18 жылға сотталған Атабек 15 жылдан кейін босатылды. 24 қарашада ол 68 жасында қайтыс болды
шкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев қоғам белсендісі, ақын Арон Атабектің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Sputnik.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгін сенатта журналистер ішкі істер министрлігінің өкілінен не себепті Атабектің денсаулық жағдайы ескеріле отырып, ертерек босатылмағанын сұрады.
«Осы сұрақтың көтеріліп жатқанына көп болды. Арон Едігеев (Атабек) 2006 жылы 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол адам өлтіру және кепілге алу қылмыстары үшін сотталған болатын. 2019 жылдан бастап барлық медициналық тексерістен бас тартты», — деді комитет төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, барлық түрмеде жыл сайын профилактикалық тексеріс жүргізіледі. Мекеме қызметкерлері Атабектің қатты арықтап кеткенін байқап, медициналық тексерістен өтуге ұсыныс жасаған. Бірақ ол бас тартыпты.
«Біз туған-туыстарын шақырдық. Олар да сөйлесті. Қоғамдық бақылау комиссиясы әңгімелесті. Бірақ Атабек келіскен жоқ», — деп атап өтті Аюбаев.
Биыл 22 қыркүйекте Арон Атабек Павлодар қаласының ауруханасына жеткізілген. Сол жерде медициналық тексеріс жасалды. 1 қарашада Павлодар қалалық соты оны қамау мерзімін қысқартып, бостандыққа шығаруға шешім қабылдады.
Арон Атабек түрмеде не үшін отырды
Арон Атабек тіркелмеген «Алаш» партиясының төрағасы (1990) болды, «Алаш», «Хақ» газеттерін шығарды.
Оған 2006 жылы Алматының «Шаңырақ» шағын ауданында адамды кепілге алды, полиция қызметкерін өлтірді және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыптар тағылған. Атабек кінәсін мойындамады. Алматы қалалық сотының 2008 жылғы 5 қазандағы үкімімен ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды – жазаны өтеу мерзімі 2006 жылдың 17 шілдесінен бастап есептелді. Ол жазасын 2024 жылдың 16 шілдесіне дейін өтеуі керек еді.
2021 жылдың қазан айында медициналық комиссия оның айықпас дертке шалдыққанын анықтаған, бұл оны түрмеден босатуға негіз болды.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түрі – пробациялық бақылау орната отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеумен ауыстырылды.
2014 жылдың сәуір айынан бастап Арон Атабек Павлодардағы тергеу изоляторында отырды.