Бүгінде Жамбыл облысында спорттың 74 түріне баса назар аударылған болса, оның 25-і олимпиадалық спорт түрлерінің санатында. Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбеген және ұлттық спорт түрлерінен облыс спортшыларының жеткен жетістіктері аз емес. Алайда, Олимпиада ойындарына санаулы спорт түрлерінен (бокс, дзюдо, еркін күрес, таэквондо) ғана жолдама алуымыз, 17 жылдан бері Олимпиада чемпионын шығара алмай жүргеніміз ойландырмай қоймайды. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі бұқаралық спортты дамытудың жолдары және спортшылардың жетістіктері сараланды.
Бұқаралық спортты дамытуға қатысты Елбасының, Президенттің нақты тапсырмалары бар. Бізде бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатары 32 пайызға жеткенімен, көрсеткішіміз әлі де төмен. Кәсіби спортқа келсек, 2004 жылғы Бақтияр Артаевтан кейін Олимпиада чемпионын шығара алмадық. Содан бергі аралықтағы 17 жылда бар болғаны үш жүлде бұйырған. Оның екеуі дзюдошы Елдос Сметовке тиесілі болса, біреуін еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров алған. Әлем чемпионаттарындағы нәтижелер де көңіл көншітпейді. Бөлінген қаражат қомақты. Қаншама нысан салынған. Ұлттық құрамада бақ сынайтын баламыздың саны көп, нәтиже жоқ. Спорт мектептерінде 10-15 жыл бойы басшы болып отырған азаматтар бар. Бірақ, олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткен нәтижелері шамалы. Бапкерлерде де өсу, өркендеу байқалмайды. Басқа өңірлердің намысын қорғап жүрген спортшыларымыз да бар. Солардың тізімін жасап, өзімізге қайтару керектігін де айтып жүрміз. Бір-бірімізді мақтағаннан еш нәрсе өнбейді. Не істеуіміз керек, қай жерде мүл кетіп жатырмыз? — деді Бердібек Сапарбаев.
Талас ауданындағы №32 мектепте ұзақ уақыттан бері жоғары деңгейдегі нәтиже жоқ. Нашар. Нөмірі 34 мектепте де жағдай сондай. Басқа аудандарда да жағдай солай. Кейбір спорт мектептері спорттың он, тіпті, он бес түрін алып алған. Бірақ нәтиже нөлге тең. Басқарма неге осының бәріне талдау жасамайды?,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс басшысы бапкерлермен жұмыстың қай деңгейде екенін де сұрады.
Біз ол спортшыларды тәрбиелейміз, жарыстарға қатысуына қаржы бөлеміз, сөйте тұра өз спортшыларымыздың ұлттық құрамадағы дайындығына араласа алмаймыз дейсіздер. Олай болмауы керек. Көкпардан, тоғызқұмалақтан, армреслингтен алған жүлделерімізбен мақтанбайық. Волейбол, теннис, жүзу, гимнастика секілді спорт түрлеріне назар аударған жөн. Грек рим күресі, еркін күрес, ауыр атлетика, жүзу секілді олимпиадалық спорт түрлерінде нәтиже жоқ,- деді әкім. Өз кезегінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков кеткен кемшіліктермен жұмыс жүргізілетінін айтты. Мұнан соң облыстағы бірқатар спорт мектептерінің нәтижесінің төмендігін сынға алды.
Жиында Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ф.Цой, спорт ардагері М.Жақыт, «Жамбыл облысының спорт ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Әшімов өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі спорт мектептеріндегі жұмыстарды жүйелеуді және ең негізгі мақсат келесі Олимпиадаға спортшыларды әзірлеу керектігін шегелеп тапсырды.