Пятница, 27 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Таразда жеті инвестициялық жоба іске асырылуда

    Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады.

    Өткен жылмен салыстырғанда қалада өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өндірісі, негізгі капиталға салынған инвестициялар, тауар айналымы және тұрғын үй құрылысы көлемінің өсуі байқалады.

    Жыл басынан бері қаланың кірісі 110,8 пайызды құраған. 2021-2022 жылдары жалпы құны 17,8 миллиард теңгені құрайтын жеті инвестициялық жоба іске асырылуда десек, олар бойынша 1044 жаңа жұмыс орны ашылуда. Биылғы жылы қаланың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде қаланың 280 көшесіне су келсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 105 көшеге артық. «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында 42 жаңа нысан пайда болған.

    Қала әкімінің баяндамасын мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев кейбір маңызды әлеуметтік нысандар құрылысының кешіктіріліп жатқанына назар аударып, мердігерлер осы уақытқа дейін №22 және №31 орта мектеп ғимараттарын неге пайдалануға бермегенін сұрады.

    Қаржыны уақытылы бөлдік. Мектептер оқу жылының басында ашылады деп келіскенбіз. Жобалық-сметалық құжаттама жарты жыл бойы дайындалды. Тұрғындармен кездескенде олар мектептердің қашан ашылатынын сұрайды. Себебі неде? Неге мердігерлерді жауапқа тартпайсыздар? Бұл Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Қауіпсіз мектеп» жобасына да қатысты, — деді Бердібек Сапарбаев.

    Сондай-ақ, облыс әкімі «Жомарт түлек» және «Мейірім» жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстар нашар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Аймақ басшысы халықты вакцинациялау жұмыстарын да сынға алды.

    Облыс әкімі «сақалды» құрылыс мәселелерін шешуге тапсырма берді. Қалада осындай 35 нысан анықталған болатын. Өткен жылы олардың алтауының, ағымдағы жылы сегізінің құрылысы аяқталды. 14 нысан бойынша іс сотқа жолданған.

    Жабайы сауда орындарын ретке келтіру керек. Базарларды қайта реттеп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. «Ауыл береке» базарындағы бей-берекетсіздік қашан қалыпқа келеді? ТЖ Департаментімен бірге өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтіңіздер. Санитарлық талаптардың сақталуын да қадағалаңыздар. Ол базарға күн сайын мыңдаған адам барады, — деді Б.Сапарбаев.

    Жиынды қорытындылай келе, өңір басшысы облыстың дамуы көп жағдайда Тараздың дамуымен байланысты екенін атап өтті.

    «Жомарт түлек» жобасының берер мүмкіндігі мол. Оны жемісті жүзеге асыру үшін жерлестерімізді барынша тарту керек. Облыстық басқармалардың басшылары қалалық бөлімдермен бірлесіп жұмыс істегені маңызды, — деп тапсырды Б.Сапрабаев.

    Аймақ басшысы бюджеттің игерілуін қадағалауды және маңызды әлеуметтік нысандар құрылысының мерзімін белгілей отырып, мердігерлерге нақты шарттар қоюды тапсырды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді әлеуметтік нысандар салуға тарту қажеттігін атап өтті.

    Облыс әкімі тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру, туризмді дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

    қатысты посттар

    Қызылорда: Тереңөзек кентінде санитарлық нормалар ережелерінің сақталуына қоғамдық бақылау жүргізілді

    Фариза

    Қызылорда: Сырдариялық оқушылар электронды құрылғымен қамтылды

    Фариза

    Семейде көлік колледжі 90 жылдық мерейтойын атап өтті

    Пікір қалдыру

    thirteen + three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.