Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі.
«Біріншіден, бұл пенденің жаратушы иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді», — деді Х.Аманқұл.
Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілі көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады.
Сондықтан құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатта мынадай талаптар қойылады:
Біріншіден, құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал.
Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады.
«Ал түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қара малды жеті адамның атынан бауыздадық» деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек», — деп түсіндірді.
Ақауы жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу керек. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.
«Пайғамбар «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған малдар» деген. Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді», — деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл.
Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ. Тағы бір талап – белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.
Буаз малды құрбандыққа шалуға бола ма?
Әбу Сайд әл-Худури былай дейді: «Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Уа, Алла Елшісі! Біз түйені, сиырды және қойды бауыздағанымызда ішінен баласы шығып жатады. Оны жей берсек бола ма, әлде лақтырып жібереміз бе?» — деп сұрағанымызда Ол: «Қаласаңдар оны жеңдер, өйткені анасының бауыздалуы оның бауыздалуы», — деп жауап берді.
Хадисте айтылғандай, буаз малды союға рұқсат. Алайда төлдеуіне жақын қалған буаз малды сою – мәкруһ. Шариғат қоғамның немесе жеке тұлғаның қажеттілігі болмаса, себепсіз үй жануарларын союға, жабайы аңдарды аулау мен атуға, ағаштарды орынсыз кесуге рұқсат етпейді.
Ибн Рушд: «Көпшіліктің пайдасына жарап жатқан буаз түйені, жер жыртатын сиырды және сауынды қойды союға болмайды»- дейді.Буаз мал сойылған жағдайда оның ішінен шыққан төлін жеудің үкімі екіге бөліп қарастырылады:
1) Жұмһур ғұламалардың көзқарасы бойынша жан берілмей (яғни ұйыған қан, кесек ет) немесе жаратылысы толық жаратылмаған төлді жеуге болмайды. Өйткені ол өлексе саналады.
2) Жан беріліп, толық жаратылыс күйінде шыққан төлге қатысты бірнеше пікір бар:
— Толық тірі туылса, оны сою керек. Егер соймай жатып өліп кетсе, ол өлексе болып саналады.
— Анасын бауыздамай жатып ішіндегі төлі өлгені белгілі болса, оны жеуге болмайды.
— Буаз мал бауыздалып, ішінен төлі өлі шықса, оның қай сәтте өлгені белгісіз болғандықтан, басым көзқарас бойынша анасының бауыздалуымен өлді деген тұжырым жасалады. Дегенмен бұл мәселеде ғұламалар арасында пікір қайшылығы орын алған. Сахабалардың басым бөлігі және имам Мәлик, имам Шафиғи, имам Ханбал, имам Әбу Юсуф, имам Мухаммед ондай төлді жеуге рұқсат берген. Олар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Анасының бауыздалуы оның да бауыздалуы», — хадисін дәлелге алып, анасын бауыздау оның төлін бауыздаумен бірдей деген.
Имам Әбу Ханифа, Зуфар, Хасан ибн Зияд болса, ондай төлді жеуге болмайды деп, мына аятты алға тартқан:
حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ
«Сендерге өлексе харам етілді». Аталмыш ғалымдардың ұстанымы бойынша буаз малды бауыздағаннан кейін ішінен шыққан төл тірі болмаса, ол өлексе болып саналады. Себебі іштегі төлдің тіршілігі дербес келеді. Өйткені ол анасы өлгенен кейін де тірі қала беруі мүмкін. Сондықтан ол жеке бауыздалады дейді.
Қорыта айтқанда, буаз малды союға рұқсат етіледі. Тек төлдеуге жақын қалған уақытта бауыздау – мәкруһ. Бауыздалған малдың төлі тірі шықса, оны бауыздап жеуге болады. Ал өлі туылса жеуге болмайды. Сонымен қатар, құрбандыққа шалынған буаз малдың ішінен шыққан төлі тірі болса, оны анасы секілді бауыздап, еті таратылады. Алайда оны бауыздамай, тіпті құрбан шалу уақыты өтіп кетсе тірідей садақа етіледі. Дегенмен, құрбандыққа буаз малды таңдамаған дұрыс.