-11.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Қазақстанда 5 пайыздық ипотекаға қалай қол жеткізуге болады?

    5 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік беретін бағалау көрсеткішінің ең төменгі мәні – 16.

    Баспаналы болу – бір бақыт. Алайда бағасы шарықтап тұрған шаһарларда екінің бірі қалауынша пәтер алып, қамсыз өмір сүріп жатыр деп айтуға келмейді. Тығырықтан шығар бір амал – ипотека. Дегенмен оны да ақылға салып, тиімдісін таңдамасаң, бітпейтін қарыз тұзағына түсесің. Былтыр үй алуды көксеген халықтың көпшілігі Отбасы банкіне жүгінген. Себебі, қаржы құрылымы қолданатын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы ипотека бойынша 3,5 — 5 пайыздық мөлшерлемемен аса тиімді заем алуға болады. Аталмыш жүйені өзге бірде-бір екінші деңгейлі банк қолданбайды. Алайда оның да өз шарттары бар.

    3 жылда – 50 пайыз

    Ең алдымен, депозит ашып, оған кемі 3 жыл бойы қаржы жинау керек. Салымды жинақтау мерзімі артқан сайын пайыздық мөлшерлеме төмендей түседі.

    Екінші шарт бойынша депозитке тұрғын үй құнының тең жартысын, яғни 50 пайызын жинау қажет.

    Ал үшіншісі – аталған екі шарттың жүйелі де дұрыс орындалуын қамтамасыз ету. Ондағы мақсат – бағалау көрсеткішін кем дегенде 16-ға жеткізу.

    Бағалау көрсеткіші – депозит иесінің қаржылық тәртібін реттейтін, оны тұрақты түрде қаржы жинауға ынталандыратын құрал іспеттес. Депозитке бір не бірнеше ай ақша салынбаса, болмаса салған қаржы алдын ала жоспарланған мөлшерден кем түссе, бағалау көрсеткіші де төмен тартады. Ал пайыздық мөлшерлеме аз болуы үшін үш талап қатар орындалуы қажет.


    Оқи отырыңыз: «Шаңырақ», «Ұмай», «Жас отбасы». 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы


    Бағалау көрсеткішін қалай арттыруға болады?

    Депозит ашылғанда Отбасы банк қаражатты тиімді жинау үшін ай сайынғы салым мөлшерін ұсынады. Айталық, ол 100 мың теңге болсын. Бұл қаражатты депозитке ертерек салуға тырысқан жөн. Айдың басында сізде оның жартысы ғана болса, ақшаны түгел салу үшін айдың соңын күтудің қажеті жоқ. Қайта ерте салынған 50 мың теңге бұл аралықта сіз үшін сыйақы жинап, сәйкесінше бағалау көрсеткішін де арттыра түседі.

    Сондай-ақ, «пәтер алуға» деп сақтап жүрген артық қаражатыңыз болса, оны да «жастық астынан» шығарып, депозитке салып қойған абзал. Бұл арқылы да бағалау көрсеткішін ертерек көбейте аласыз.

    5 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік беретін бағалау көрсеткішінің ең төменгі мәні – 16. Ол артқан сайын пайыздық мөлшерлеме де азаяды. Сондықтан, бағалау көрсеткішін ұдайы арттырғаннан ұтарыңыз мол.

    Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

    Отбасы банкінде депозит ашарда алдымен болашақта сатып алуды көздеп отырған пәтердің құнын айқындап алу керек. Бұл алдағы уақытта несие жоспарын жасауға, бағалау көрсеткішін жүйелі түрде арттыруға көп көмектеседі.

    Ал депозитке ақшаны ара-тұра емес, жоспарлы салып отырудың маңызы зор. Мәселен, банк жыл сайын жинақтағы ақшаға жылдық 2 пайыз мөлшерінде сыйақы тағайындайды. Оған қоса, жыл сайын есептелетін бір реттік мемлекеттік сыйлықақы тағы бар. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 716 431 салымшы барлығы 61,7 млрд теңге көлемінде мемлекеттік сыйлықақы алған.

    Бағалау көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, несие бойынша артық төлем соғұрлым азая түседі. Мысал ретінде 15 миллион теңге тұратын пәтерді қарастырайық. Салымшы 3 жыл үзбей, депозитті ай сайын 221 мың теңгеге толықтырып отырды делік. Осы мерзім аралығында депозитке жалпы көлемі 350 мың теңге мемлекеттік сыйлықақы мен 241 мың теңге банк сыйақысы қосылады. Нәтижесінде жиынтық сома 8,5 млн теңгеге жетіп, бағалау көрсеткіші 16-дан асады. Міне, осылайша, несие пәтер алуға жетіспей тұрған 6,5 млн теңгеге рәсімделеді. Несиені 6 жылға алған жағдайда ай сайынғы төлем 104 600 теңгеге, ал артық төлем 1 млн теңгеге тең болады.

    Отбасылық пакетпен ақша жинау тиімдірек

    Отбасы банк мамандары депозит ашуды кейінге қалдырмауға кеңес береді. Егер салымшының банкте бірнеше депозиті болса, онда мемлекет сыйлықақысы солардың тек біреуіне ғана есептеледі. Сондықтан, жыл сайын көбірек сома жинауды жоспарлап отырған салымшылар максималды кірісті сақтау үшін отбасы мүшелерінің атына жеке-жеке депозит ашып, жарналарды біркелгі аударып отыра алады. Сонда олардың әрқайсысына мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады.

    Ал тұрғын үй құнының 50%-ы жиналып, тұрғын үй заемын алу уақыты келгенде (тұрғын үй заемы бойынша мөлшерлеме 3,5%-5%), шоттарды біріктіріп, үй немесе пәтер сатып алуға болады. Бұл мүмкіндік «Отбасылық пакет» деп аталады.

    Пәтер алу үшін ақша жинау реттілігі – отбасы ортақ шешетін математикалық теңдеу іспеттес. Есепті дұрыс шешкеннің жинағы да еселене түседі.

    Дереккөз: Informburo.kz

    қатысты посттар

    «Мектепке жол»: 220 қызылордалық оқушыға көмек көрсетілді

    Фариза

    Қызылорда облысы Нұр-Сұлтанға 100 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелген

    Фариза

    Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп салынады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    four + 6 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.