-0.1 C
Алматы
Пятница, 8 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    «СУСЫН» ҮШІН СОТТАЛЫП КЕТЕ ЖАЗДАҒАНБЫЗ немесе ана тіліміздің дамуына кедергі кімдер?

    Қазақ – тілімен дауын шешкен, осы тілінде ұрандап жауын жеңген, сан ғасырлар ұрпағын ана тілінде тәрбиелеп келе жатқан халық. Бірақ, солай бола тұра, еліміз егемендік алғанына 30 жыл толса да, ардақты ана тіліміз өзінің заңды тұғырына қона алмай отырғаны өзегіңді өртейді.

    «Тіліңді ұмыту – тегіңді ұмыту»

    Корейлердің «Кальмар ойыны» («Squid Game») деген атақты дорамасы бар. Осы жылдың басты жаңалығы. Кино әлемін дүр сілкіндірген, атағы жер жарып, рейтингі аспандап тұрған туынды. Бүкіл әлем өліп-өшіп көріп, талқылап, «шедеврге» балап жатқан осы сериалда басты кейіпкер Сон Ки Хун мен анасының тіл туралы диалогы бар. Өмірде жолы болмаған, құмар ойынның кесірінен қарызға белшесінен батып, құр сүлдерін сүйретіп отырған кәрі шешесінің мойнына «мініп» отырған Ки Хунды анасы жерден алып, жерге салады. Кейуана ұлынан ажырасып кеткен келіні жалғыз немересін алып, екінші күйеуімен бірге Америкаға көшіп бара жатқанда оның шарасыздығына қынжылады.

    – Қызың Ка Ён басқа мемлекетке көшіп бара жатқанда, қалай ғана түк болмағандай тамақ ішіп отырасың? – деп жылайды анасы. – Немеремніңтуған жерінде қалуы үшін бірдеңе жасауың қажет!

    – Сонда не жасай аламын, апа? Оның шешесімен баяғыда ажырасып кеткенбіз. Сот қызымды шешесінде қалады деп шешкен, – дейді ұлы.

    – Мен бұл туралы заңды білетін көршіммен ақылдасып көргенмін. Оның айтуынша, егер әкесінде қызын бағып-қағатын мүмкіндігі болса, оны дәлелдей алса, онда қамқоршылықты оған береді екен.

    Мұны естіген ұлы үнсіз қалады.

    – Сен естіп отырсың ба мені? Ол Америкаға кетсе, не болатынын білесің бе өзі? Ол өзінің ана тілін – корей тілін ұмытатын болады! Сенімен қазіргідей өз тілінде сөйлесе алмайды! Сен ол үшін бөтен адам боласың! Немерем мені, менің сөйлейтін тілімді түсінбейтін болады! Ана тілін ұмытса – бәрін ұмытады деген сөз! Сен бұдан былай қызыңнан алыста өмір сүруге дайын екеніңе сенімдісің бе?! – деп анасының еңірегенде етегі жасқа толады.

    Қарап отырсаңыз, қарапайым ғана екеуара әңгіме. Бірақ, тыңдаған адамды бей-жай қалдырмайтын диалог. Жүрегіңді шымырлатпай қоймайды. Санаң болса, кәрі анасымен бірге қосылып жылайсың.

    Осы сериалды көрген 80 жастағы корейдің атақты жазушысы Ким Сын Ок: «Бұл сериалды көргеннен кейін бала-шаға, немерелеріммен тек корей тілінде сөйлесетін болдым. Бұрынғыдай ана тілімізге ағылшынша қосып, шұбарлауды доғардым» деп жазыпты.

    Сериалдың басты оқиғасы да, алдына қойған мақсаты да тіл туралы емес. Түрлі себептермен қарызға батып, ақшаға мұқтаж болған 456 адамның тағдыры жайлы. Бірақ, сериалдағы анасы мен баласының диалогына құрылған осы эпизод санаңа сілкініс жасап, өзіміздің ана тіліміз – қазақ тілі төңірегінде көптен бері көкейімізде жүрген іштің шерін қозғап жіберді.

    Бұл эпизодты көріп отырғанда, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның маған берген бір сұхбатында: «Тіліңді ұмыту – тегіңді ұмыту» деген сөзі еріксіз есіме оралды.

    Ақынның: «Біздің бүгінгі қоғамымызда кейбір келеңсіз жағдайларды туғызып отырғандар – ананың тілінен нәр алмағандар. Шындығында, өзтіліңді ұмыту өз тегіңді ұмытумен пара-пар. Біздің кеше де, бүгін де «тіл, тіл» деп жалықпай айтып жүргеніміздің тегін еместігін түсінетін уақыт жетті, тіпті, асып та кетті. Тілімізді құрметтеу арқылы біз бәріне жетер едік. Егер біздің барлығымыз өз ана тілімізді жақсы білсек, барлық нәрседен тек ұтар едік. Сөз түсінбегенді «көргенсіз» дейміз, «мынау сөз ұқпайды» екен дейміз. Міне, сол көргенсіздіктің бәрі өз тілін білмегеннен кетіп жатыр. Мен, әрине, өзге тілде сөйлегеннің бәрін көргенсіз демеймін, бірақ, қоғамда кетіп жатқан көп қателіктің басты себебі – өз тамыры мен тілін білмеуден болып тұр. Тіл болмаған жерде ұлттың тәрбиенің айқсайтыны анық. Содан да қызымыз баласын далаға тастап, керемет соқталдай жігіттеріміз үй болып, өз ұясына қорған бола алмай жүр. Кейде кейбір замандастарым: «Қазақ мектебінде білім жоқ, басқа тілде оқытсақ баламыз білімді болады» деп айтып отырады. Айналайын-ау, ана тілін, өз ата-бабаңның қасиеті мен қадірін білмеген балаңнан не күтесің? Сыланып-сипанып Америкаға, Англияға барып келер. Қазақты менсінбей, ана жерде бөлек ыдыстан тамақ ішіп, бөлек жүреді. Сөйтіп, қыз күйеусіз қалады. Жігіт барып басқа ұлттан әйел әкеледі, тұқымын құртады. Осыны халқымыз, ертеден насихаттады, астыртын айтты да. Өзге тілмен келген тәрбие – өгей бала тәрізді. Басқа ұлттың мінез-құлқын алған балаң ол ұлтқа қосылмайды, ол ұлт та оны бауырына баспайды. Есейе келе, «можно, я по русский» деп тұрғанды қазақша топ қабылдамайды, орыс оны қажетсінбейді. Бірінші сол бала қиналады. Білімділік деген ең алдымен – парасат. Сол парасат негізі – мектеп. Ақылы бар ма, ана тілінде оқыды ма, негізгі түпкі тәрбиені алды ма, сонда ғана ол азамат болады. Қазақша айтқан: «Мейірімді бол, ұлтыңа қызмет ет, ақылды бол, ала жіпті аттама, ұрлық жасама» деген сөздерді ұққан баладан ғана үміт күтуге болады» деген пікірі әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ.

    Сол Ақұштап ақынның кенже қызы Таһмина кішкентайында анасына: «Мама, сіз жоқта біздің үйге өзі қазақ, ауызы орыс апа келіп кетті» дегенекен.

    Біз «кішкентайында» деп отырған Таһминаның өзі бүгінде ана. Жақында «әже» атанғалы жүр. Бірақ, біз қанша уақыт өтсе де, көшеге шықсақ әлі күнге дейін өзі қазақ, ауызы орыстармен сөйлесіп қайтамыз.

    Қазаққа қазақша ауыз қашан бұйырар екен?!.

    «Өз елінде отырып өзінің тілін жоқтаған сорлы ұлт біз ғана»

    Әңгімеміз корей сериалынан басталды ғой. Сол Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулге оқуға барғанымызда, ондағы мектептер мен оқу бағдарламасын көріп, ауызымызды «ашып» қайтқанбыз. «Таңғы шық елі» атанған мемлекеттің мектептері «бастауыш мектеп», «ортаңғы мектеп», «жоғары мектеп» болып үшке бөлінеді екен. Бір таңғаларлығы, бастауыш мектепте тек корей тілі мен корей тарихын ғана оқытады. Оқу бағдарламасы ұлтқа, оның тілі, тарихы, салт-дәстүріне қатысты 5-6 пәннен ғана тұрады. Басқа пәндермен, өзге тілмен баланың санасын уламайды. Егер балаңызға ағылшын тілін үйреткіңіз келіп бара жатса, репетитор жалдап, үйіңізден оқыта бересіз. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ, алғашқы білімді міндетті түрде өзінің ана тілінде алуы керек. «Дүниені, әлемді туған тілінде тануы қажет» деген жазылмаған қағида бар оларда. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, «бастауыш мектеп» бірінші мен бесінші сыныптың аралығын ғана қамтиды. Алтыншы, жетінші, он бірінші сынып деген атымен жоқ. Бастауыш мектепті үздікке бітірген соң барып, оқуыңызды ортаңғы мектепте жалғастырасыз.

    Корейлердің біресе сериалын, біресе мектебін айтып, идеологиясын тықпалап отырғанымыз жоқ. Асыра мақтаудан да аулақпыз. Біздікі – туған тілін қастерлеуді, ана тіліне мән беруді солардан үйренсек деген ниет қана.

    Сол секілді, жапондарда «Ана тілін білмеген адамнан қорқу керек» деген қанатты сөз бар. Шындығында солай. «Мен өз тілін білмеген адамнан қорқамын» дейтін жазушы Мағира Қожахметова апамыз. Қазақ халқының тарихында бір кездері сондай кезеңнің болғаны рас. Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебінің қалғаны – осының дәлелі. Корейлер жаһандану кезеңінде елінде жаппай ағылшын тілі белең алып бара жатқан соң, амалсыздан сондай қадамға барған. Себебі, баланы өзге тілге оқыту арқылы оның дүниетанымы да өзгереді екен. Байқасаңыз, еврейлерден шыққан ойлылар көп. Оларға кішкентай кезінде Чуковскийді оқытады. Ол кіп-кішкентай балаға «жан-жануардың өз дауысымен сөйлегені дұрыс екен» деп айтады. Қарға қарқылдау керек, ит үру керек деген сияқты. Ал мысыққа үрген, итке мияулаған жараспайды. Немесе тауықтың бауырында өскен қыңыр үйрек, бәрібір үйрек боп ұшып кетеді ғой. Тауық қыт-қыттап қалып қояды. Осылайша, кішкентай баланың санасында «әр нәрсе өзі болып қалу керек» дегенді қалыптастырады. Сөйтіп, еврейлер кішкентай баланың кішкентай ғана тақпақтарын осылай жазады. Түсіне білген адамға мұнда үлкен тағылым бар.

    Бұл жерде айтпағымыз – қазақ баласы әуелі бесіктен ана тілін біліп, ұлттық тәрбиенің қайнарына сусындап өсуі керек. Ұлттық тамыры үзілмеген бала ғана кейін қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын болады. Ал бала қазақша оқып-жазып үйренбей жатып, оған басқа тілдерді тықпалау – ұлтқа жасалған қастандық. Қазір бізде бастауыш сынып тұрмақ, балабақшадан бастап орыс тілі мен ағылшын тілін үйретеді.

    Бірде Ақұштап апамыз Санкт-Петербургте оқыған, орысша, ағылшынша таза сөйлейтін, бірақ, қазақша ләм-мим деп ауыз аша алмайтын, оның үстіне ол жақтан нашақорлыққа шалдығып оралған қазақ жігітін көрсеткен болатын. Бәрін оқыған, білім меңгерген, алайда, ана тілін ұмытқан. Бұл – өзінің ақ сүт берген анасын, ақ батасын алған атасын, түбін, тегін, Отанын ұмытып, сатып кеткенмен бірдей емес пе? Ұлттық рухта тәрбиеленген балалар ағылшынша оқып, меңгеріп жатса, міне, солардан бірдеңе күтуге болады. Тілін сатқан, Отанын сатқан, анасын сатқан, дінін сатқандар түптің түбінде қайғы-қасірет шегеді. Әлгі Санкт-Петербургте білім алған «оқымысты» қайғыны өзінің баласынан тауыпты. Өз баласы өзінің ауызына қасық су тамызбаған.Қартайғанында қарттар үйіне өткізген. Шынында да, ұлт тілінде сөйлемеген ұрпақтың өміріөкінішпен аяқталғанына талай мысал келтіруге болады. Олар өзінен туған ұлға да жат болып кеткен. Талай арыстарымыз өзге ұлтқа үйленіп, қартайғанда қарттар үйінде қалған! Бұдан артық қандай қасірет керек?

    Жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» деген атақты романын білмейтін адам кемде-кем. Сондағы мәңгүрт бар емес пе? Мен ана тілін білмейтіндерді осы мәңгүртке теңеймін! Себебі, туған тілінің тәрбиелік қасиеті мен құдіретін білмеген, өнер мен ән-күйден сезігі жоқ жануарға ұқсас адам обал-сауапты білмейді, Құдайдан қорықпайды. Ақша берсең, бар бұйрықты орындайтын – мәңгүрт. Оны да өсіріп отырған өз ортамыз, аспаннан түскен жоқ. Қоғамдағы тәртіптің бұзылуына басты себепкер де – осылар.

    Кейде біз намыссыз ұлтпыз ба деген де ой келеді. Енді ше? «Қазақтың тілі» деп қашанғы шулаймыз? Өз елінде отырып өзінің тілін жоқтаған сорлы ұлт біз ғана шығар! Оған сонша ақша бөлгенше, қазақтың баласына басқа тілдерді қосып оқытатын жағдай неге жасамайды? Қазақ тілін оқытуға миллиардтап ақша бөлініп жатыр. Қазақ өзінің тілін білсін, ақша төлесең де, төлемесең де! Өз анасын танысын, әкесін қадірлесін, тарихын оқысын. Қазақты соған міндеттеу керек. Тілін, тегін білмеген соң мәңгүрт болады емес пе?!

    «Тіл білмейді» дегеннен шығады. Атағы дардай, үлкен компанияда жұмыс жасап жүрген кезім. Ана тілінде бір ауыз сөз білмейтін басшымызға аудармашымыз «Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа» дегенді сөзбе-сөз аударып беріпті. Орыс тілді басшы оны түсінбей, мені шақыртыпты. «Баяғыда мүжіген басты неге мен есімде сонша сақтауым керек?» деп таң қалып отырғаны әбден орынды. Қазақ тарихында аштық пен қуғын көргенін, оның ұлттық қасіреті мен қайғысын түсінбеген адам тіліндегі мазмұнды сөзін де ұқпасы түсінікті. Кедейдің баласы аштан өліпті дегенді естіген бай баласы «ол неге қуырдақ жемеді екен» деп таңданыпты деседі. Сол сияқты орыс мектебінде оқығандарға «баталы құл арымасты» түсіндіре алмағандықтан, қазіргі ұрпақтың қатыгездігіне куә болып отырған жоқпыз ба? Ендеше, бата мен қарғысты айырып түсінбеген ұрпақ обал, сауап, қиянат сөзін де аудармадан біледі. Көше толы қате жазуға намыстанбайтындар да тіл білмейтіндер емес пе? Әлі күнге орыс мектебіне бала сүйреп жүрген де солар. Неге деп сұрасаңыз, орыс мектебінде білім бар дейді. Сонау Сақ заманынан келе жатқан өз ұлтыңның, тәрбиесі мен тілінде «сауат» жоқ дегенді кім дәлелдейді? Питерден оқу бітіріп келген кеме жасау ісінің шебері болған қазақ жігіті қарттар үйінде қаңғып, арақтан өлсе, оның сауатынан не пайда? Мәскеуде «Ұлттар тілі» университетін бітірген қазақ қызы орыстан туған баласын жетелеп, ата-анасынан бөлек тамақтанып жүрсе, оның білімінен не пайда?!

    Бір сөзбен айтқанда, «Сен қазақсың, сенің елің – қазақ елі» дегенді өз тілінде естіп өскен азаматтан ғана ұлтын сүйген ұрпақ туады.

    «Ана тіліміздің дамуына кедергі кімдер?»

    Елордада еңбек етіп жүрген сонау бір жылдары тіл туралы үлкен жиынға қатыстық. Кіл ығай мен сығай жиналған, қазақ тілінің болашағы талқыланған жиын. Сонда «Біздің тіліміз», «Қазақ тілі» деп ұрандатып жүрген қоғамға танымал тіл жанашырының ана тіліміздің дамуына ауылдан қалаға келген жастарды кінәлай сөйлегені әлі күнге дейін есімізден кетпейді. Өзі кезінде үлкен-үлкен қызметтердің тізгінін ұстаған шенеунік.

    – Біздің ана тіліміздің дамуына кедергі болып жүрген ауылдан қалаға оқуға келген жастар. Кеше ғана мектепті бітірген олар бірден «қалалық» болып кеткісі келеді де, қолынан келсін-келмесін орысша сайрай бастайды. Өткенде халықпен араласып, тілдесіп көрейінші деп қоғамдық көлікке мінсем, ауылдан келген ұл-қыздардың бәрі бір-бірімен орысша сөйлесіп келеді. Өздері орыс тілінде екі ауыз сөздің басын қоса алмайды. Акцент дегенің ұрып тұр. Арасында білмеген сөздерін қазақша айтады. Аналардың орысшасына қарап, ұяттан өртеніп кете жаздадым. Міне, солардың кесірінен біздің тіліміз дамымай отыр. Солардың кесірінен тіліміз шұбарланбағанда қайтеді? – деді жерден жеті қоян тапқандай.

    Өзіне өзі сондай сенімді. Тыңдап отырған халықтан, жиналған жұрттан ұят екен-ау демейді. Бекітілген уақыт регламенті болмаса, біраз жерге баратын түрі бар.

    Сол «тіл жанашырымын» деп кеудесін соғып, ұрандатып жүрген шенеунік бүкіл қазақылықтың тамыры осы ауылда екенін ұқпаса керек. «Қазақ» атты ұлттың бүкіл болмысы сол ауылда сақталып келе жатқаны тіліміздің дамуына ауылдан келген жастарды кінәлауды ойлап тапқан «ұлы» миына кіріп шықпаған-ау деймін. Сан ғасырдан бері атадан балаға мирас болған салт-дәстүрлеріміздің, ауыздан ауызға тарап келе жатқан батырлық, мәрттік қисса-дастандарымыздың, аңыз әңгімелеріміз бен шежіре-тарихымыздың, тіпті, өзі «жанашырмын» деп жүрген ана тіліміздің қаймағы бұзылмай сол қалпында сақталып келе жатқан бірден бір бесігі – осы ауыл емес пе еді?!

    Осылардың бәріне көз жұмып, былай ысырып қойғанның өзінде, қазақы тәрбиенің қайнар бұлағы осы ауылда жатыр. Бұл – қалада тәрбие жоқ, ондағылардың бәрі тәрбиесіз деген сөз емес. «Балам, сен өтірік айтпа», «Ұрлық жасама, ешкімнің ала жібін аттама» деген қарапайым ғана қағидаларды өзінің ана тілінде айтып, ұл-қызы мен немересінің санасына құятын сол ауылдағы ата-әжелер.

    – Ана тілің арың бұл,

    Ұятың боп тұр бетте.

    Өзге тілдің бәрін біл,

    Өз тіліңді құрметте, – деп жырлаған атақты ақын Қадыр Мырза Әлидің ауылдағы тәрбие мектебін «Даналық мектебі» деп атағанын көзі қарақты жұрт білуге тиіс.

    Неге ана тіліміздің дамуына ауылдан қалаға оқуға келген жастар ғана кінәлі? Неге ана тілінде бір ауыз сөздің басын қоса алмайтын Үкімет мүшелері, министрлер мен басқа да жоғары жақта отырған шенеуніктер кінәлі емес? Мемлекеттік мекемелердің бәрінде алдымен орысша жазып, сосын аудармашыларға қазақшаға аудартатын, артынша: «Бізде іс қағаздары толығымен қазақ тілінде жүзеге асырылып жатыр» деп өтірік есеп беретін жүйеден қашан арыламыз? Түрлі мекемелер мен басқа да орындарда қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен қарапайым халықты былай қойғанда, қоғам белсенділерінің өзі неге сотта жеңіске жете алмайды? Неге он қазақтың ішінде бір ғана өзге ұлт өкілі отырса, соның ығына жығылып, басқа тілде сайрауымыз керек? Неге зиялы қауым өкілдері қанша жылдан бері айтып жүрген ана тіліміз туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алмаймыз? Неге көзбояушылық көп? Неге? Неге?

    Осы сауалдардың бәрін жаңағы үлкен жиында «ана тіліміздің дамуына кедергілерді» тауып, «жаңалық ашқан» «тіл жанашырына» жолдадық. Ол болса, алыстан орағытып әкеліп, түрлі қитұрқы әңгімелерімен әр нәрсенің басын бір шалып, жауап бергендей болды. Бізді басқалар да қолдап, жан-жақтан сұрақтар қарша борады. Бәріне берілгені – сол баяғы сырғытпа бір жауап. Жиынға қатысқандардың бәрі дерлік қылғынып, тіліміздің дамуына ауыл жастарының кінәлі еместігін алға тартып жатса да, әлгінің ойы түк өзгерген жоқ. Өзгермек түгілі, бәрімізді сол сауатсыз «ауылбайлардың» қатарына қосып қойды.

    «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, ертеңіне «Ана тіліміз дамысын десек, ауыл жастарын қалаға келтірмеу керек» деген көлдей мақаламызды бас редакторымыздың қолына ұстаттық. Ол мақаланы оқып көрді де, күмілжіп қалды. Әлгі кісіні жақсы танитынын, газетке басылса арты үлкен дау болатынын айтып, «әліптің артын бағайық» дегеннен әрі аспады.

    Айтпақшы, «жаңалық ашқан» қасқабас «батырды» теледидардан анда-санда көріп қаламын. Кейде жолым түсіп, бас қалаға барған сайын, түрлі жиындарда кездесіп қаламыз. Қазір қазақ тілін қойып, басқа бір нәрсенің «жанашыры» болып жүр. Сонда оны тоқтатып алып, сол жиындағы ойынан қайтты ма екен деп сұрағым келеді. Бірақ, ол шын жауап берер ме екен?

    «Сусын» үшін сотталып кете жаздағанбыз»

    2018 жылдың наурыз айы болатын. Еліміздің мұнайлы астанасы – Атырау қаласында қызмет етіп жүрген кезіміз. Демалыс күндердің біріндедосымыз екеуміз «KFC» тез дайындалатын тағамдардың асханасына келгенбіз. Иә, әлгі кентуккилік сақалы бір тұтам, «төрт көз» шалдың ойлап тапқан тауықтың аяғынан жасалған тағамдары. Кезегіміз келген соң, кассаға келіп, тапсырыс беруді бастағанбыз.

    – Бір сусын қосыңыз, – деді досымызтапсырыс қабылдаушы жігітке.

    Ол болса, сайқымазақ көргендей, бар дауысымен күліп жіберді. Қытығыңа тиетін, ыңғайсыз, ыржақай күлкі.

    – Неге күлесің? – деді досымыз сабырлы қалыппен.

    – Сусын дегеніңе күліп тұрмын, – деді ол міз бақпастан.

    – Оның несіне күлесің?

    – Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрған соң күлемін. Заманауи тілде айтсаң болмай ма? – деп екіленді сатушы жігіт.

    – Сен өзі қазақсың ба? «Сусын» деген сөзді білмесең, несіне қазақ болып жүрсің?

    – Онда сенің шаруаң болмасын! Қазақ болсаң, қазақ тілін білуің керек деген заң жоқ! – деді едірейіп.

    Мына сөзді естіген досымыздың қабағы түйіліп, ашуға булығып кетті. Клиентке «сіз» деп сыпайылық танытудың орнына, «сен» деп одырайып, салғыласып тұрған әлгі жігіттің қылығы көп адамға ұнамағаны анық.

    Досымыз болса, қаттырақ айтып көріп еді, әлгі жігіт оған да тоқтай қоймады. Қызды-қыздымен бір кезде: «Қазақ тілдерің өздеріңе!» деп қойып қалды.

    Негізінен, досымыз – өте сабырлы, тау қозғалса да қозғала қоймайтын салмақты жігіт. Ешкімге орынсыз дауыс көтермейтін байсалды адам. Оның үстіне, батыстағы ең ірі медиахолдингте жауапты қызметте. Бірақ, шыдамның да шегі бар емес пе? Әлгінің «Қазақ тілдерің өздеріңе!» деген сөзі екеуміздің де сүйегімізден өтіп кетті. Асханадағы басқа келушілер бізді сабырға шақырып әлек. Ол да қалысар емес. Бір кезде жаңағы жігіттің екі көзіне қан толып, одан сайын елергені соншалық, қол сермеп те үлгерді.

    Ешкім қол серметіп қойып, қарап отырмайды ғой. Шарт-шұрт төбелес, айқау-шу басталды. Соңында тауықтың аяқтары жайына қалып, бәріміз полиция басқармасынан бір-ақ шықтық.

    Ана тілінен жерінген әлгі жігіттің «айқайы» басқармада да басылмады. Біз полиция қызметкеріне түсінік беріп болғанша, өзінікін дұрыс қылып бақты. «Менің «KFC-де» «үздік менеджер» деген атағым бар. Қазақ тілінсіз-ақ күн көремін. Маған кез келген мемлекеттен жұмыс табылады» деп қанымызды одан сайын басымызға шаптырды.

    – Мынауыңда сана жоқ екен, – деп күрсінді досымыз.

    Басқармада бізді түсінгісі келген ешкім болмады. «Сусын» сөзін білмегені үшін төбелеске дейін бару дұрыс емес» деп өзімізді сотпен қорқытты. «Бірінші болып қол көтерген жоқпыз» десек те, екі жақты бірдей кінәлі деп таныды. Ақыр аяғында «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылып, әкімшілік жазаны арқалап шыға келдік.

    Ертеңіне бұл оқиға облыс басшылығына жетіпті. Аймақта тілге байланысты дау туғанын қаламаған олар біздің басшымызға жақсылап тапсырма беріпті. Одан түк шыға қоймаған соң, өзімізді күнде шақырып, шу шығаруға бомайтынын айтып, әбден мазамызды алды…

    Осылайша, «сусын» үшін сотталып кете жаздағанбыз.

    Ал ана тілін білмеген адамның әлгі ақшаға малданған сатушы жігіттей намыссыз, мәңгүрт келетіні тағы ақиқат.

    «Байтұрсынұлының батыл қадамы»

    Халқымыз өзінің ұлттық баспасөзі толық қалыптасқанға дейін татар басылымдары арқылы өзара ой бөлісіп, пікір алысып, өздерінің ақпараттық қажеттілігін қанағаттандырып отырған.Бұл үрдіс қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» (1911) және жалпыұлттық басылым «Қазақ» газеті (1913-1918) жарық көргенге дейін жалғасты. Қазақ қаламгерлері түрлі тақырыпта қалам тербеген басылымдар арасында Орынбордан шығып тұрған «Шура» журналының маңызы жоғары болды. Бұл журнал 1908 жылдың 10 қаңтарынан 1917 жылдың 31 желтоқсанына дейін Орынбордан шығатын «Уақыт» газетіне қосымша ретінде айына екі рет татар тілінде жарық көрген.

    «Шура» журналы татар тіліндегі журнал болғанымен, қазақ тілі туралы мақалалар мен талқылауларды да жариялап тұрған. Осылардың ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының татар журналына қазақ тілінде тұңғыш жариялаған мақаласының орны бөлек.

    Ағартушы аталған журналдың 1913 жылғы №4 санында «Қазақша сөз жазушылар назарына» атты мақаласын қазақ тілінде жариялап, жазбасының алғысөзінде өзінің татарша білмейтінін, оқырмандарға ыңғайсыздық тудырған осы қылығы үшін үлкен кешірім сұрайды.

    Ахмет Байтұрсынұлының татар тілін білмеуі бек мүмкін емес. Алайда ол қазақша жазу арқылы бүкіл түркіге ортақ журнал бетінде ана тілінің беделін үстем етіп, мерейін көтергісі келгені анық.Бір жағынан, танымал басылым бетінде қазақ тілінде пікір алысуға болатынын дәлелдеп, өзгелерге үлгі көрсеткісі келген секілді. Ол өз мақаласында қазақ тіліндегі жалғаулар мен татарша жалғаулардан мысал келтіріп, қазақ тілінің табиғат заңдылығы негізінде қалыптасып, жазу емлесі тіл табиғилығына сәйкес бейімделуі керек екенін дәлелдейді.

    Сөз соңында ағартушы: «Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ иә құрып жоқ болар, иә өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. ХХ ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас» деп қазақ тілі түрік тілдерінің қайнар бұлағы, таза қалпында сақталған түбірі екенін еске салады.

    «Шура» журналының бұл мақаланы тек қазақ тілінде жариялап, оқырманға ұсынуын оның қазақ тіліне, қазақ халқына деген құрметі деп түсінуге болады.

    Журнал тілі татарша болғандықтан, қазақ қаламгерлері жазбаларын негізінде татар тілінде жариялаған. Тек Ахмет Байтұрсынұлының ғана тіл туралы мақаласы қазақша жарияланғанын ескерсек, ұлт ұстазының көрегенділік танытып, үлкен батыл қадамға барғанын аңғаруға болады.

    Осындайда ел аузында жүрген мына бір әңгіме еріксіз ойға түседі. Қытайдың Шыңжан өлкесіне қарасты Іле Қазақ облысындағы Шапчал ауданыншоғырлана қоныстанған Сібе ұлты (қытайша «Ши бо») бар. Осы елдің сексеннен асқан көзі көрмейтін қариясы Сібе тілінде шығатын жалғыз газетке жыл сайын жазылады екен. Қарияның осы әдетіне таңғалған біреу:

    – Үлкен адамсыз. Көзіңіз көрмейді. Газет оқи алмайсыз. Несіне газетке жазылып, шығынданасыз? – деп сұрайды.

    – Мен газет оқи алмасам да өзімнің ана тілімде шығатын жалғыз басылымның жабылып қалмауыүшін жазыламын, – деп жауап беріпті қария.

    Байтұрсынұлы өз заманында ана тілімізде шығатын газет-журналдың жоқтығынан татар журналына қазақ тілінде мақала жариялауға барын салды. Сібелік қария болса, қос жанары көрмесе де, өз тілінде шығатын жалғыз басылымның жабылып қалмауы үшін оған жыл сайын жазылуды әдетке айналдырған.

    Ал біздегі қазақ тілінде жарық көретін басылымдардың өлмешінің күйін кешіп жүргені – өз алдына бөлек әңгіме.

    Украинаның астанасы Киевте жүргенде үлкенсауда, ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлерден бастап қарапайым азық-түлік дүкендерінің иелері егер орталық немесе дүкен атауын өзге тілде жазғысы келсе, жыл сайын салық төлейтінін естіп таңғалғанбыз. Жарнама мәселесінде де дәл осындай жағдай. Салықтың өзі аз сома емес, қалтаңа әжептәуір салмақ түсіреді екен. Кейде, тіпті, шағын дүкеннің бір жылдық табысына тең келетін көрінеді. Осыдан кейін дүкен атауын өзге тілде жазып көр!

    Міне, тіл мәселесінде құр сөз, аттандаған ұран емес, дәл осындай батыл қадамдар керек-ақ!

    P.S: Орыстың атақты жазушысы Константин Паустовский: «Ана тілін ұмытқан адам Отанға қауіпті» деген екен. Олай болса, өзінің ана тілінде білім меңгеріп, отаншылдық рухта тәрбиеленбеген ұрпақтың қаншалықты қауіпті екенін осыдан-ақ салмақтай беруге болады.

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

    қатысты посттар

    Жаңа жылдың алдында азық-түлік тағы қымбаттайды

    Фариза

    «Алтын орда» базары біреулер үшін «майшелпекке» айналды» Токаев тәртіп орнату үшін екі ай уақыт берді

    Фариза

    Жақсылық жаршысы: Қызылордаға тағы да 54 оттегі концентраторы келді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    four × two =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.