Павлодар балабақшасында тәрбиеші баланы жалаңаштап, салқын бөлмеге 40 минутқа қамап қойған, — деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Баланың ата-анасы жаға ұстарлық оқиға туралы қызын апаратын балабақшада орнатылған бейнебақылау камерасының жазбасын қарап білген. Олар видеоның бір бөлігін Instagram-да жариялады. Видеода балабақша қызметкерінің жалаңаш баланы ойын бөлмесінен жұлқып алып шыққанын, содан кейін өзі есікті жауып тамақтануға отырғанын көруге болады.
«3 ақпанда менің 1 жас 10 айлық қызымды салқын бөлмеде 42 минут бойы жалаңаш, жалғыз отырғызып қойып, өздері кешкі ас ішкен. Балабақша меңгерушісі тәрбиешінің әрекетін түсіндіре алмады», — деп шағымданды баланың анасы.
Қыздың анасы әуелде видеоны басқа мақсатпен қараған. Ол бір күн бұрын балалардың іші өтіп ауырғанын естігеннен кейін баласын қалай тамақтандыратынын білгісі келіп видеоны көрмек болған.
Жекеменшік балабақша директоры Елена Данковская бос еместігін алға тартып, жағдайға қатысты пікір білдірмеді. Ол мектепке дейінгі мекемеде анықтау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
«Видеода барлығы бар, шара қолданылды. Тәрбиеші мен күтуші шағымнан кейін бірден жұмыстан шығарылды», — деді Данковская.
Павлодар қаласының білім бөлімі де оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Шағым 7 ақпанда кешке түскен. Балабақша жекеменшік. Дәл осындай шағым қалалық прокуратурада да бар. Бұл факт бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр», — деп түсіндірді Павлодар қаласының білім бөлімі өкілдері.