-12.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Таңдайдағы қарияның жұмбақ өлімі: тұрғындар мұғалімінің мектепке оралуына қарсы

    Ауыл тұрғындары мектеп мұғалімін нағашысының мүрдесін жарты жыл жасырып ұстаған деп кінәлайды

    7 қыркүйекте 40-шақты тұрғын Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылындағы Қ. Ахмедияров атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімінің білім ошағына оралуына қарсылық білдірген болатын. Мектептің алдына жиналған көпшілік нағашысының мүрдесін үйінде себепсіз алты айдан астам жасырын сақтап қойған мұғалімнің өрескел қимылынан шошып, балаларын сабаққа жіберуге қорқып қалған көрінеді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі, azh.kz порталына сілтеме жасап. 

     

    Алақандай ауылды дүр сілкіндіріп, үрей туғызған бұл жайт өткен жылы болған. 82 жастағы нағашысының мүрдесі қаңтарда табылды. Нағашысы өлгеннен кейін оны жерлеудің орнына мүрдесін ұзақ уақыт ауладағы қорада сақтап, туысқандарға Қызылордаға, не басқа жаққа кетіп қалды деген екен. Тергеу басталған кезде ол уақытша жұмысынан шеттетілді, бірақ кейін полиция оның әрекетінен қылмыстық құрам анықтаған жоқ. Жазда ол ауылдан кетеді дегенді естіген халық бейқам отырды. Енді жаңа оқу жылы басталғанда ол мектепке жұмысқа қайта шығыпты. Осы жағдай ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып отыр.  

    «Менің немерем 9 сыныпта оқиды, ол мұғалімге қарап сабақ оқи алмаймын дейді. Ол да балалардың көзіне қарап отырып, қалай сабақ беретінін түсінбеймін, тіпті қорқамын одан. Оның ойында не бар екенін кім біледі?  Оған баламызды қалай сеніп тапсырамыз?», – деп сұрайды зейнеткер ұстаз Жәниба Қарасаева.

    «Біз оны бала күнінен жақсы білеміз, көз алдымызда өсті. Ал мына оқиғаны естігенде денеміз тітіркеніп, шошып қалдық. Оны өлтірмесін, бірақ нағашысының мүрдесін қорлағаны қалай? Осындай ұстаздың қолына баламызды қалай береміз?

    Оның мектепте қалып, жұмыс жасауына Таңдай тұрғындарының бәрі қарсы. Пандемияға байланысты аз адам жиналып тұрмыз, әйтпесе бүкіл ауыл келер еді. Ел үрейде, балаларда қорқыныш сезімі қалыптасқан. Оны көшеде кездестірсе, көп адам сырт айналады. Менің қызым жетінші сыныпта оқитын, ол биологтан бас тарттық. Директор мұғалімді ауыстырды, бірақ ол жоғары сыныптарға сабақ беріп жатыр. Біз ол мұғалім мектепте қалмау керек деп есептейміз», — дейді Қаршыға Дүйшімов және Жолдас Бисекенұлы.

    Бұл мәселеге қатысты Қ.Ахмедияров атындағы орта мектеп директоры Серік Қойбақов жауап берді.

    «Былтыр қаңтар айынан бастап тергеу уақытында жұмысынан шеттетілген болатын. Кейін оған кінә тағылмады да, шеттетілген уақыттағы еңбекақысы түгел төленді. Өзінің адвокатымен келгенде, халықтың ахуалына қарай басқа жақтан жұмыс іздеу жөнінде айтып түсіндірдім. Бірақ ол басқа жаққа бара алмайтынын айтып, жұмысқа келіп отыр. Оны жұмыстан босатуымызға дәлелді себеп жоқ. 6-7 сыныптардың барлық сағатын беріп отырмыз. Ата-аналар қарсылығынан кейін жоғары сынып оқушыларына сабақ беріп жатыр. Өзінің айтуы бойынша, қарттың жылдық қадесін өткізіп, сосын ойланамын деген. Ал ұжым түрлі пікірде. Ата-ана мен балаларды сабырға шақырып отырмыз», — деді ол.

    Ал, мұғалімнің өзі тілшілерге қандай да бір пікір білдіруден бас тартып отыр. Ал, мұғалімнің мектепке оралғанына наразы бір топ ата-ана оның ауылдан кетуін талап етіп отыр. Егер орындалмаса, Президент Тоқаевқа дейін арызданатынын айтты.

    Фото: ашық дереккөзден

    қатысты посттар

    «Басшылық қоқан-лоқы көрсетті» Бұрынғы колония қызметкері Президенттен көмек сұрады

    Фариза

    Қуат Хамитовтың соты кейінге шегерілді

    Фариза

    Алматы облысында екі жасөспірім гараждан өлі табылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    one × one =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.