаған кезі. Осы кезден оған дұрыс адамдар кездесіп осы фрустрациядан айығуына көмектеспесе, ол ары қарай жалғаса береді. Осындай психикалық күшке шамасы жетпегеннен кейін, кейбіреулері кішкене жасы ұлғайғанда, ал кейбіреулері кейде өзімен-өзі тынышталып үнсіз қалады. Бұл сәтте ол өзінің азғын ойын іске асырды деп  әбден ойлауға болады.

    Химиялық кастрация жасау — ол тек уақытша дүние. Мысалы, шизофрениямен ауыратын адамдар небір адамдарды адастыруға апарады. Сол шизофренияға шалдыққан адамның үшеуін ұстап алып, жаза қолданып, химиялық кастрация жасап, сөйтіп халыққа «кімде-кім шизофрениямен ауыратын болса оны да осылай кастрация жасаймыз» десе де, басқа шизофрениямен ауыратын кісілер жақсара кетпейді. Себебі, олар — әлеуметтік жағдайды түсінбегендіктен, тәрбиесінен ақау кетіп тұрған белгілі бір адамдардың тобы. Ол ішіндегі қажеттілікті қамтамасыз ете алмай, осындай психикалық ауытқуға ұшыраған. Сондықтан, басқа біреуге кастрация жасау арқылы «маған да осылай жасайды, енді педофилдік жасамаймын деп» ешқашан да басқалары өзіне тоқтау салмайды.  Себебі, ол — адамның өзіне бағынбайтын психикалық ауытқу. Шизофренияға шалдыққан адамға ешқандай жаза қолданбайды, оларды арнайы қамауда, арнайы клиникаларда ұстайды, емдейді. Дәл сол секілді педофилдерге де аталған тәсілді қолдану керек.

    Тәрбиеде біз ең бірінші нені ескеруіміз керек? Педофил  — бұл ең бірінші тәрбиеден кететін ақау дедік. Педофил дертіне ұшырайтын адамдардың басым көпшілігі отбасында бала кезінде дұрыс тәрбие алмаған. Әр ата-ана баласының тәрбиесіне жауапты. Олардың жіберген қателіктерінің салдарынан бала күрделі психологиялық ауытқуға шалдығуы әбден мүмкін. Сондықтан «болашақта қоғамға қауіп төндіретін адам өсіріп жатқан жоқпын ба?» деп әр ата-ана ойлануы керек. Психогиялық тұрғыдан әр мәселені түсіндіріп отырмағандықтан баланың психикасы жеткіліксіз болып қалады. Олар сексуалдық қызығушылығын баса алмағандықтан, өздерін педофилдік жолмен қанағаттандыруға тырысады.

    Қазіргі таңда педофилдердің азғын әрекеттеріне жол бермес үшін, олармен күресу үшін, өз балаларымызды олардан қорғау үшін бізге қандай қоғам қалыптастыру керек?

    Ол үшін біз психологиялық сауатты адам болуымыз керек. Мысалы, қазіргі таңда білімді адам болу үшін көбейту кестесін, Менделеев кестесін білу міндетті секілді базалық арнайы психологиялық сауаттылықты әр адам білуі керек. Сонда ғана кез келген ата-ана, кез келген адам қандай жерде баласын бос ұстау керек не қатал ұстау керектігін біліп, дұрыс тәрбие бере алады. Кез-келген жерде, уақытта тәрбиеге баса назар аударған жөн. Баланы ұрысып, ұрып-тоқпақтап өсіру оған керісінше кері әсерін тигізетінін бәріміздің білгеніміз жөн. Сондай-ақ, айналамыздағы адамдардың да психологиялық тұрғыда тани алуымыз керек», — дейді Серікгүл Сәли.

    Психологтың кеңесін ескерсек, педофилия — емделмейтін кесел. Сонымен қатар, оның қоғамға тигізетін кері әсері де жетерлік. Күн сайын жаңалықтардан кішкентай ғана баланың зорланғанын, сағат сайын педофилдердің азғындық әрекеті туралы шығатын жаңалықтар адамға бей-жай өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Тіпті, әр -ата-ана өз балаларынан бір секундқа көз жазудан қорқатын заманға жеттік. Бүгінде күн тәртібінде тұрған бұл күрделі мәселені түбімен жойып, өз балаларымызға қауіпсіз болашақ сылаймыз десек, мұндай дертпен қоғам болып бірлесе күресуіміз қажет.

    Қорытындылай келе, сөзсіз педофилдерге жазаны қатайту қажет. Оған себеп те жоқ емес:

    • Біріншіден, педофилия — айтып өткеніміздей емделмейтін, адамға бағынбайтын ауру. Ол ауруға шалдыққан адам, бір жасаған әрекетін қайта жасайды. Демек, оларды белгілі бір мерзімге ғана қамап, бұл әрекетін қояды деп ойлау бекершілік.

     

    • Екіншіден, психологтар педофилизмді шизофрениямен теңестіреді. Бұл аталған аурулар психикаға байланысты болғандықтан, ген арқылы одан туылған балаға бұл кеселдің берілуі әбден мүмкін. Сондықтан,  педофилдердердің артынан ұрпақ қалдырған дұрыс па?

     

    • Үшіншіден, 2018 жылы педофилдердің қоғамда қауіп төндіруіне байланысты мемлекеттен химиялық кастрация жасау үшін 9 миллион 629 мың теңге бөлінген екен. Соған сәйкес 2000 иньенкция да сатып алынған. Дегенмен, осы уақытқа дейін 9 миллионның ақталып, бір педофилге химиялық кастрация жасалғанын не олардың азайғандығын көргеніміз жоқ. Тек химиялық кастрация жасау туралы үкімнің шығарылғанын естідік. Ал иньекция салынған бір де бір педофил жоқ. Сонда 9 миллион теңге қайда кетті?  Иә, бұл — өзінше бөлек мәселе. Ал осы аталған химиялық кастрация бүгінгі қоғамда тамырын тереңге жайып келе жатқан қорқынышты дерттен құтылуға септігін тигізді ме? Көрер көзге бәрі де белгілі. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл мәселе көбеймесе, әлі күнге азайған жоқ. Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, химиялық кастрация —  тек уақытша ғана адамның қызығушылығын басады. Ал, дәрінің күші кеткеннен кейін оның бұрынғы әрекетіне қайта баспауына кім кепіл? Дәл қазіргі уақытта бізге іске асатын заң керек, тек бір ауыз айтылып, жерде қалатын «заңмен» халықты қалай қорғаймыз?

     

    • Төртіншіден, қоғамға қауіпті адамды асыраудың қажеті қанша? Мемлекет тарапынан миллиондаған ақша бөлінді, тіпті, өмір бойына бас бостандығынан айырылғанымен, оның тамағы мен жатын орны басқасы бәрібірде мемлекет тарапынан болады. Психолог айтып өткендей, оларды емдеу мүмкін болмаса, сондай-ақ жаңалықтардан байқағанымыздай бір жасаған әрекетін тағы да қайталайтын болса, онда оларды қоғамда қалдырудың маңызы қанша?

     

    • Бесіншіден, педофилдердің кейбір елдерде жазасы — өлім. Мәселен, Мысыр елінде 14 жастағы қызды зорлағаны үшін педофилді ату жазасына кескен. Кейбіреулер үшін зорлық жасау қылмыс болмауы мүмкін. Себебі, бар берер дәлелі ер адамның организміне әкеліп тірейді. Сондықтан, оларды қатаң түрде жазалау адамгершілікке жатпайды. Ал сонда зорлықшылардың, педофилдердің азғындық әрекеті адамгершілікке жатады ма? Кім оз баласын мұндай қиянатқа қияды? Расында осындай мәселеге келгенде неге жазаның ең қатал түрін қолданбасқа?

    Осы тұста бала-шағасының күйін күйттеген ата-аналардан сауалнама жүргізіп көрген болатынбыз. Олардың көпшілігі балаларының болашағына үнемі алаңдаушылықпен қарап, үрей үстінде жүретіндігін айтып, оларды ату жазасына кесуді немесе мүлде механикалық кастрация жасасын деген ойларын жеткізуде.

    Біздің ақпараттық агенттік аталған фактілерді және жуырда ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөніндегі Парламентке және Үкіметке жүктелген тапсырмаларды негізге ала отырып, ата-аналардың алаңдаушылығынан туындаған механикалық кастрацияны енгізу туралы ұсынысын қанағаттандыру қажет деп ойлаймыз.

    Құрметті оқырман қауым, ал сіз механикалық кастрация педофилиядан балаларымызды қорғауға қандай да бір септігін тигізеді деп ойлайсыз ба?

    http://

     

    Фариза Жомартқызы

    қатысты посттар

    «Менің үнімді өшіру үшін арнайы шабуыл жасалмақшы» — Марғұлан Сейсембай

    Халыққа «жаны ашыған» Айсұлтанның желідегі жазбалары, нәтижесінде, ақшаға тірелді ме?

    Атырауда қайтыс болған баланың әкесі жедел жәрдем дәрігерлерін айыптады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    three × 5 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.