Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қорлағаны үшін жауапкершілікті көздейтін бап алынып тасталады.
Қолданыстағы Қылмыстық кодексте «Қазақстан Республикасының тұңғыш президентін – елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзге қолсұғушылық, Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті – елбасының бейнесін бүлдіру, Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің – елбасының заңды қызметіне кедергі жасау» деген 373-бабы бар.
Әділет министрі Қанат Мусин журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, бұл баптың алынып тасталатынын айтты.»Ел президентін қорлағаны үшін жауапкершілік туралы басқа бап бар, ол қалады. Ал елбасына қатысты бөлек бап болмайды», — деді ол.
Сондай-ақ журналистер әділет министрінен президент кезінде жасаған әрекеттері үшін Назарбаевты жауапкершілікке тартуға бола ма деп сұрады.
«Конституция бойынша Қазақстан президенті мемлекетке опасыздық жасағаны үшін ғана емес, басқа қылмыстар үшін де жауапқа тартылады», – деп жауап берді Қанат Мусин.
Конституцияға өзгерістер
Еске салсақ, 5 маусымда Қазақстанда конституциялық түзетулер бойынша бүкілхалықтық референдум өткен болатын. Еліміздің негізгі заңынан «Тұңғыш президент туралы» заңды жою арқылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы ережелер алынып тасталады.
Сондай-ақ қабылданған түзетулерге сәйкес Конституцияның 42-бабынан тұңғыш президентке мемлекет басшысы лауазымына қатарынан екі реттен артық сайлану құқығын беретін ереже алынып тасталады. Ал 46-баптан тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және тиісті Конституциялық заңмен айқындалатыны туралы тармақ алып тасталады.
Өз кезегінде 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырымды және оның елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынады.
Дереккөз: Sputnik.kz