-0.1 C
Алматы
Четверг, 26 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Дін

    «Қой жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады» Құрбан шалу туралы не білуіміз керек?

    Құрбандық —

    1. Алла жолына арнап шалынатын мал. Құрбандыққа мал шалу дәстүрі ислам тарихында өз ұлы Исмаилды Алла ризалығы үшін құрбан етпек болған Ибраһим пайғамбарға байланысты шыққан. Құрбан айт кезіндегі құрбандық үшін малдың үш түрін: түйе, сиыр, қой не болмаса ешкі союға болады. Құс союға болмайды, ал жылқы малы Имам Ағзам жолы бойынша соғыс көлігі саналып, құрбандыққа жатпайды. Құрбандыққа қой мен ешкінің бір жасқа толғаны, түйенің бес, сиыр мен өгіздің екі жастағысы сойылады. Бұлардың дене мүшелері түгел әрі сау болуы шарт. Құрбандық етінің үштен бірі отбасына қалдырылады, екінші жартысы тұрмысы нашар ағайын-туысқа, үшінші бөлігі кембағалдарға таратылады.
    2. Алла ризалығы үшін, сондай-ақ ел, жер, Отан қорғау жолында атқарылатын ерекше іс-әрекеттер.

    Құрбан (араб.: ‎ -«жақындау»), Шариғаттағы терминдік мағынасы — Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері.

    1. Аллаһ Тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақыретте сый-сыяпатына кенелтеді. Құрбандық шалу да Аллаһ Тағаланың арнайы әмірі болғандықтан бұл әмірді ықыласпен орындаушы Раббысының ризашылығына қауышып, ана дүниеде жүзінің жарқын болып, мол сауапқа шомары сөзсіз. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қайы ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

    Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа хадистерінде Аллаһ ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген:

    Сахабалар Расулымызға (с.а.у.):- Уа, Аллаһтың Елшісі құрбандық деген не? — деп сұрақ қойды.
     Құрбандық — сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, — деді.
    — Одан бізге қандай сауап бар?
    — Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
    — Қойдың жүнінен ше?
    — Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады (ибн Мажа, Сәуәбуладахи, 3118).

    Аллаһ Тағала құрбанның ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Шалған құрбанның еті немесе қайы Аллаһ Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ оның әмірін ләббайк деп орындаудағы ықылас пен ниет Аллаһ Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болады. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Аллаһ Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Саффат», 107-аят).

    2. Құрбандық шалу — Ибраһим Пайғамбардай (ах.) жалғасып келе жатқан сүннет. Ибраһим Пайғамбар (ах.) Аллаһ Тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмайлды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сынақтан өтті. Құрбандық шалу сол ғибратты оқиғаның бір көрінісі.

    3. Адам баласы Құрбан айтта Құрбандық шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің түкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

    4. Жаратылысында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәнегі бар жалпы адам баласы Құрбан айтта тек қана Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін кедей бауырларына жәрдем беру арқылы аталмыш болымсыз сипаттардың дәнегінің түбін балтамен тауып, оның орнына бойындағы бауырмалдық, жомарт, кішіпейіл сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өніп-өсіп, жетілуі үшін су себеді.

    Құрбан айтта құрбандық шалудың үкімі

    Ханафи мазһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбандық шалу — уәжіп. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар», 3-аят) — деп, әмір етіп, құрбандық шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» — деп бұйырған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», — деуі құрбандық шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет» жолы деген мағынаны білдіреді. Бізге уәжіп болған құрбандық шалу — Ибраһимнің (ах.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді. Құрбандық шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.

    1. Мұсылман болу.
    2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау.
    3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері — 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша.

    Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толуы шарт емес. Құрбандық шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана егін пайдалану үшін де союға болады.

    Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін бастадың, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанның шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Құрбандық шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: «Аллаһтың Елшісі (с.а.у.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, Құрбандығымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», — деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

    Құрбандыққа шалуға болатын мал

    Тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандықдыққа жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты айдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбандық ретінде сойылмайды.

    Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

    Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған Құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату — мұстахап. Бір бөлігі — туған-туыс, бай болса да көршілеріне сыйға тартылады, екінші бөлігі — кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі — өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде Құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» («Хаж», 28-аят). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шалған Құрбанның етін қалай таратқаны турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) шалған Құрбандығының үштен бірін — отбасына, үштен бірін — кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын». Уәжіп болсын, нәпіл болсын Құрбандыққа шалынған малдың егін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату — мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазіреті Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Аллаһтың Елшісі (с.а.у.) түйелер Құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», — деді. (Муслим, Хаж, 348). Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады. Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, Құрбандық міндеті мойнынан түспейді. Өлген кісі өзінің атына Құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен Құрбан айт күндерінде Құрбан шалуға болады. Шалған Құрбанның етінен жеуіне рұқсат. Бірақ елінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған Құрбанның етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

    Ақиқа

    Жаңа туған сәбидің басындағы шашын «ақиқа» — дейді. Аллаһ Тағаланың нәсіп еткен перзентіне шүкір ретінде шалынатын мал да «ақиқа» Құрбаны делінеді. Ақиқа Құрбанын сәбидің туған күнінен бастап, балиғат жасына толғанға дейін шалуға болады. Бірақ сәбиге жеті күн толғанда шалу абзал. Сәбидің туғанына жеті күн болғанда аты қойылып, шашы алынады. Алынған шаштың салмағында алтын немесе күмісті садақа ретінде беру — сүннет. Құрбанның да сол күні шалынуы — мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі немересі Хазіреті Хұсайн және Хасан үшін ақиқа Құрбанын шалғаны риуаят етіледі. Құрбан айтта Құрбандыққа жарайтын малдар ақиқа Құрбанына да жарайды. Қыз балалар үшін де ақиқа Құрбанын шалады. Ақиқа Құрбанның иесі етінен жеуіне және басқаларға садақа ретінде таратуына болады. Ақиқа Құрбанын шалар кезде: «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар. Аллаһым, бұл сенің ризалығың үшін шалынған пәленшенің ақиқа Құрбаны» — делінеді.

    Құрбандық әдептері

    • Құрбандық ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау — мәкрүһ. Ал, қинамай сою — сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар.Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын» (Муслим, Сайд,57).
    • Құрбандық ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:«Инна салати уа нусуки уа махиана уа мәмәти лилләһи Раббил-а’аламина лә шәрика ләһ»(«Әнғам», 162-аят). «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ».
    • Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар ля илаһа иллаллоһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» — деп, тәкбір айтып,«Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» — деп бауыздалады. Тек қана Құрбандықтың иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» — деуі жеткілікті емес. Құрбандықты бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» — деуі керек.Әдейі ұмытпаған «Бисмиллаһ» деп айтпаса, Құрбандығының етін жеуге болмайды.Өйткені Аллаһтың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу — харам. Құрбандықтың иесі Құрбандықты бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек.
    • Сойылатын мал Құрбандық ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру — мәкрүһ.

    Бірігіп құрбандық шалу

    Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбандық ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнай, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбандық шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбандық үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбандық болып есептелмейді.

    Дереккөз

    қатысты посттар

    Түкірік пен қақырықты жұту оразаны бұза ма?

    Фариза

    ҚМДБ республика бойынша айт намазының уақытын жариялады

    Фариза

    «Балаларымыз мектепке дейін орамалмен барады, мектептің жанында шешеді» Хиджап дауы тағы да көтерілді

    Пікір қалдыру

    sixteen − 6 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.