-5.1 C
Алматы
Четверг, 14 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан көмек сұрауда

    Қазақстанда және бірнеше елде террористік ұйым деп танылған «Талибан» қозғалысы Ауғанстанға бақылау орнатты. Азаттық тілшісі сөйлескен Ауғанстан қазақтары үрей үстінде отырғандарын айтып, Қазақстаннан жәрдем сұрайды.

    «Талибан» 15 тамызда Ауғанстан астанасы Кабулды ұрыссыз алып, президент сарайына кірді. Президент Ашраф Ғани Ауғанстаннан шығып кетті. Қазір елде дүрбелең болып жатыр.

    Ауғанстанның тәліптерден сескенген халқы елден кетудің барлық жолын іздеп жатыр. Интернетте тараған видеоларда Кабул әуежайына ағылған жұртты, ұшақтарға жанталаса кіруге тырысып жатқан адамдарды байқауға болады.

    Азаттық тілшісі сөйлескен Ауғанстандағы қазақтар да елді үрей билегенін, қорқынышта өмір сүріп жатқандарын айтады.

    «МЕКТЕПТЕ САБАҚ БОЛМАЙДЫ»

    «Талибан» бақылау орнатқан Құндыз қаласының тұрғыны 32 жастағы Қ. (қауіпсіздігі үшін аты-жөні көрсетілмеді — ред.) «күндіз үйден шыға алмаймыз, тығылып жатамыз» дейді. Мектеп жасындағы екі қыз, бір ұлы барын айтқан қала тұрғыны енді сабақ болмайды деп күрсінеді.

    – Қазір көшеде тыныш. Ешқандай атыс-шабыс жоқ. Бірақ мектеп, банк, дүкендердің бәрі жанып кетті. Енді мектепте сабақ болмайды. Кешке қаланы тәліптер аралап жүреді. Олар ұрып-соғады, – дейді ол.

    "Талибан" қарулы қолы басып алған Құндыз қаласында бүлінген дүние-мүлкінің жанында тұрған адамдар. Ауғанстан, 8 тамыз 2021 жыл.
    «Талибан» қарулы қолы басып алған Құндыз қаласында бүлінген дүние-мүлкінің жанында тұрған адамдар. Ауғанстан, 8 тамыз 2021 жыл.

    Құндызда тұратын қазақ «Талибан» содырлары өзге ұлт өкілдеріне де қысым жасайтынын айтады.

    – Ауғанстанда тәліптердің қолында қалдық. Құндызда он бестей ғана қазақ отбасы бар. Бәріміз үрейленіп отырмыз. Өзбекше сөйлейміз, қазақ тілін ұмыттық. Тәліптер ұрады, соғады. «Қазақ болсаң Ауғанстаннан кет. Бұл жерде не шаруаң бар» дейді. Ауғанстанда қымбатшылық. Күнімізді әрең көріп отырмыз. Ал тәліптер «нан бер» деп келеді. Бізге тыныштық берер емес, – деген ол Қазақстаннан жәрдем сұрады.

    Ауғанстан қазағы қолында құжаты, я азаматтығы жоғын, құжат жасату үшін «Талибан» бақылауындағы Кабулға бару керегін айтады.

    – Қазір адамдар Өзбекстанға, Тәжікстанға, Иранға қашып жатыр. Ал қазақтар ешқайда кете алмай отыр. Ешкім бізден хабар алмады. Қолымызда жеке куәлік жоқ. Бізге азаматтық та бермеді. Алыстағы Кабулға жете алмаймыз. Қолға түссек, соғысқа әкетеді, – дейді ол.

    «КӨМЕКТЕСІҢІЗДЕРШІ!«

    Құндыз қаласында тұратын тағы бір қазақ 45 жастағы Х. (қауіпсіздігі үшін аты-жөні көрсетілмеді — ред.) екі баласы және кәрі анасымен тәліптерден қашып, жасырынып жүр. Тәліптер Құндызға шабуыл жасағанда кәсіп қылып отырған дүкені өртеніп кеткенін айтады.

    – Әкем де, шешем де қазақ. Тәліптер бізді қуғындап жатыр. Жасырынып жүрміз. Біз секілді қашып жүргендер өте көп. Кабулдағы Қазақстан елшілігінен көмек сұрайық десек, ол жер алыс. Жолда тәліптердің қолына түсіп қаламыз ба деп қорқамын. Көмектесіңіздерші, – деді ол WhatsApp арқылы Азаттыққа жолдаған аудиосында.

    Бұдан бөлек Қазақстандағы кейбір қазақтар да Ауғанстанда қалған туыстарының өміріне алаңдап отыр. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын Ибадулла Тұраптың екі ағасы мен үш қарындасы Кабулда қалып қойған.

    – Бір әкеден тараған тоғыз баланың бесеуі Ауғанстанда. Ауғанстандағы жағдайды естіген боларсыз. Жағдай қиын. Бізді алып кетіңдер деп жатыр. Оларды қалай алып кетеміз? Өзіміздің де келгенімізге де алты жыл болса да әлі күнге Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрміз, – дейді Ибадулла.

    Ибадулланың Ауғанстанда әкесімен бірге туысатын басқа да туыстары бар. Соның бірі осыдан бірнеше апта бұрын базарға барғанда оқ тиіп қайтыс болған.

    ЖҰРТ ТӘЛІПТЕРДЕН НЕГЕ ҮРЕЙЛЕНЕДІ?

    Ауған жұрты тәліптер шариғат заңын орнатып, құқығымызды шектейді деп қорқады. Тәліптер ұрлық жасағандардың қолын кесіп, адам өлтірді деп күдікке ілінгендерді, жұбайының көзіне шөп салды деп айыпталғандарды ешқандай сотсыз жұрттың көзінше өлім жазасына кеседі. Ер адамдарды сақал өсіруге, әйелдерді пәренжі киюге мәжбүрлейді.

    Ауғанстанның "Талибан" басып алған солтүстік аймағынан қашып келген босқын әйелдер ел астанасыдағы саябақта таратылып жатқан азық-түлікті алу үшін кезекте тұр. Кабул, 13 тамыз 2021 жыл.
    Ауғанстанның «Талибан» басып алған солтүстік аймағынан қашып келген босқын әйелдер ел астанасыдағы саябақта таратылып жатқан азық-түлікті алу үшін кезекте тұр. Кабул, 13 тамыз 2021 жыл.

    «Талибан» теледидар көру, музыка тыңдау, кинотеатрға баруға тыйым салып, 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруына шектеу қояды.

    Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары «Талибанды» адам құқығын өрескел бұзады деп жиі айыптайды.

    Ал 20 жылдан кейін Ауғанстанға қайта бақылау орнатқан «Талибан» Ауғанстан халқының құқығын шектемейтінін мәлімдеді. Бірақ ауғанстандықтар олардың сөзіне сенбейді.

    Биыл Ауғанстаннан АҚШ бастаған шетелдік коалиция әскері шыға бастаған тұста «Талибан» қарулы қолы белсенді іс-қимылға көшіп, бірнеше айдың ішінде елге бақылау орнатты.

    2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі террор шабуылынан кейін АҚШ пен одақтастарының әскері Ауғанстанға кірген соң, елді 1996 жылдан бері басқарған «Талибан» биліктен кетіп, кейінгі 20 жылда ұрысты тоқтатпаған еді.

    Дереккөз: Азаттық радиосы

    қатысты посттар

    Павлодар облысында жедел жәрдем жүргізушісі мас күйінде ұсталды

    Фариза

    Қазақстан ресейлік «Гостех» платформасын 500 миллион долларға сатып алады

    Фариза

    Украинадағы соғыста қазақтар да қаза болып жатыр

    Фариза

    Пікір қалдыру

    20 + thirteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.