Автомобиль жолдары комитетінің бұрынғы төрағасы Сайранбек Бармақов «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» басшысының орынбасары болып тағайындалды. Бұл ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі растаған, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Azattyq-ruhy.kz порталына сілтеме жасап.
Жол активтері ұлттық сапа орталығы ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 19 наурыздағы №131 қаулысы негізінде құрылды. Кәсіпорынға 16 «ОблЖолЗертхана» республикалық мемлекеттік мекеме (РММ) біріктірілді.
Мақсаты — жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау.
Еске салайық, 9 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық және жергілікті жолдардың сапасына байланысты мәселе көтерді. Президенттің сынынан соң «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды.
Сондай-ақ 20 сәуірде автожол саласындағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды.
Одан бөлек, жақында Сайранбек Бармақовтың «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы филиалының директоры қызметіне тағайындалғаны жайлы ақпарат жалған болып шықты.