-4.1 C
Алматы
Воскресенье, 24 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Ж.Жабаев – 175 жыл: Жамбылда халықаралық конференция өтті

    Ақын ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым ету рәсімінен басталған «ҰЛЫ ДАЛА АҚЫНЫ» атты халықаралық конференцияға ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, елімізден және Қырғыз Республикасынан белгілі жазушы, ғалымдар, жамбылтанушылар, депутаттар мен ақын ұрпақтары барлығы 150-ге жуық адам қатысты.

    ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев шараның маңыздылығын баса айтты.
    Жамбылдың өнегелі өмірі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қызмет қылудың озық үлгісін айшықтайды.

    «Жамбыл менің жәй атым, Халық – менің шын атым»,- деп жырлаған Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімі қазақпен бірге мәңгі жасай береді. Ұлы ақын әрдайым жұртының жанынан табылып, қамын жеді. Ел басына күн туған сәтте жалынды сөзімен көпшіліктің рухын көтеріп, жігерін жаныды.Қос ғасырда ғұмыр кешіп, талай аумалы-төкпелі заманның куәсі болған абыз бабамыз ешқашан адамдықтың асқақ биігінен төмендемеген.Қоқан бектерінің де, Патшалық Ресейдің де, Кеңес үкіметінің де екпінінен ықпай, әрдайым қалың қазақтың сөзін сөйлеуі Жамбылдың тек ақын емес, азамат ретіндегі тау тұлғасын аңғартады. Дала данагөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әрбір адамға үлгі-өнеге – деді Д. Абаев.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы – жұртының дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгі тілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті. Біз бүгін абыздарымызға арман болған азаттықтың айшықты белесіне шығып, бабалар мирасын дәріптеп отырмыз. Байыптап қарағанға бұл – тарихи сәт — деп атап өтті ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

    Конференция барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұлғаның 175 жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан ауқымды шараларға жан-жақты тоқталды.

    Елімізде ақын атымен аталатын бір ғана облыс бар. Ол – Жамбыл облысы. Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде де адам атымен аталатын, облыс, қалалар санаулы.
    Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімін еншілеген өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, рухани-мәдени саласында да оң өзгерістер, атқарылып жатқан ауқымды шаруалар аз емес. Солардың бірқатары ұлы жыраудың 175 жылдық мерейтойына арналды.
    Жамбыл облысында ақын есімі берілген 1 аудан, 3 ауылдық округ, 3 елдімекен, 1 даңғыл мен 83 көше, 10 мектеп және 1 кітапхана бар. Сондай-ақ, өңірде тұлғаның құрметіне барлығы 8 ескерткіш орнатылған.
    Жыл бойы арналып 784 іс-шара өтті. Мұның бәрі ақын есімін кейінгі ұрпаққа лайықты түрде танытып, оның рухани өміршең мұрасын кеңінен насихаттау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана,-деді аймақ басшысы.

    Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келген ұлы жыраудың мерейтойына орай ұйымдастырылған тағылымды шараларға тоқталды.

    Филология ғылымдарының докторы, академик, жамбылтанушы Қалижан Уалихан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ғасыр жасаған абыз ақынның шығармашылық қуаты, шетелдің әдебиет майталмандарының жоғары бағасы туралы тілге тиек етті.

    Біз – батыры да, ақыны да бар елміз. Біздің қазақтың мықтылығы сонда. Әлемдегі ең биік таудың бірі Алатау болса, әлемдегі ең ұлы ақындардың бірі – Жамбыл Жабаев. Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктеткен. Сондықтан Алатау десек Жамбыл бабамыз еске түседі, Жамбыл десек Алатау көзге елестейді.
    Біз Жамбылдың заңғар мұзтауын әлі терең зерттеп болған жоқпыз деп есептеймін.

    Жамбыл жырлары кезінде әлемнің 160 тіліне аударылып, жарық көрген,-деген Ұлықбек Есдәулет шетелдік жазушылар Жамбылды ХХ-ғасырдың Гомері деп бағаланың айтты.

    Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп пен Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, жазушы-драматург Елен Әлімжан, мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Ж.Жабаевтың шөбересі Мұратхан Жамбылов өз кезегінде тұлғаның қазақ әдебиетіне қосқан орасан үлесі, айтыскерлігі мен кемеңгерілігі туралы тебірене сөз қозғады.

    Қырғызстаннан келген Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері Келдібек Қойлыбаев пен ақын, «Манасшылар» театрының директоры Азиз Бимырза екі елдің әдеби-мәдени байланысындағы Жамбыл Жабаевтың рөлін айрықша атап өтті.

    Басқосу барысында қатысушылар Жыр алыбы туралы тың мәліметтермен бөлісіп, шығармашылығын тереңірек зерттеу, келешекке ұрпаққа лайықты насихаттау бойынша бірқатар ой-ұсыныстарын ортаға салды.

    «Жамбыл жырау» атты кітаптың тұсауы кесілді. Оған Қырғыз Республикасының Ұлттық Ғылыми Академиясы мен Кітапханасының архивтерінен табылған, бұған дейін баспа бетін көрмеген, ғылыми айналымға түспеген тың Жамбылдың қырғыз ақындарымен айтыстары, арнау өлеңдері, көрші ел ғалымдарының тұлға жайындағы зерттеулері топтастырылған.

    қатысты посттар

    Ермак Сәлімов Семей қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарламасын таныстырды

    Б.Сапарбаев: Мердігерлер жергілікті өндіріс тауарларын пайдалануы тиіс

    Фариза

    Облыс әкімі құрылыс-жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    seventeen − four =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.