-13.1 C
Алматы
Вторник, 24 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ: АҢЫЗ БА, АҚИҚАТ ПА?

    Әлем елдері дамудың тың сатысына қадам басты. Ғаламат қарқынмен алға басқан өндіріс энергетикалық қуаттарды көптеп керек етуде. Ғалымдар бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін оларды өндіретін кәсіпорындардың көмірсутегін жаппай қолданып жатқанына алаңдаулы. Мұның соңы қоршаған ортаның ластануына, жаһандық жылынуға, мұнай мен газға, көмірге тәуелділіктің артуына соқтырады. Ендеше, соған қарсы балама бар ма? Жаңартылатын энергияның артық-кем тұсы қандай? Жаңартылатын энергия көздері дегеніміз аңыз ба, әлде ақиқат па?

    1. ТЫЛСЫМ ТАБИҒАТТЫҢ ТЫҢ КҮШІ

    «Қазақстанда 2030 жылға қарай «жасыл энергия» үлесі күллі энергетика саласында 15 пайызға жеткізіледі».

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

    Республикада жарты жылдан аса уақыт қатты жел соғатын өңірлер бар. Ал, кейбір аймақта он екі ай бойы дауылдатып тұрады. Ендеше, соның күшін электр энергиясын шығаруға пайдалануға бола ма? Немесе оңтүстік облыстарда жазда ауа аса ыстық. Осы орайда күн қуатын тұтынса ше? Іздей білсек, ішкі мүмкіндіктің мол екендігін көреміз.

    КӨНЕ ДИІРМЕН

    Әкеміздің айтуынша, оның бала кезінде ескі Гурьевтің (қазіргі Атырау облысы – Н.М.) тұрғындары бау-бақшаларын суаруға жел диірменін пайдаланады екен. Кәдімгі қаңылтырдан жасалған қаңғалақ жәймен ғана айналып тұрады. Үлкендер көне құбырдың тесігін тығындап әлекболса, кішкентайлар содан атқылаған суға шомылып мәз болатын көрінеді.

    Гурьев, 1954 жыл. Осындай жел диірмені арқылы байырғы атыраулықтар электр энергиясын алған.

    Кейін білдік қой, олар текке орнатылмаған екен. Қазір әлем ғалымдары үлкен жаңалыққа балап, жаңартылатын энергия санап жүрген жел күшін пайдалану өткен ғасырдың орта шенінде жаппай қолданысқа енгізілді. Тіпті, адамдар оны ықылым заманда-ақ күнделікті тұрмыста тұтынған.Қай ғасырдың еншісі екен? Археологтар құм астындағы қалаларды аршыса, жел диірменіне ұқсас кейбір тетіктерді тауып та қалады-ау, сірә.

    Жә, қандай жаңалық болмасын соған қажеттілік салдарынан туады. Егер ескі Гурьевте жел диірмендері сол кездегі жылу-электр орталықтары қуатының шектеулі болуынан пайда болса, қазір көмірсутегін көптеп тұтынуды тежеу керектігінен туындап отыр. Бұдан жетпіс жыл шамасында бұрын көне қалада электр жарығы тұрғын үйлер мен өндіріс ошақтарын қамтудан ауыспайтын. Міне, жұрттың жаппай жел диірмендерін орнатуы сондықтан еді.

    Баламыз ғой, оның құны қаншалықты қымбат-арзандығында шаруамыз жоқ, бірақ сол қарапайым қондырғылар қалалықтардың қажетіне жарайтын. Қазір де осылай табиғат күшін тиімді жұмсап, пайдалы қазбаларға зәруліктің орнын жабуға болатын тәрізді. Бұдан біраз жыл бұрын шаһар сыртындағы жеке тұрғынның жел диірменін қатарға қосу шарасына қатыстық. Бір қарағанда, бұл әркімнің өз шаруасы ғой, сыртты куә ететіндей емес-ті. Ә, жоқ, әлгі жабдықты Біріккен Ұлттар Ұйымының Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша алған екен. Арамызда жүрген көптің бірі соның өкілі көрінеді. Белгілі болғаны, жұртқа жария ету арқылы жоғарыға есеп бермекші екен.

    Жарайды, онда шаруамыз жоқ. Мәселе – әлгі жеке қожалық иесінің жарықпен қамтылуында. Расында да, пайдасын көріп отыр екен. Шілденің шіліңгір ыстығында тоңазытқыш жүріп тұр. «Бұрын телевизор жасамағандықтан немерелерім қаладан шықпайтын еді, енді осында мултфильмдерін қарап отыр», деп күледі алпысты алқымдаған азамат.

    Қуанып қалдық. Дауыс жетер жерде тағы да біраз үй қоңсы қоныпты. Соларға да осындай игілік жасауға бола ма? Сауалымызды әлгі БҰҰ өкіліне жолдағанбыз. Ә, жоқ, үйлеспейді екен. Бастапқысы тегін болғанымен, басқасын сатып алу керек. Жел диірменінің жақсылығын көрген басқаларға қалтасын қағуға тура келеді. «Е, – дегенбіз, – бұл не қылған батпанқұйрық, айдалада жатқан құйрық». Мұнда да өзіміз күнде көріп жүрген жарнама жолға қойылған. Ал, жаңартылатын энергия көздерін шығарушы жабдықтардың бағасы, шынын айту керек, тіпті да арзан емес. Бұл жөнінде сәл кейінірек.

    ҚЫМБАТ ҚОНДЫРҒЫҒА КІМНІҢ ҚОЛЫ ЖЕТЕДІ?

    Атырау облысының Исатай ауданында «ВетроЭнергияТехнология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылғы төртінші тоқсанда жел күшімен энергия алуды жүзеге асырды. Бүгінде Нарын құмының арасында 36 диірмен айналып тұр. Талай жақсы мен жайсаңды өмірге әкелген Манас елді мекенінің іргесінде. Жалпы қуаты – 52,8 МВт. Нысан кәсіпкердің жеке қаражатына салынды. Биыл 220 млн. киловатт-сағат электр энергиясын өндіру жоспарланған. Былтыр 135 938 384, алдыңғы жылы 198 083 315,1 кВт/сағат болған-ды. Көрдіңіз бе, жыл санап қуаты артып келеді.

    Атырау облысының Исатай ауданында «ВетроЭнергияТехнология» ЖШС орнатқан жел диірмендері. Бүгінгі таңда осындай 36 диірмен электр энергиясын тұрақты өндіруде.

    Кәсіпкердің қалтасын тексеруден аулақпыз, бірақ, мемлекеттік қолдау көрсетілгені кәміл. Мәселен, Есептеу-қаржылық орталығымен жасалған шартқа орай шығарылған электр энергиясының тұрақты тұтынушысы табылды. Бизнес иесі өнімін өткізу үшін нарық жағалап жүрмейді. Жаңартылатын энергия көздеріне 2015 жылғы 17 тамызда нақты тариф те тағайындалған. Яғни, 12 пайыздық қосымша құн салығын қоспағанда әр киловатт-сағатқа 25,55 теңге. Тіпті де аз емес. Әйтпесе, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының тарифі табиғи монополияның қызметін реттеу құрылымы арқылы үнемі қадағаланса, мұнда бекітілген баға бұзылмайды. Үкімет тарапынан да қаражат ұсынылады. Яғни, мұндай бастамалар жерде қалмайды.

    Өйткені, мамандардың айтуынша, жаңартылатын энергия көзіне қол жеткізу үшін о баста қыруар қаражат қажет. Жабдықтар құны жоғары болғандықтан бұл бағыттағы жобалар өте қымбат, үлкен инвестиция керек етеді. Мемлекет жаңартылатын энергия көздерінің көптеп қатарға қосылуына қарсы емес. Әйтсе де, соны инвесторлар жүзеге асырғанын қалайды. Ал, олардың жұмсаған қаражатын қайтаруына кепілдік ретінде тұрақты тұтынушы тауып береді.

    Бір қарағанда, тиімді тәсіл. Қазір мемлекеттік-жеке меншіктік нысандар пайда болып жатыр.Міне, соған ұқсайды. Бірақ, бұл ұзаққа созылмайды. Мемлекеттің бизнеске араласуы біртіндеп жойылады десек, келешекте осындай жоба иелеріне өздеріне тұтынушы іздеуге тура келеді. Өніміне сұраныс табылса, тариф саясатын да жеке қалыптастырады. Рас, шамадан шығып кетпес, біраз әрбір сапалы қызметтің құны жоғары болатыны да белгілі. Ал, бір елді мекенде мұндай бірнеше нысан тұрғызылса, кәдімгі бәсекелестік басталады. Баға да өздігінен реттеледі. Нарықтық қатынастар талабы да осы емес пе?

    Жалпы, жаңартылатын энергия көздерін қолдаушылар – өздерінде көмірсутегі жоқ елдер. Бұл шикізат бағасы да әлемде сан құбылып тұр. Оны, әсіресе, Еуропаның шағын мемлекеттері үнемі сатып ала алмайды. Оларға бюджетінен біраз ақша бөлуге тура келеді. Әрі мұнай мен газы бар елдерге үнемі тәуелді болуға тура келеді. Міне, сондықтан бұлар табиғаттың тылсым күшін кәдеге жаратуға көшкен. Осы орайда Германия басқалардан оза шауып, алда келеді. Бұдан бірержыл бұрын республикада сол жақтан күн энергиясы панельдері жаппай әкеліне бастады. Жаңа емес, әрине. Неміс кәсіпкерлері екі-үш жыл пайдаланған соң сатуға шығарған.

    Жамбыл облысының Шу ауданына Германиядан әкелініп, орнатылған күн энергиясы панельдері.

    Қазақстанда алушылар табылды. Бірақ, әлгі қондырғылар қолданысқа азды-көпті жарамды болғанымен, кейін қатардан шыққанда залалсыздандыруы проблема екен. Соңынан жұрттың аптығы да сап тыйылды. Ал, жаңасына тапсырыс беру тым қымбатқа түседі. Осы орайда, соны өзімізде өндіруге болмас па? Бұл – өз алдына бөлек тақырып.

    БАҒАЛЫ БАСТАМА – ОЗЫҚ ӨНДІРІСТІҢ ӨЗІ

    Күн немесе жел күші, әрине, өздігінен энергия шығармайды. Оны өндіру үшін соларды пайдалана отырып қажетті қондырғылар қондырылуы қажет. Міне, осы жабдықтар қымбат саналады. Әйтпесе, ен далада ұйытқыған жел мен тас төбеден күйдірген күн адамдардан ақша сұрамайды. Сайып келгенде, мемлекеттік саясаттың сонылығын танытар тұсы. Егер осындай құралдарды көптеп шығаратын озық өндіріс ошақтары өмірге келсе, онда кәсіпкерлердің қызығушылығы да артуы ықтимал. Ал, бұл өз кезегінде тың кәсіпорындардың қатарға қосылуына оң септігін тигізеді. Сөйтіп, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Артылған жабдықтарды экспортқа шығаруға мүмкіндік туады. Көрдіңіз бе, бір бағалы бастама қаншама игі істерге жол ашқалы тұр. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру қажет екендігін ұдайы айтып отырса, соған қайтарылған жүйелі жауап осы емес пе?

    Жалпы, нарықтың талабы не? Жаңа бизнес қай бағытта дамуы тиіс? Қазақстанда түбі жаңартылатын электр энергиясына оң көзқарас қалыптасады. Республикада 2020 жылы оның үлесі үш-ақ пайыз еді. Ал, биыл алты пайызға көтеру жоспарланды. Көрдіңіз бе, біртіндеп өсіп келеді. Егер елімізде жел диірменін немесе күн панельдерін шығаратын қуатты зауыттар жұмыс жасаса, онда көрсеткіш бұдан да көрнекті болар еді.

    Әйтсе де, «ештен де кеш» жақсы дегендей, осы олқылықтың орнын алда толтыруға толық мүмкіндік бар. Үкімет тарапынан қолдау барын айттық. Тың бастамаға жан-жақты жәрдем жасалмақ. Тек бел шешіп кірісу керек. Оның үстіне, Мемлекет басшысы айтқанындай, 2030 жылға қарай «жасыл энергия» үлесі еліміздің күллі энергетика саласында 15 пайызға жеткізілмек. Бұл – қысқа мерзімде өте жоғары жетістік. Оған негіз де бар. Мәселен, қалпына келтірілетін энергия 2014 жылы 180 МВт болса, 2020 жылы 1650 меговатқа жетті. Он есе көп өсім бар. Былтыр 2000 МВт-ты құраған. Байқайсыз ба, жыл санап артып келеді. Бизнес бұл бағытқа саналы түрде бет бұрды. Егер қазір он ойланып, жүз толғанып жүргендер жедел қимылдамаса, онда ертең кеш қалады. Осындай энергияны өздері шығарушы емес, тұтынушы қатарына қосылады. Нарықта бұларға кеңістік қалмайды.

    Атырау аймағында әзірге мұндай жоба Нарын құмында жұмыс жасап тұр. Оның биік жоталарының басында жыл бойы дерлік жел соғып тұрады. Жергілікті жағдайды жете зерттеген инвестор табиғаттың осы ерекшелігін ескерсе керек. Енді мұндай бағалы бастама Мақат ауданында да жүзеге асырылмақ. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшыларының айтуынша, мұнайлы мекенде де бұған жеткілікті жағдай бар. Шығыстан шыққан жел апталап тұрады. Күннің ыстығы да керемет. Шілде-тамыз айларында 40-45 градустан да асып жығылады. Ендеше, табиғаттың өзі сыйлап тұрған осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Мұнда жел диірменін ғана емес, күн панельдерін де қолдануға болады. Мүмкін сонда іргетасы қаланғанына ғасырдан асқан елді мекендердің электр энергиясына деген сұранысының бір бөлегі өтелер. Ал, қазір олар жарықпен Атыраудан қамтамасыз етіліп отыр. Бұл біраз қымбатқа де түседі. Өйткені, екі аралықтың қашықтығынан жолда жоғалу орын алады.

    Немесе Азғыр аймағы. Сан жылдар бойы кеңестік әскерилер атом жарылысын жасаған жер. Қауіпті қару сынақтан өткізілген өңір. Қазір дүмпу басылғанымен, полигон жете зерттелген жоқ. Бірақ, бір-біріне іргелес шағын мекендерде мыңдаған адам тұрады. Мектебі мен ауруханасы, әлеуметтік нысандары бар. Ал, жарықты ар жағындағы Ресейден алады. О баста жағрапиялық орналасуы жөнінен солармен шекаралас болғандықтан, солай қалыптасқан. Әрине, ортақ одақ кезінде ешқандай мәселе туындаған жоқ. Бүгінде солтүстік көршіміз – бөлек мемлекет. Энергетикалық саясатын да дербес жүргізеді. Өнімін өз қалауынша сатады. Азғырлықтардың облыстың өзге өңірімен салыстырғанда электр энергиясына көбірек ақша төлеп отырғаны да сондықтан.

    Атырау облысының Азғыр аймағы. Бұл ауыл Ресеймен шекарада орналасқандықтан, электр энергиясын көрші мемлекеттен алады. Осыған сәйкес, азғырлықтар үшін жарық құны – қымбат.

    Енді Азғырдағы ауылдарды атыраулық энергиямен қамту қажеттілігі туындады. Энергетикалық дербестік қалыптастыру қажет. Жоба да жасақталып жатыр. Әрине, арзанға түспейді. Сондағы елді мекендер аудан орталығы Құрманғазыдан 300 шақырым шамасында орналасқан. Неше тонна сым тартылып, қанша түйір баған орнатылуы тиіс? Жә, жоба ақыры жүзеге асар. Әйтсе де, осы проблеманы азды-көпті жеңілдетіп, аймаққа жел диірменін немесе күн панельдерін орнатса ше? Соншама қашыққа желі жүргізгеннен арзанға түспей ме? Әрі бұл өңірде энергияны аса көп керек ететін ірі өндіріс ошақтары да жоқ. Жаңартылатын энергия қуаты жарықпен қамтуға жетер еді-ау.

    Қалпына келтірілетін энергия көзінеқызығушылықтың бір себебі де сол емес пе? Шағын ауылдардың сұранысын шұғыл шешуге септігін тигізеді. Тағы айтсақ, 300 шақырым қашықтыққа электр желісін жүргізгенде жолда жоғалатын қуатты ескерген жөн. Бірнеше подстанса орнатуға, оларда жұмыс жасайтын мамандар даярлауға тура келеді. Жергілікті жігіттер болмаса, қиыр шетке бел шешіп ешкім де бармайды. Оның үстіне, аз ғана тұрғындардан түсер коммуналдық төлем жоба құнының жартысын да өтемейді. Ал, тарифті көтеруге мал баққан жұрттың жағдайы жетпейді. Міне, жаңартылатын энергия осы түйткілді тарқатар еді.

    Қорыта айтқанда, адамзат табиғатпен тығыз ғұмыр кешуі керек. Оған қарсы тұрмауы тиіс, керісінше соның тылсым күшімен қатар қайнауы қажет. Қоршаған ортада адам баласы пайдалануына жарайтын нәрсенің бәрі бар. Тек тағылыққа салынбай, соны келісті қолдана білсе, ұтарымыз көп болмақ. Жаңартылатын энергия да – сондай сансыз мүмкіндіктердің бірі. Қазір күллі әлем соған бет бұрған екен, ендеше Қазақстан да қағыс қалмайтыны кәміл.

    P.S. Сонымен, бұл жолы қалпына келтірілетін энергия көздерінің басымдығын баяндадық. Соны барынша пайдалану арқылы экономикада тың бастамалар бар екенін сөз еттік. Сайып келгенде, бұл бағыттың бұрын-соңды болмаған деңгейде белең алуы ғажап құбылыс деуге болады. Адамзаттың ақыл-ойы табиғатпен сәйкестілікті сақтай отырып, оның тылсым күшін өзіне жұмыс жасауға көндірмек.

    Әйтсе де, жаңартылатын энергия көмірсутегі күшімен алынатын қуатты толығымен алмастыра ала ма? Мұнай мен газ дәуірі шынымен түпкілікті біте ме? Енді көмір өндіру мүлдем тоқтатыла ма? Бұл бағыттағы байламдар қандай? Осы орайдағы ойымыз келесі мақалаға арқау болады.

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

    журналист.

    қатысты посттар

    Қызылорда облысында депутаттар ауруханаларға 10 оттегі концентраторын алып берді

    Фариза

    Гүлшара Әбдіқалықова «Қазпошта» АҚ Басқарма Төрағасын қабылдады

    Фариза

    Павлодар облысында мемлекеттің қыруар ақшасына жөнделген мектеп ашылмай жатып қайта жабылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    3 × 3 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.