11 C
Алматы
Вторник, 5 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Таразда тоғандарды қалпына келтіру жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асады

    Тараз қаласының ішінен ағып жатқан «Қарасу», «Қапал» секілді каналдардың үстіне кәсіпкерлер заңсыз нысандар салып тастаған. Бүгінде ол нысандардың 9-ы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында алынып тасталса, алтауының ісі сотқа өтті. Бұдан бөлек каналдың жағалауында орналасқан кейбір жеке тұрғын үйлердің қоршауы да өзіне тиесілі жер аумағынан шығып кеткен. Бұл туралы облыс әкімдігінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен «Тараз қаласының ирригация жүйелерін қалпына келтіру және дамыту» жөнінде өткен кеңесте айтылды.

    – Әлеуметтік желі арқылы тұрғындар тарапынан экологияға қатысты, оның ішінде көпқабатты тұрғын үй маңындағы аулаларды тазарту, шаһар ішіндегі арықтарға су жіберу, арық-каналдардың іші-сыртын қоқыстан, шөп-шаламнан арылту секілді шағымдар түскен болатын. Осы күнге дейін аталған олқылықтар мен қаланың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар атқарылды. Десе де алда атқарылар жұмыс көп. Соның бірі – каналдардың бойына, үстіне заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандарды жою. Ол жерді каналдарды тазарту, су жіберу арқылы канал жағалауында тұрғындардың бір мезгіл серуен құрып, саясында дем алатын, серуендейтін жағдай жасауымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстар тағы да бір пысықтауды қажет етіп отыр, – деді Бердібек Машбекұлы.

    Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарылқасын Айтақов «Тараз қаласының ирригациялық жүйесін қалпына келтіру мен дамытудың 2021-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бойынша жұмысты бес бағыт бойынша жүргізу айқындалғанын айтып өтті. Мәселен қазір қала аумағында 11 ирригация округі белгіленген. Округтердегі ирригациялық желілер мен арналардың жағдайы қайта зерттеліп және ақаулы актілер жасалған көрінеді. Қалпына келтіру-құрылыс жұмыстарының негізгі түрлері анықталып, оларды округтер бойынша өткізу және жылдарға бөлу кестесі айқындалыпты. Бүгінгі күні негізгі жұмыс түрлері бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттік өтінім беріліп те қойған екен. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда ағымдағы жылдың соңына дейін арық-арналарды жөндеу, науаларды (лоток), шлюздерді, құбыр өткелдерін жөндеу және ауыстыру жұмыстары жүргізіледі екен. Егер бұл қаражат толық бөлінбесе, жұмыс келер жылға созылмақ.
    – Бұдан бөлек, арналарды механикалық тазалау жобалары бойынша 329 миллион 410 мың теңге көлемінде бюджеттік өтінім берілді. Сұралған қаражат қолдау тапқан жағдайда арналарды механикалық тазартуды осы жылы аяқтауға мүмкіндік бар, – деді Ж.Айтақов.

    Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев қаладағы ирригациялық арық жүйелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілгенін, нәтижесінде қала аумағындағы 1 388 көше мен бұрылыстардың 699-ы бойынша ұзындығы 1 398 шақырымды құрайтын ішкі арық желілері бар екенін, оның ішінде лоток жүйелері 498 шақырымды құрайтынын айтты.

    – Қазіргі таңда канал үстіне заңсыз салынған 6 кәсіпкерлік нысанның ісі сотқа өтті. Төртеуі «Қарасу», екеуі «Қапал» каналының үстіне салынған. Негізінде ағаштан, темірден құрастырылған мұндай нысандар алынып тасталды да, бетоннан құйылған күрделі нысандардың иелері бұзғысы келмей отыр, – деді А.Есеналиев.

    Өз кезегінде облыс әкімі заңсыз салынған құрылыс нысандарын күрделі, жеңіл демей сот шешімі арқылы жеделдетіп алып тастау қажеттігін баса айтты. Демеушілердің көмегімен құрылысы жүріп жатқан «Үш бұлақ» каналының жағалауын демалыс орнына айналдыру ісін қараша айына дейін аяқтау қажеттігін ескертті. Облыс әкімі жауаптыларға шаһардағы су мүлде бармаған 4 бірдей ықшамауданға ағын су жеткізуді, жалпы қаланың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жұмысын кезең-кезеңімен жүзеге асыру және басқа да мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.

    қатысты посттар

    ШЫМКЕНТ: «САЛАМАТТЫ ҰРПАҚ» ТАҚЫРЫБЫ АЯСЫНДА ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ТУРНИР ӨТТІ

    Фариза

    Шымкент: цитадельдегі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын

    Фариза

    Б. Сапарбаев: Халқымыздың басты байлығы – тұрақтылық пен келісім

    Фариза

    Пікір қалдыру

    three + 12 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.