9 C
Алматы
Воскресенье, 17 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Таразда «Көше күні» шарасы өтуде

    Өңірде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүзеге асқан іс-шаралар аз емес. Тарихтың темірқазығына айналған Тараз шаһары бүгінде күн өткен сайын көркейіп келеді. Әсіресе соңғы жылдары баянды бастамалар жемісін беріп, нәтижесінде көз тартатын нысандар бой көтерді. Тіпті көне қаланың ортағасырлық сәулетін айшықтайтын орындар пайда болды. Осылайша шаһар өзінің «тарихи қала» деген атына сай қалыптасып келеді.

    Қаламыздағы көше тарихын тұрғындарға насихаттау мақсатында қолға алынған «Көше күні» жобасының да тараздықтар үшін маңызы бөлек. Себебі отыз жылдық белесте ономастика саласы мамандарының ықпалымен қала көшелері зерделеніп, басым көпшілігі тарихи атауымен қайта аталды. Ел тарихында ұлт үшін қызмет еткен ұлы тұлғалардың есімі жаңғырды. Осынау тарихы маңызы бөлек жобаның қолға алынуына «Сіз қай көшеде тұрасыз? Көшеңіздің атын білесіз бе?» деген сауалнама түрткі болған екен. Яғни қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мамандары қала тұрғындарының тұрғылықты мекен-жайын жақсы білгенімен, көше аты берілген тұлғалардың еңбегінен, бұрын кім болғанынан хабарсыз екеніне көз жеткізген. Осы тұста қала әкімдігі сол көшелерді жұртшылыққа насихаттап, жастардың танымын арттыруға басымдық беріп отырғаны қуантады. Әсіресе қала тұрғындары үшін тың жобаның облысқа есімі берілген, сегіз шақырымнан асатын шаһардағы ең ұзын даңғыл саналатын Жамбыл бабаның атындағы көшеден бастау алғаны ұтымды шешім болғаны рас. Тіпті іс-шара барысында тұрғындар көшеге Жамбыл Жабаевтың есімі 1984 жылы қалалық атқару комитетінің шешімімен берілгенін біліп таңдай қаққан-ды. Шарада «Домбыра» стеласының алдына сахна құрылып, ЛЭД экраннан Жамбыл Жабаев туралы бейнематериал көрсетілді. Ал киіз үйдің маңында спорттық іс-шаралар өтсе, «Көне Тараз» фольклорлық ансамблі нақышына келтіріп күй орындады. Сондай-ақ концерттік бағдарлама барысында Жамбыл Жабаевтың образын сомдаған әртіс көпшілікті таңғалдырса, тараздықтарға белгілі, әйгілі «Тараз» триосы «Жамбыл сарыны» әнін нақышына келтіре шырқады.
    Облыс орталығында апта сайын ұйымдастырылып жатқан «Көше күні» туралы қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева толығырақ айтып берді.

    «Көше күні» жобасы аясында көше тарихы туралы сауалнамалар жүргізуді дұрыс деп таптық. Себебі тұрғындар басқа-басқа өз көшесінің тарихын білуі керек деп ойлаймын. Оның үстіне өткенге көз тастасақ, қаладағы көшелердің басым бөлігі өзінің тарихи атауын алды. Іс-шарада кітап және қолөнер бұйымдарынан жинақталған көрме, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Алғашқыда Жамбыл атындағы руханият орталығында Жамбыл бабаға арналған көрме ұйымдастырған едік. Бірі білсе, бірі білмейтін шығар, бірақ облыста Жамбыл бабаның аты берілген 83 көше, бір аудан, үш елді мекен, бір даңғыл, бір кітапхана және он мектеп бар. Жобаны облысқа аты берілген Жамбыл баба атындағы көшеден бастауымыздың да түпкі маңызы осы, – дейді бөлім басшысы.

    Сонымен, өткен сенбіде «көше күні» Шалғай Қарасу алқабы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшеде ұйымдастырылды. Бағыты бөлек іс-шараға тұрғындар қызығушылық танытып, белсене қатысты. Алашорда үкіметінің мүшесі, ұлт жанашыры, ақын, түркітанушы, публицист Ахмет Байтұрсынұлы туралы білмейтіндер кемде-кем шығар. Десек те қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары әдеттегідей Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы сауалнама жүргізді. Бұл күні аталмыш көшеге сахна алаңшасы қойылып, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқады. Ал Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері Ахмет Байтұрсынұлының образын сомдап, көрерменді тәнті етті. Бұдан соң тұрғындар ұлт жанашырының кітаптары тізілген көрмені тамашалады.

    Айта кетелік, бұған дейін «көше күні» «Құмшағал» алқабындағы Бейбарыс Сұлтан, «Қызыл-абад» шағын ауданындағы Мұқағали Мақатаев, және «Қайнар» алқабындағы Қожа Ахмет Ясауи көшесінде өтті. Енді осындай маңызы бөлек іс-шара келер аптада «Арай» алқабындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы көшеде ұйымдастырылмақ.

    қатысты посттар

    Шымкенттіктер мақтааралдықтарға киім-кешек пен қажетті заттар жіберді

    Фариза

    Бердібек Сапарбаев «Тараз» кәсіпқой волейбол клубын жеңісімен құттықтады

    Фариза

    Шымкенттік ғалымдар ауыл шаруашылығы саласында ақылды технологиялар дайындап жатыр

    Фариза

    Пікір қалдыру

    13 − 11 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.