-5.1 C
Алматы
Четверг, 14 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Спорт

    «Бапкер деген атқа лайықты емес» ауыратлет Альберт Линдердің інісі оның өліміне ұлттық құраманың аға бапкерін кінәлап отыр

    17 қыркүйекте қайтыс болған қазақстандық ауыратлет Альберт Линдердің туған бауыры Семен Линдер Instagram парақшасында жазба қалдырып, ағасының суицидке баруына не түрткі болуы мүмкін екенін қозғап өтті, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.

    Семен Линдер марқұм ағасы екеуінің осыған дейін жеңіп алған бардық медальді жерге көміп, бауырының бұл өмірден үнсіз кеткенін айтты.

    «Сен менің жүрегімдесің! Бұл екеуіміздің медальдарымыз. Екеуіміз ылғи бірге едік, жұбымыз жазылмайтын, балалық шағымыз, спорттағы өміріміз бірге өтті. Ол тек ағам ғана емес, әкемнің де орнын басты. Маған ешқашан берілмеуді, айналысқан шаруама жан-тәніммен кірісуді үйретті. Ағам ылғи да жігерлендіріп, мықты болуды, ең бастысы әділ болуды үйретті.

    Ол алдына айқын мақсат қоя білетін. Ауыр атлетикамен айналысып қана қоймай, онымен бірге өмір сүрді. Бұл істі бәрінен артық жақсы көретін. Спортқа барын салып кірісті, зілтемірді жақсы көретін, көңілінің тыныштығын осы бір спорттан тапты. Оның алға қойған мақсаты мен арманы бар еді. Өз елінің патриоты болды. Қазақстан туын мақтана көтеретін! Жүрегі кең, ешкімді алдамайтын, көмек сұрағандарға қол ұшын бермей қоймайтын, мейірімді жан еді. Ол жайлы жылы естеліктерді тоқтамай жаза беруге болады!», — деп тоқталды Семен Линдер.

    Семен Линдер ағасының қайғыға салынғанын айтып, оның жағдайын көре тұра ешкім жәрдем бермегенін жеткізді.

    «Жүрегі кең жігіт сынып кетті. Бірақ Қазақстан ұлттық құрамасында жаттығуын тоқтатқан жоқ. Ылғи оның қасында болдым. Бес күн нәр татпай қиналса да, жаттығуын жалғастырып жүрді. Жағдайын көре тұра ешкім жәрдем берген жоқ. Қабырғаға қолын сындырып алғаннан кейін жалғыз өзін үйіне, қасына ешкімді ертпей жібере салды. Ол — жеке бапкері ғана емес, Қазақстан ұлтты құрамасының аға бапкері.

    Бапкер деген атқа лайықты емес адам бір рет те мамандардың көмегіне жүгінген жоқ. Ол бала күнімізден көп жағымсыз әрекет жасады. Оны көбісі біледі, көбісі сол қиындықтан өтті. Себебі оның басты мақсаты – ақша ғана!

    Ағам қалыпты жағдайда болатын. Ол спорттан кеткеннен кейін ұзақ уақыт бойы осы ауыртпалықты жүрегіне жақын қабылдап түңіліп жүрді. Оны бәрі ұмытып кетті.

    Бапкер деген атқа лайықты емес адам ағамның өмірден түңіліп жүргенінде бір-екі рет қана келіп, жаттығуын қайта бастауға үгіттеді. Дәрігерлерге апарудың орнына шіркеуге алып барды. Ұлттық құраманың аға бапкері проблеманы осылай шешпек болды. Оның мұндай болмашы амалдары ағама спортқа қайта оралуға сеп болмады. Ағамның ауыр атлетикаға қайта оралмайтынын түсінгеннен кейін ол да шәкіртін ұмытып кетті!

    Абыройың бар, тұғырда жарқырап жүргеніңде сен бәріне керексің, ал тағыңнан түскеннен кейін орныңа басқа адамды оңай алмастыра салады.

    Ол ауыр атлетикадан басқа жерде жанына тыныштық таба алмады! Ол ешкімге ешнәрсе деместен кетті! Ағам өмірден өтті!» – деп жазды Семен Линдер.

    Семен Линдер ағасының өліміне қатысы бар жаттықтырушының спорттан аластатылғаны дұрыс деп есептейді.

    «Бір айтарым, бапкер деген атқа лайықты емес адам спортта болмауы, балаларды жаттықтырмауы керек. Маған сеніңіздер, егер қарапайым адам бір апта онымен бірге жаттықса шыдамас еді.

    Ойдан бірнәрсе құрастырып, біреуге бос айып тағудың мен үшін маңызы жоқ. Бұл шындық, оны айтуға ешкімнің батылы бармайды, біз де өз уақытында қорыққан едік! Осыған дейін үндемей келдік, енді бұл істің соңына дейін барамын!

    Ол – Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері. Гуглға аты-жөнін жазсаңыз бәрі шығады. Бізді кім жаттықтырғанын білетін боласыздар,

    Бұл іс жұрт назарынан тыс қалмайды деп үміттенемін. Кінәлі адам ҚР заңы бойынша жазалануғатиіс!», – деп жазды Альберт Линдердің туған бауыры Семен.

    25 жастағы Альберт Линдердің қайтыс болғаны бірер күн бұрын белгілі болды. Алдын ала болжам бойынша оның өліміне өзін-өзіне қол салу себеп болған. Ол жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы, Универсиаданың жеңімпазы және рекоршысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

    қатысты посттар

    Конор Хабибтің әйеліне тіл тигізді

    Головкин қызы мен үшінші баласын алғаш рет көпшілікке көрсетті

    Фариза

    Алматыда NFC 34 турнирі өтеді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    18 + seven =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.