Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жемқорлық

    Алматы қаласының жедел жәрдем басшысы қызметкерлеріне қысым көрсетіп, оларды бір-біріне айдап салуда

    Пандемия басталғалы вирустың таралуы мен оның салдарынан қайтыс болып жатқан адамдардың саны азаяр емес. Осы уақытқа дейін 15 мыңнан аса азаматтарымыздан айырылдық. Күннен-күнге жақындарын жер қойына тапсырған қаралы үйдің көбеюіне халық медицина қызметкерлерінің білімсіздігі мен олардың бейжайлықтарының салдары деп келеді. Ал, расында, бұл жағдайдың өршуіне кім кінәлі?

    Коронавирус елімізде белең ала басталғалы бері Алматы қаласының жедел жәрдем қызметкерлерімен туындаған шу әлі күнге жалғасып келеді. Халықтың өмірі үшін күресуі керек біздің медицина саласындағы мамандарымыз дәл қазір бітпейтін жемқорлықпен күресіп жүр. Қоймаларын толтырып біте алмай жатқан ашкөз басшылардың кесірі халық түгілі денсаулық үшін күресетін қызметкерлердің өзіне де тиюде. Мәселенің анық-қанығын Алматы қаласы «Жедел медициналық жәрдем қызметінің» жүргізушілері Qazweek.kz ақпарат агенттігінің журналисіне баяндап берді.

    Денсаулық сақтау саласындағы бітпейтін жемқорлық медицина қызметкерлерінің де түбіне жетті

    Директорлардың ауысы

    Елімізде пандемия басталғалы бері Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметінде 4 басшы ауысып үлгерген. Жүргізушілердің айтуы бойынша қай басшы келсе де, олар тек бұл қызметке халықтың өмірі үшін емес, ақша жымқыруды мақсат етіп қана келетіндерін айтады. Себебі, басшылар ауысқанымен қызметтегі жемқорлық бұрынғысынан да өршімесе, басылмаған.

    Қай басшы келсе де бірінші Жедел медициналық жәрдем қызметінде бұрыннан жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді жұмыстан шығарып, орнына өз адамдарын отырғыза бастайды. Ал негізнен пандемия кезінде қызметкерлерді жұмыстан шығаруға болмайды деген Президент тапсырмасы шыққан болатын. Ал біздің басшылар, тіпті, Президенттің де тапсырмасына пысқырып та қарамай, өз қалталарын толтырумен ғана айналысты.

    Қалай?

    Медицина саласында білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі басты проблема екені барлығымызға белгілі. Біздің бастық сымақтар оларға ештеңе істей алмайтын. Себебі, олар онсызда жеткіліксіз мамандар. Олардың көздегендері: фельдшер, санитар қызметкерлері және жедел жәрдем жүргізушілері. Әр басшы ауысқан сайын жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін қызметкерлерге жылына 2 рет арнайы аттестаттау жүргізеді де, оларды аттестациядан әдейі құлатып, олардың орнына жаңадан ешбір тексерусіз жұмысшылар алады. Әрбір жаңа жұмысшы шамамен 500 мың теңге көлемінде ақша беріп осы жұмысқа орналасады. Жедел жәрдем көлігін өмірінде тізгіндеп көрмеген қызметкерлер, әрине, жол көлік апатына соқтығысады. Қазіргі біздегі көлік апаттарының көбеюінің бірден-бір себебі де осы.

    Негізінен біздің жұұмысқа орналасу үшін қызметкерлер жұмыспен қамту орталығынан арнайы анықтама алып келуі керек. Бірақ, қазіргі келіп жатқандардың бірде-бірінде ондай анықтама жоқ. Тек тікелей бастықпен сөйлесіп қана жұмысқа кірісе береді. Біздің басшылар өз таныстарын алып келіп, олардан жұмысқа орналастырғаны үшін ақша алып отыр.

    Жемқорлықтың айдан-анық көріністері

    Карантинге байланысты медицина қызметкерлеріне берілуі керек үйдің қаражаты мен азық-түлікке бөлінге бюджеттің ақшасы барлық қызметкерлерге бірдей берілген жоқ.

    Қорғаныс киімдері жеткіліксіз, ал санитарлық нормалар мүлде сақталмайды

    • Пандемия басталған алғашқы уақытта барлығы да жақсы еді. Керекті заттар жеткілікті, әр шақыртудан кейін міндетті түрде дезинфекция жұмыстары жасалып отыратын. Ал дәл қазір 4 фельдшер 1етік, 4 жүргізушіге 1 етік, 4 дәрігерге 1 етік, яғни,  4 қызметкер бір киімді ауысып киюге мәжбүрміз диді Жедел медициналық жәрдем  қызметінің жүргізушісі.

    Санитарлық норма туралы басшылыққа айтатын болсақ, олар бір киімді 5 сағат киіп жүруге болатындығын айтады. Егер біз аурухананың ішінен шықпай, 5 сағат сол жерде жүретін болсақ, онда біз олардың айтқанына келісуші едік. Ал біз қазір бір киіммен 4-5 жедел шақыртуға баруға міндеттіміз. Коронавирус жұқтырған үйге кіріп, одан кейін сол вирусты алып екінші үйге кіресің. Осы жағдайды айтып, әр шақыртудан кейін жуынып алуды, дезинфекция жасауларын сұрасаң, оған мүлде назар аудармайды. Ал құжатқа әр шақыртудан кейін жаңа қорғаныс киімін береміз, барлық санитарлық норма сақталады деп жазып қояды. Халық біздің бір киімді ауыстырып 4-5 үйге сол киіммен барып жүргенімізді қайдан білсін. Ал бұған қарсы шығайын десең, бірден жұмыстан шығарамыз деп қорқытады.

    Қорғаныс киімдері жуыла берген сайын олардың қысқара беретіні де белгілі. Қазір біз ол киімдерді кисек, қолы шынтағымыздан, аяғы балтырымыздан төмен түспейді. Ал берген қорғаныс аяқ киімдерін көрсеңіз өлшемі өте үлкен, көлікті айдаған кезде екі басқышты бірдей басып жібереді. Ол ыңғайсыз болғандықтан біз оны тек қасымызға қойып қана қоятынбыз. Ал қорғаныс киімдері тар, жыртық, тіпті, сырмақтары істеми қалған. Біз оны айтеуір амалымыздың жоғынан жамап, қайта жұмысқа кете береміз. Біз вирусты басқаларға жұқтырамыз ғой дегенде, өлсе өле берсін деген сыңай танытады.

    Ал дезинфекция жұмыстары жайлы айтатын болсақ, барлығы тек қағаз жүзінде ғана керемет. Дезинфекция жасату үшін рұқсат алу — жырдың-жыры. Біздің санитар қызметкерлерге айтар алғысымыз шексіз. Тек сол кісілердің арқасында ғана қорғаныс киімдері жуылады,  дезинфекцияланады. Тіпті, соның кесірінен ауруға шалдығып қайтыс болып кеткендері де бар. Ал біздің басшылық, тіпті, ондай өлімді де жасырады. Дезинфекция жұмыстарына бөлінген қаржыны жеумен қоса, санитар қызметкерлерінің өлімін де пайдаланып бағуда.

     Бітпейтін бензин тапшылығы

    • Бензинге байланысты мәселе туындаған кезде, бізге келген жаңа басшы Сәрсенбаев бұрынғы бензин құйдыратын компаниямен келісімшартты бұзды да, қала бойынша тек 5 жерде ғана бар компаниямен келісімшартқа отырды. «Мен осы келісімшарт арқылы 15 миллион теңге үнемдедім», — деп бізге мақтанып айтқаны да әлі есімізде. Ал біраз уақыттан кейін Бұл келісімшартқа отырған компания біздің көліктерге бензин құюдан бастартты. Себебін сұраған кезімізде сендер қара тізімдесіңдер деп жауап берді. Ал біз, көптеген жедел жәрдем жүргізушілері, жұмысымыздан айырылып қалғымыз келмегендіктен, амалсыз өз қалтамыздан бензин құйдыртуға мәжбүр боламыз. Бұл туралы басшылыққа айтсаң, мойындамайды.

    Көлік бұзылған жағдайда жүргізушілер оны өз ақшасына жөндетіп келген

    • Жедел жәрдем 24 сағат бойы жұмыс істейтіндіктен көліктің ай сайын ауыстырып тұруы керек құрылғылары бар. Келісімшарт бойынша бізге жаңа көліктер келгендіктен олардың гарантиясы да бар. Дегенмен, бұл аты ғана бар гарантия дымға да жарамсыз. Өйткені, компания көліктерді мүлде жөндемейді. Біздің мекеме оларға қарыз екендігін айтады. Тек жазда ғана қабылдай бастады. Дегенмен, сарыла күткен қуаныш та ұзаққа созылмады. Себебі, ол жерде кейбір қосалқы бөлшектер табылса, кейбірі мүлде жоқ. Сондықтан, біз оны өз ақшамызға жөндетуімізге тура келеді. Ал көлік жүрмесе, бізде кезекшілік болмайды деген сөз. Ал біз кезекшілікке шықпасақ, біздің отбасымызды кім асырайды?

    Бізге көліктің дөңгелектерін өз ақшамызға алдыртқан күндер де болды. Егер ол талабын орындамасақ жұмыстан шығарамыз деп қорқытты. 

    Жүргізушілер де көлікті қайта-қайта өз ақшасына жөндете беретіндей керемет айлық алмайды. Осы жағдайдан әбден шаршадық, жұмсаған ақшамыз 1 миллионнан асқан уақытта барлық чектерді жинап, басшыға ескертіп, тексеруге жібердік. Ал тексеріс біздің чектің барлығын жарамсыз қылып, ақыр соңында бір тиын да ала алмадық.

    Сондай-ақ біздің көліктердің жылдамдығын GPS құрылғысы арқылы бақылап отырады. Негізінен, заң бойынша олардың тексеруге құқысы жоқ. Егер сергек секілді ведеобақылау құрылғысы арқылы тексерсе біз түсінеміз. Олар GPS құрылғысы арқылы бізді тексереді де, жылдамдықты асырған уақыттарды пайдаланып жұмыстан шығаруға тырысады. Біздің кейде жылдамдықты асыратынымыз рас. Себебі, бізге әртүрлі жағдайда қоңырау түседі. Жағдайы нашарлаған науқастарды тезірек ауруханаға жеткізуге тырысамыз. Пандемия кезінде оттегі таусылуына байланысты жылдамдықты асыруымызға тура келді. Адам өліп бара жатқан кезде біз оған қарап отырмаймыз ғой, барынша тездету керек.

    Жалпы айтқанда, жүргізуші, фельдшер, санитар қызметкерлерінен кішкентай да болсын артық қимыл табуға тырысып, олардан құтылудың неше түрлі жолдарын іздестіреді.

    ПТР тесттің жауабын қолдан жасайды

    • Біз қазір клиникада птр тест мүлде жасатпаймыз. Себебі, тапсырсаң болды, бірден вирус жұқтырған деген қортынды шығарады да, 14 күнге карантинге жібереді. Содан кейін біз тағы да ақшасыз қаламыз. Клиникада да, жеке орталыққа да бірдей тапсырған қызметкерлер болды арамызда, екі жердің қортындысы екі түрлі. Біздің клиникаға қай кезде тапсырсаң да, вирус жұқтырған болып шығасың, сол үшін қазір біз тек өз қалтамыздан ақша шығарып, жеке орталықтарға ғана барып, ПТР тест тапсыратын болдық.

    Президент тапсырмасы бойынша 20%-ға көтерілуі керек жалақы тек қағаз жүзінде ғана орындалған

    • Былтырғы жылы Президент медицина қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға көтеру туралы тапсырма бергені барлығымызға белгілі. Бірақ, біздің басшылық қағаз жүзінде айлықты көтердік деп жазып, мына жақтан айтеуір бір себептер тауып, қызметкерлердің жалақысын 20%-ға қайта қысқартып тастады. Яғни біздің Жедел медициналық жәрдем қызметінде ешқандай да жалақы көтерілген жоқ.

    Басшылық қарсы шыққандарды жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, қысым көрсеткен

    Аталған мәселелердің барлығы да пандемия кезінде қатты өршігендіктен, ендігі қызметкерлердің шыдамы әбден таусылған. Қысым көрген қызметкерлердің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Арнайы қол жинап, Алматы қаласының әкімшілігіне де, антикоррупциялық бөлімшеге де, облыстық денсаулық сақтау басқармасына да барған. Бірақ, барлығы да олардың арыздарын жоққа шығарған. Тіпті, қызметкерлер Нұр-Сұлтан қаласына, Денсаулық Сақтау министрлігіне арнайы барып, ол жерге де 5 күн дегенде әрез дегенде арызын қалдырған екен. Ендігі әділетсіздіктің құрбанына айналған қызметкерлердің бар үміті министрлікте. Егер министрлікте бұл жайды бей-жай қалдырса Президентке видеожолдау жасаймыз деп отыр олар.

    Ал дәл қазір Жедел медициналық жәрдем қызметінің басшылығы арыз жазушы қызметкердің үстінен ірткі салуда деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғауға әрекет жасап жүрген көрінеді. Тіпті, қызметкерлерді бір-бірден кабинетінде 3-4 сағаттап ұстап, арызға қойған қолын қайтып алмаса, жұмыстан шығаратындығын айтып қорқытқан. Сондай-ақ өзіне қарсы шыққан жүргізушіге қарсы арыз жазуға үгіттеуде. 

    Бұл тек бір ғана бөлімшедегі жедел жәрдем жүргізушісінің жан айқайы емес, барлық жедел жәрдем жүргізушілерінің, фельдшерлер мен санитар қызметкерлерінің жете алмай жүрген әділдіктері.

    Міне, жемқорлықтың түбі қанша адамды жақынан айырды. Пандемия еліміздегі жемқорлардың бетін ашып берген секілді. Әрине, барлығының емес. Дегенмен, ел басына күн туған шақта, халықтың өмірі үшін жұмсалуы қаржыға қол сұғып, азаматтардың өлуіне сырттай қарап қана отырған басшыларға заң қашан жүреді екен? 70 жыл бойы бодандықтан әзер дегенде шыққан халық, енді өмір бойы ұры-қары басшылардың қорлығында өтпек пе?

    Фариза Жомартқызы

    қатысты посттар

    Қайрат Сатыбалдыұлының бақылауындағы компаниялардың былығы ашылды

    Фариза

    «Президент жолдауының 2 жылдық көрсеткішінде қитұрқы әрекеттерге куә болдық»

    Фариза

    «20 млрд теңге жымқырған»: «Оператор РОП»-тың бұрынғы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    10 + four =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.