Студенттік ортада «жатақханада тұрмасаң, оқыдым деме» деген қағида қалыптасқан. Студенттер жатақханасы – алыс ауылдардан келген түбіт мұрт бозбалалар мен ботагөз бойжеткендерді әлеуметтендіретін орын. Осы жерде олар бейтаныс жандармен танысып-біліседі, мінез-құлығын қалыптастырып, шыңдайды. Өкінішке қарай, елімізде студенттерге жатақхана жетпейді. Және бұл мәселе бүгінгі жастардың негізгі бас ауруына айналған.
Қазақстанда жастардың елеулі бөлігі – студенттер. Бүгінде елдегі 120-дан аса жоғары оқу орны мен 795 кәсіптік білім беру мекемесінде 1,1 млн-ға жуық студент білім алып жатыр. Олардың 175 мыңы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Ал үлкен қалаларға білім мен ғылым іздеп келген 80 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж.
Аталған мәселені шешу мақсатында 2018 жылдың наурыз айында Елбасы «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеуі жариялады. Әлеуметтік бастаманың үшінші бағыты жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды көздейді.
Бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық 184 жаңа жатақхана салу тапсырылған. Жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджет есебінен 118 млрд теңге қаржы қарастырылған. Енді осы әлеуметтік бастама жоспарға сай жүзеге асатын болса, жатақханаға мұқтаж студенттердің 85%-ы орынмен қамтамасыз етілер еді.
Аймақтарға келетін болсақ, бастама әркелкі жүзеге асуда. Әсіресе, Нұр-Сұлтан (17,2 мың) мен Алматы қалаларындағы (31,1 мың) баспанаға мұқтаж студенттердің жартысынан астамы үйсіз-күйсіз, әркім өзінше күн көруге мәжбүр. Жауынды күні айдаладағы жалғыз бұтаны ықтасын көріп паналайтын торғайдай күй кешкен оларға жер-жерден жеткілікті қылып студенттер үйін соғып берсе, бұл ел болашағының алдында да үлкен абыройлы іс болар еді.
Мысалы, Алматы қаласында 2021 жылдың соңына дейін 20 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ бүгінде соның 7,5%-ы ғана орындалып, 1,5 мың орыннан тұратын 5 жатақхана салынды. Оңтүстік мегаполисте биыл 1700 студентке арналған тағы 2 жатақхана салу жұмыстары басталған. Бірақ қалған 17 мың студенттік орынды қамтитын жатақханалар құрылысының мәселесі әлі шешілген жоқ.
Атап өтейік, студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2020 жылы 20 мың орынға арналған 75 жатақхана салынды. Биыл 25 мың орынды қамтитын нысан құрылысы жоспарланған. Қазіргі кезде республика бойынша жалпы жиынтық сыйымдылығы 18 469 орындық бірқатар жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Келер жылғы жоспар – 30 мың орын.
«Болашақ – жастардың қолында» деп ұрандатып жатамыз. Жастардың бір бөлігі бүгінгі студенттер емес пе?! Ал бүгінгі студенттің басты мақсаты – сапалы білім алу. Ата-ананың басты арманы баласының білімді, білікті азамат атануы. Cтуденттің алаңсыз білім алуы үшін оның жататын орынмен, яғни жатақханамен қамтамасыз етілуінің маңызы зор. Жыл сайын күз мезгілі, жаңа оқу жылы басталғаннан, студент үшін жанды ауыртар мәселе – жатақхана «жыры» басталады. Тіпті, қарашаның қара суығы басталып кетсе де, жатақханадан орын табылып қала ма деп үміттеніп жүргендер әлі де бар. «Елімізде «Студенттік баспана» бағдарламасы бар, оған бөлінген қаржы игеріліп жатыр ма, жатақхана мәселесі шешімін қалай табуда? Белгісіз! Ақшаны қалталарына басып, жастарды қаңғыртып қойған шенеуніктердің кесірі айналып кеп білім саласына зиянын тигізуде.
Жатақханадағы бөлмелер 3 адамға арналған. Бес қызға бір шкаф, бір тумбочка. Төменде кір жуатын машина бір жерде, шлангісі бір жерде жатыр. Кір жаятын бөлмеде қатар-қатар қойылған кір жайғыштар. Әр бөлмедегілер өздері үшін сатып алыпты. Жуған киімдері кепкен соң, әркім өз бөлмесіне қояды. Артық-ауыс киімдерін сөмкеге салады, кір жаятын затты бөлмеге қояды, аяқ алып жүргісіз жерде санитарлық тазалық қайдан сақталсын?..
Жатақханадан орын жетпегендер амалдың жоқтығынан бірігіп пәтер жалдайды. Елімізде пәтерақы да анау айтқандай арзан емес. Қазір Алматы мен Астанада 1 бөлмелелі пәтердің өзі 100 мыңнан басталады. Бұл бір үйдің еркесі үшін дым да болмауы мүмкін, бірақ көпбалалы отбасылар балаларына ондай ақшаны қайдан тауып береді?
Пәтердің аты – пәтер. Жатақханадағыдай қатал тәртіп жоқ. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағандықтан, не істесе де өз еркі. Бір-біріне еліктеу басым. Темекі шегу, қазір сәнге айналған кальян осының бәрі психологиялық тұрғыдан студентті аздырады. Өз-өзіне есеп бере алмай, өзімбілемдікке салынып, опық жеген жастар да аз емес. Бірі пәтерақыны төлеймін деп күндіз-түні тынбастан жұмыс істеп, денсаулығынан айырылса, енді бірі достарына еріп, жеңіл табыс көзін қуып, ұрлық-қарлық, бұзақылық жасап, оның арты жанжал-төбелес, тіпті ауыр қылмысқа ұрындыруы мүмкін. Ақыр аяғында не оқу, не жұмыс жоқ, бүкіл өмірі, тағдыры басқа арнаға өзгереді. Жастар — еліміздің болашағы, сондықтан «қарны қампиған» шенеуніктерге бір мезгіл ойланып, бюджеттегі ақшаны «жымқыруды» қою керек!
Фото: ашық дереккөзден