-1.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Білім және ғылым

    «Ректор гранты сақталмайды». Асхат Аймағамбетов министр болғалы қанша ЖОО бас лицензиясынан айырылды

    Білім және ғылым министрі болып Асхат Аймағамбетов келгелі бері еліміздегі ЖОО-лар мен колледждердің басына қара бұлт үйірілді. 2019 жылдан бүгінге дейін ондаған оқу орнының есігіне қарап құлып тағылып, білім саласында қызмет етуіне тыйым салынды. Жақында бас лицензиясынан айырылған ЖОО-лардың саны тағы біреуімен толықты, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі, Azattyq ryhy порталына сілтеме жасап.

    Бұл жолы Білім министрлігінің «қаһарына» 15 жылдан астам тарихы бар Алматы қаласындағы Шет тілдері және іскерлік карьера университеті (ШТІКУ) ілігіп, бас лицензиясынан айырылды. Сонымен елімізде 2019 жылдан бүгінге дейін қанша оқу орны жабылды? Қанша студент басқа оқу орнына ауысты? Ректор грантымен немесе жеңілдікпен оқып жатқан студенттердің басқа оқу орнында тегін оқуына министрлік көмек көрсете ме?

    Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 120-дан аса ЖОО мен 800-ге жуық колледж бар. 2019 жылдан бүгінге дейін 15 колледж бен 14 университет министрліктің талаптарына сай келмей, жабылған. Ведомствоның баспасөз қызметі олардың көбі білім саласының заңнамаларын бұзғаны, біліктілік талаптарына сай келмеуі, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын сақтамауы салдарынан жабылғанын хабарлады.

    БҒМ СОТ ШЕШІМІ ШЫҚПАЙ ТҰРЫП МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ – ПРОРЕКТОР

    Жақында ғана министрлік таратқан хабарламада Шет тілдері және іскерлік карьера университеті бас лицензиясынан айырылғаны туралы хабарлама таратқан. Біз осы орайда ЖОО басшылығына хабарласқанымызда, сот аппеляцясының шешімі әлі шықпағанын білдік.

    «Сот аппеляциясының шешімі шықпай жатып, БҒМ-ның университетіміздің бас лицензиясынан айырылғаны туралы жариялауы дұрыс емес. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Бәрін басынан бастайын, осы жылдың мамыр айында министрлікке қарасты Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің тексеру комиссиясы жұмысымызды шолып шыққан соң 39 бұзушылық барын айтып, қызметімізді бір айға тоқтатып кетті. Бәрін жөндеп, құжаттарымызды министрлікке жолдаған соң, екі айға жетпей қайта тексерді. Бұл жолы 20 бұзушылықты анықтады. Оны да көп ұзамай жөндеп, құжаттарымызды жібергенде қабылдамай қойды. Себебі өзімізге де белгісіз. Еш жауап берілген жоқ. Ал комиссия төрағасы Эльвира Сапарбекова тексерістің бірінде «Алматы» университетімен бірігу туралы ұсыныс жасаған. Ұсынысын қабыл алып, «Алматы» университетімен келіскен соң, қосылу туралы құжаттарымызды жолдағанда тағы да қабылдамай қойды. Оның да себебі белгісіз. Сот отырысында өзі ұсыныс жасаған комиссия төрағасы Эльвира Сапарбекова сөзінен айнып, «оқу орнымыз оптимизацияға сай келмейді» деп айды аспанға бір-ақ шығарды», — дейді Махаббат Ахметқызы.

    Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, фото: bilimdinews.kz

     Оның айтуынша, ШТІКУ-дің 2023 жылдың мамыр айына дейін жарамды институционалды аккредитациясы жөніндегі лицензиясы бар. Ал «Алматы» университетінің мұндай лицензиясының уақыты өтіп кеткен. Алайда министрлік «Алматы» университетінің оптимизация жасауына рұқсат беріп, басқа оқу орнымен біріктіріп жіберген. Ал ШТІКУ-ға белгісіз себептермен оптимизацияға рұқсат бермей отыр.

    «Университет статусынан бір саты түсіп, академия болайық деп едік, министрлік оған да көнбей отыр. Біз сапалы білім үшін күресіп жүрміз. Университетімізде 1500-дей студент бар. БҒМ бізге әділетсіздік жасап отыр. Министрлік университетімізді жабуды ғана мақсат етіп отырған секілді», — деді Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің проректоры Махаббат Ахметқызы.

    Проректор өз сөзінде оқу үлгеріміне байланысты шығарылған студенттердің бірінің ата-анасы министрлікке шағым жазғанын, алайда шағымда айтылған жайттардың бірі де шындыққа сай келмейтінін қозғап өтті.

    «Шағым мәтінінде оқу ғимаратымыз, жатақханамыз талапқа сай келмейтіні жазылған. Ал осыған дейін «Альянс студенттері» ұйымы мониторинг жүргізген кезде жатақханамыз да, оқу орнымыз да жоғары деңгейде деген баға алдық. Министрліктің бізге сонша «қаһарын төгіп» отырғаны өзімізге де түсініксіз. Ректорымыз — Түркия елінің азаматы. Бәлкім басқаны сылтауратып, осы жағына шүйлігіп отыр ма деп ойлаймын», — дейді проректор.

    РЕКТОР ГРАНТЫ САҚТАЛМАЙДЫ

    Білім және ғылым министрлігі берген ресми сауалға сәйкес, бүгінге дейін жабылған оқу орындарындағы 90 мыңға жуық студент білімін басқа орында жалғастыруға мәжбүр болыпты. Ол студенттердің қатарында ректор грантын жеңіп алып, төрт жыл тегін оқып жатқандар да, арнайы жеңілдіктер бойынша білім алып жатқандар да бар. Білім және ғылым министрлігіне осы студенттердің оқуын ары қарай да тегін немесе жеңілдікпен жалғастыра алатыны жайлы сұрағанымызда мынадай жауап алдық:

    «Жабылған жекеменшік оқу орнының ректор грантымен оқыған студенттер үшін ауысқан жылына грантты сақтау туралы ұсыныс жасалады. Оқу барысында қабылдаған оқу орнының академиялық саясатына сәйкес шешімдер қабылданады», — деп министрлік жауабын қысқа қайырды.

    Білім және ғылым министрлігі берген қысқа жауаптан нені түсінуге болады? Ректор грантымен төрт жыл тегін оқитын студенттің оқу орны жабылып, басқа ЖОО-ға ауысқан алғашқы жылында ғана тегін оқуына министрлік ұсыныс жасауы мүмкін. Ұсыныс жасалған ЖОО-ның оны қабылдамауға да құқы бар. Яғни, қалған үш жылын, тіпті төрт жылын студент ақылы түрде оқымақ.

    «Биыл университетімізге қадам басқан 32 студент ректор грантына ие болды. Жалпы 100-ге жуық студент ректор гранты бойынша тегін оқиды. Бұдан бөлек түрлі жеңілдіктермен оқып жатқандары да аз емес. Сол сияқты оқуын ай сайын бөліп төлеп оқитын студенттер де бар. Оқу ақысы басқа ЖОО-лармен салыстырғанда арзандау. Ал енді оқу орнымыз жабылып қалса олардың ары қарайғы оқуы қалай болмақ? Басқа оқу орнына барған күннің өзінде ректор грантының берілуі екіталай. Студенттерден бөлек 200-ге жуық қызметкеріміз бар. Жалақысы тәп-тәуір. Олардың да келесі жерде дәл сондай жалақымен жұмысқа орналасуына министрлік көмек көрсете ме?!», — деген сауал тастады Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің проректоры.

    ЖОО лицензиясынан айырылса, ректор гранты басқа оқу орнында сақталмайды. Міне осыны естіген ШТІКУ студенті Ұлдана Қозыбаева дипломсыз қалатынын айтып, Білім және ғылым министрлігіне ренішін жеткізді.

    «Журналистика саласында мемлекеттік грант басқа мамандықтармен салыстырғанда әлдеқайда аз ғой. ШТІКУ басшылығы мемлекет грантына іліге алмай қалғандарға арнап ректор гранттары үшін конкурс өткізді. Міне, осы конкурста максималды балл жинап, өз күшіммен грант иелендім. Былтырдан бері студенттерге жасалып жатқан жағдай таңданбасыма қоймады. Қаншама студент Түркияға оқуға жіберіліп жатыр. Келесі жылы сол елге баратын жастардың қатарына ілінемін деп жүргенде, университетіміз бас лицензиясынан айырылды деген хабар шықты. Білім және ғылым министрлігі басқа оқу орнына ауысуымызға жәрдем еткенімен, ректор грантын сақтап қалуға көмектеспейді екен. Сонда қалған үш жылымды ақылы түрде оқуым керек пе?! Менің ондай мүмкіндігім жоқ. Министрлік жастардың жағдайын ойламай, әділетсіздік жасап отыр. Оқу орным жабылса, мен дипломсыз жастардың қатарына қосыламын», — деді екінші курс студенті Ұлдана Қозыбаева.

    Аталмыш оқу орнының түлегі, оқуын биыл ғана аяқтаған Данияр Жанәлі де бұл хабардың төбесінен жай түсіргендей әсерде қалдырғанын айтады.

    «Оқуымды биыл көктемде ғана тәмамдадым. Университетте ректор гранты бойынша тегін оқыдым. Жекеменшік оқу орындарында кездесетін проблема – сессияны ақшамен жабу бізде атымен жоқ. Тіпті, университетке гүл алып кіргенде, күзетші кімге апара жатқанымызды сұрап біледі. Мұғалімге сыйлау үшін алғанымызды білсе ғимаратқа кіргізбей қояды. Студент кезімде екінші курстан кейін Түркия еліне екі жарым айға жіберді. Сол жақта оқу практикасынан өтіп, біраз білім жинап қайттым. Тіпті сол үшін маған жалақы да төледі. Оқудан өткенім жөнінде сертификат та алдым. Соның арқасында оқуымды бітірмей жатып жұмысқа орналастым. Ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгеруіме университетім септігін тигізді. Жыл сайын 100-ге жуық студент Түркияға жіберіледі. Білімді жастарды тәрбиелеп жатқан Шет тілдері және іскерлік карьера университеті бас лицензиясынан айырылды деген ақпаратқа әлі сене алмай жүрмін. Министрлік ШТІКУ-дің лицензиясын қайтаруы тиіс», — дейді оқу орнының түлегі Данияр Жанәлі.

    ҚАЙ ЖОО-лар БАС ЛИЦЕНЗИЯСЫНАН АЙЫРЫЛДЫ?

    Елімізде 2019 жылдан бүгінге дейін 30-ға жуық оқу орны бас лицензиясынан айрылыпты. Бірақ олардың арасында лицензиясын қайтарып алғандары әзірге жоқ. Сонымен, бүгінге дейін қандай оқу орындары жабылды? Министрлікке сұрау салғанымызда ресми парақшаларына ақпараттар толық шығатынын, сол жерден оқуға болатынын айтып, жылы шығарып салды.

    Сонымен Білім және ғылым министрлігінің «қаһарына» ілігіп, қай оқу орындары лицензиясынан айырылды? БАҚ беттерінде тараған ақпараттарға сәйкес:

    • Шет тілдері және іскерлік карьера университеті (Сот аппеляциясының шешімі шыққан жоқ);Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті;
    • «Орда» университеті (бұрынғы «Silkway Халықаралық университеті»);
    • «Мирас» университеті;
    • М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы (1931 жылы құрылған);
    • «Астана» университеті;
    • А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті;
    • Шымкент аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті;
    • Орталық Азия университеті;
    • Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті (бұрынғы Қазақстан теңіз университеті);
    • Алматы Экономика және статистика академиясы;
    • Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы ;
    • Қаржы академиясы;
    • Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті.

    М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенттері, 2021 жылдың 3 наурызы

    Бас лицензиясынан айырылған ЖОО-лардың арасында тарихы сонау 1931 жылдан басталатын М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы да, 2000 жылы Орта Азия мемлекеттері басшыларының саммитінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің президенттері бастамасымен құрылып, Елбасының ұсынысымен Шымкентте ашылған А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті де, үш жекеменшік оқу орны бірігіп, нәтижесінде 20 мыңдай студентке білім беріп жатқан Шымкент аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті де бар.

    Фото: из открытых источников

    қатысты посттар

    Оқушылар 1 қыркүйекте мектепке орала ма

    Фариза

    Қ. Тоқаев бастамасы: Мектептерге «Домбыра» пәні енгізіледі

    Фариза

    Ресейде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    2 × three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.