ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, қызмет бабында қаза тапқан полиция аға лейтенанты Ерғали Сәкеновпен «Халық қаһарманы», полиция капитаны Ғазиз Әбдібекұлы Байтасовты еске алу мақсатында Талас ауданы, Қаратау қаласында орналасқан Денешынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттық іс-шаралар өткізілді.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев ұйымдастырылған іс-шараның тағылымдық мәнін ерекше атап өтті. Турнирдің ашылу салтанатына полиция ардагерлері Сабыржан Байжанов, Нұрлыбай Айтжанов қатысты.
Ұйымдастырылған спорттық іс — шара кермеге тартылу, гір көтеру, арқан тарту, кіші футбол сынды спорт түрлері бойынша өткізілді.
Батырлар ерлігін ұлықтаған жарыста 4 команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Жалпы командалық есепте 1-орынды Жол патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлерінен құралған команда иеленді. 2 – орынды № 1 учаскелік полиция инспекторларының командасы жеңіп алса, 3-орын № 2 учаскелік полиция инспекторларының командасына бұйырды.
Жекелеген сайыстар бойынша кіші футболдан 1 — орынды Жол-патрульдік полиция командасы, 2 — орын № 1 учаскелік полиция инспекторларының командасы және 3-орынға № 2 учаскелік полиция инспекторларының командасы жайғасты.
Арқан тартудан 1 — орынды Жол-патрульдік полиция командасы, 2 — орын № 2 учаскелік полиция инспекторларының командасы, 3-орынды № 1 учаскелік полиция инспекторларының командасы алды.
Кермеге тартылу бойынша 1-орын иегері Мұса Сағындық атанса, 2-орынға Әбілдаев Асхат, 3-орынға Құрман Дастан жайғасты. Гір көтеру бойынша 1-орын Тазабек Мақұлбек, 2-орын Құрман Дастан, 3 – орынға Наймантай Сұлтан марапаттау тұғырына көтерілді.
«Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аға ұрпақтың, бүгінгі күннің батырларының ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығы сөзсіз.
Жалпы, осыдан он жыл бұрын 12 қараша күні Таразда қызметтік борышын орындау кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов көз жұмған болатын. Ол гранатамен қаруланған террористті өз денесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. Жыл сайын бұл күні Халық Қаһарманының жерлестері батырдың ерлігін еске алып, рухына тағзым етеді.
Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Мұрат Баймұқашевтың, Жамбыл облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовтың, батырдың туыстары мен ішкі істер органдарының ардагерлерінің қатысуымен дәстүрлі еске алу шарасы өтті.