11 C
Алматы
Среда, 6 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Жуалыда сүт кластерін дамыту жолға қойылған

    Жуалы ауданында өндірілетін сүттің көп бөлігін «Бурное сүт компаниясы» ЖШС өңдеп отыр. Кәсіпорын жыл басынан бері 10 405 тонна сүт өңдеп, одан 822 тонна қатты ірімшік, 30 тонна сары май, 6 245 тонна ультра жоғары пастерленген сүт өндірген.
    Бұлар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларымен қатар, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және батыс өңірдегі қалаларға жөнелтіледі. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Саратов, Самара қалалары, Алтай өлкесіне және Мәскеу облысында да жоғары сұранысқа ие.

    Серіктестік директоры Сыбанбай Арыновтың айтуынша, зауыттың сүт қабылдау мүмкіндігі тәулігіне 100 тоннаға дейін жетеді. Алайда кәсіпорын оның тек 30-40 процентіне ғана қол жеткізіп отыр. Ауданда сауылған сүт Б.Момышұлы ауылындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-мен қатар, басқа да сүт өңдеу цехтарына өткізіледі.

    «Біздің ұжым мемлекет міндеттеп отырған үдеден әрдайым шығуға бар күш-жігерлерін салуда. Дегенмен, қазіргі таңда білікті кадрлар жетіспейді. Кәсіпорын жұмысын ілгерілетуге инженер, кипавтоматика маманы, оператор, электрик, микробиолог, лаборант керек. Бұл мәселені жастардың ауылға келіп жұмыс істегісі келмейтіндігімен байланыстырып отырмыз. Әйтпесе мұнда жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгені құрайды», — дейді ол.

    Зауыттың негізгі шикізаты сүт болғандықтан, оны қажетті сүтпен толықтай қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бері бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай ауылының маңындағы бұрынғы ферманың орнынан 800 бас сауынды сиырға арналған заманауи сүт тауарлы фермасының құрылысы басталды. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қазіргі таңда ауылдық округ маңынан егістік жер алу мәселелері пысықталу үстінде екен. Бұл – ең алдымен мал азығы базасын құруға үлкен мүмкіндік бермек. Құрылыс аяқталған соң мұнда асыл тұқымды сиырлар әкелінеді. Бұл жоба өз кезегінде зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді.

    «Биыл Бурное сүт компаниясының құрылғанына 70 жыл толады. Бұл – кәсіпорын үшін үлкен айтулы белес. Зуыттың жұмысын ілгерілету мақсатында бірқатар жоба-жоспарларды қолға алып жатырмыз. Жұмыстың ауқымы да кеңейіп, қосымша жұмыс орындары да ашыла бастады. Бізге кәсіби мамандар жетіспейді. Биылдың өзінде біз аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына 11 бос орынға жұмысшылардың қажеттілігі жөнінде өтініш бергенбіз.

    Былтыр кәсіпорын ішінен құрт цехы іске қосылды. Жалпы зауытта қатты ірімшік, май, құрт шығаратын және сүт құятын төрт цех бар. Жұмысшыларға айлық жалақыдан бөлек, заңды түрде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру және зейнетақы жарналары тұрақты аударылады. Басқа да әлеуметтік көмектер жасалады. Зауытқа ең керегі – сүт шикізаты. Оны біз шаруалардан жоғары бағада қабылдаймыз»,- дейді С.Арынов.

    Зауыттың жанында ұзақ жылдан бері фирмалық дүкен жұмыс істейді. Мұнда кәсіпорын өнімдері ешқандай алыпсатарлардың араласуынсыз, өз бағасымен саудаланады.

    қатысты посттар

    ШЫМКЕНТ: 7 АЙДА 135 МЫҢНАН АСА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН

    Фариза

    ШЫМКЕНТТЕ «ҚҰС ТҰМАУЫ» АУРУЫ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

    Фариза

    Шымкент қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    8 − 3 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.