Желіде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың өңір халқымен болған әңгімесінің видеосы тарады, — деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Видео YouTubе-тағы Life.kz арнасында пайда болды.
Кадрда Есік тұрғыны газды модульдік қазандықтардың жоқтығына шағымданды. Әйел ұзақ уақыт бойы сөзін дұрыс саптай алмады.
«Бүгін мені… Мені адам құрлы көрмей, дөрекі сөйлеп тұрсыз. Сөзімді соңына дейін жеткізбей…» — дейді әйел.
«Сіз ұзақ сөйлеп жатырсыз… Мен уақыт барлығына жетсе екен деймін», — деп жауап берді аймақ басшысы.
Есік тұрғыны қалада тек екі модульдік қазандық салынғанын айтып, қалған 15-і жоқ екеніне шағымданып, бюджеттен бөлінген қаражат қайда кетіп жатқанын сұрады. Бозымбаев «резеңке емес» ақша облыстық бюджеттен бөлініп жатқанын жеткізді. Әкімнің сөзінше, өтініштер қаланың түрлі аудандарынан келіп түскендіктен, қаражат кезекпен жетеді.
«Сонымен, бізде газдандыру жұмысы қай жылы аяқталады»- деп сұрады Есік тұрғыны.
«Жай сөйлеңіз. Бұл елдегі барлық облыста бар мәселе екенін білесіз. Сіз аспаннан түскен жоқсыз ғой. Өкінішке қарай, елде азаматтардың 60 пайызы ғана газбен қамтамасыз етілген. Себебі біз әлі толық газдандырылмаған елміз. Сізге де газ келді…» — деді Бозымбаев.
«Міне, осылай қарапайым тілмен жеткізуге болады ғой» — деді Есік тұрғыны әкімнің сөзін бөліп.
Бозымбаев өзінің баяндамасында мұның барлығы айтылғанын жеткізіп, тұрғындарды қырағы болуға шақырды.