1 C
Алматы
Воскресенье, 17 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    «Жеке мүддені қорғаштайды». Кәсіпкерлер облыс әкімі Даниал Ахметовті сөкті

    Шығыс Қазақстанда бірнеше кәсіпкер облыс басшылығын мемлекетке «зиян» шешімдер қабылдады деп сөкті. Даниал Ахметов басқаратын облыс әкімдігі бұған ресми пікір білдірген жоқ. Қазақстанда бизнестің билікке ашық қарсы шығатын кезі сирек. Бұл жолғы тірестің астарында не жатыр?

    Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті «зиян» шешімдер қабылдап, «жеке мүддесін көздейді» деп сынаған кәсіпкерлер. Семей, 14 сәуір 2021 жыл.Заңсыздық, әділетсіздік, жеке мүддені көздеу, мемлекет, бизнес пен қарапайым халықтың мүддесіне немқұрайды қарау. Бұл – бірнеше кәсіпкердің Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовке таққан айыптаулардың бір бөлігі ғана. Билікке наразы бизнес өкілдерінің қатарында «парламенттік оппозиция» саналатын партиядан шыққан мәжіліс депутаты да бар. Кәсіпкерлер наразылығымен қатар жергілікті чаттарда әкімге қарсы шыққан бизнес өкілдерін «өкпелі топ» деп атаған жазбалар мен өңір басшысын нысанаға алған «тайталас» жайлы қауесет те тарады.

    ЖЭС САЛУДЫҢ ЖЫРЫ

    14 сәуір. Семей қаласы. «Өңірдегі өзекті мәселелерді» талқылаған дөңгелек үстелдің басында алты адам отыр. Жиында айтылған сөздерге қарағанда, ең маңызды мәселе – облысты 2014 жылдан бері басқарып отырған әкім Даниал Ахметов сияқты.

    «Ол – өзінен басқа ешкімді ойламайтын адам. Осындай адамның мемлекеттік билік өкілі болып жүргені өкінішті. Ол біздің компаниядан көп ақша талап етті» деді қағаздан оқыған мәтінін түрік инвесторларының хаты деп таныстырған Unit Group инвестициялық компаниясының өкілі Олжас Есенғарин.

    2016 жылы Unit Energy Investment компаниясы Семей қаласында ЖЭС-3 (жылу электр станциясы) салу үшін инвестиция және даму министрлігімен келісімшартқа отырған. Инвестор жылу электр станциясын өз қаржысына салмақ болған. Олжас Есенғариннің айтуынша, басында құрылысқа қызығушылық танытқан облысы әкімі Даниал Ахметов компанияға өз адамын қосуды талап еткен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымхан Мәсімов (марқұм) кезінде түрік компаниясының мүддесін қорғап, ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ахметовтің осындай талап қойып, инвесторларға қалауын орындатқанын айтқан еді. Олжас Есенғариннің сөзінше, осыдан кейін Ахметов өз адамының компаниядағы үлесін арттыруды сұраған, инвесторлар әкім талабын орындаудан бас тартқаннан кейін әкімдік құрылысқа жер бермей қойған. Істің соңы сотқа жетіп, әкімдік инвестормен жасалған келісімшартты бұзбақ болған.

    Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті "зиян" шешімдер қабылдап, "жеке мүддесін көздейді" деп сынаған кәсіпкерлер. Семей, 14 сәуір 2021 жыл.
    Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті «зиян» шешімдер қабылдап, «жеке мүддесін көздейді» деп сынаған кәсіпкерлер. Семей, 14 сәуір 2021 жыл.

    Жылу электр станциясы құрылысына жер бермеу үшін әртүрлі себеп аталған: әкімдік басында жердің техника-экономикалық негіздемесіз берілмейтінін айтқан, кейін «бұл жерде археологиялық мұралар болуы мүмкін» дегенді алға тартқан (сарапшылар «құрылысқа бөлінген аумақта ешқандай археологиялық ескерткіш жоқ» деген қорытынды берген). Жергілікті билік «инвестор өтірік айтады, оның қаржысы жетпейді» деп сылтауратуға тырысқан (бұған жауап ретінде инвестор банктен шотында жеткілікті қаржы барын растайтын анықтама әкелген), соңында әкімдік жаңа инвесторлар табылғанын айтқан.

    – Сот әкімнің арызын өзіне қайтарып, оның [инвестициялық компанияның] қаржысы жетпейді деген сөзі дәлелденбегенін айтқан. Осыдан кейін Семей қаласының әкімі де дәл осындай арыз берген, – деді баспасөз конференциясында сөз алған Олжас Есенғарин.

    Жаңа инвестор табылып, келісімшарт бұзылғаннан кейін сот қала әкімінің арызын қанағаттандырған.

    Бұл кикілжің туралы ақпарат құралдарына шыққан көп материал кейін онлайн-ресурстардан өшірілген. Даниал Ахметовтің немесе әкімдік өкілдерінің аталған тақырып бойынша жасаған ресми мәлімдемелерін табу мүмкін болмады. Әкімдіктің бұл жағдайға байланысты көзқарасын сот істеріне қарап-ақ түсінуге болады. Сотта әкімдік түрік инвесторларын «талапқа сай келмейді» деп бағалаған. Ахметов келісімшарттың бұзылуына байланысты айыптаудың астында қалған, бірақ әкім ешкімнің үстінен жала жабу туралы арыз бермеген.

    ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ ҚҰРЫЛЫСЫНАН ШЫҚҚАН ДАУ

    Өңір билігіне қарсы айыптаулардың бір бөлігі Семейде қоқыс полигонын салу жоспарымен байланысты. Бұл оқиға биыл наурыздың соңында басталған.

    29 наурызда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәжіліс залында шенеуніктер Еуропа қайта құру және даму банкі мен «Келешек» көпсалалы эксплуатациялық кәсіпорны» коммуналдық мекемесінің арасында Семей қаласындағы қатты тұрмыс қалдықтары көмуге арналған полигонды модернизациядан өткізуге қажет қарыз алу жөніндегі келісімге қол қоюы тиіс еді. 2018 жылы облыс әкімі Даниал Ахметов Лондонға барып келгеннен кейін осы жобаға қызығушылық танытқан. Бәрі жақында полигон құрылысы басталады деп сенген. Бірақ «Келешек» кәсіпорны директоры міндетін атқарушы Мақсұт Нығметов келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан соң полиция оны мекемеден шығарып жіберген.

    Нығметов бұл жобадан ашық түрде бас тартқаннан кейін Еуропа қайта құру және даму банкі директорының атына жіберген хатын жариялады. Ол хатында «облыс басшылығының мақсаты – Еуропа қайта құру және даму банкінің құрылысқа бөлген қаржысын Қазақстанға тән жемқорлық қаупімен игеру» деп, болып жатқан оқиғалар «ақылға сыймайтын нәрселер театрына» ұқсайтынын жазған.

    Оның сөзінше, полигонға жұмсалатын ақша (6,2 миллиард теңге) қажет сомадан бірнеше есе артық, сондықтан Еуропа қайта құру және даму банкінен алынатын 3,8 миллиард теңге несиенің ауыртпалығы қоқыс шығаруға қазіргіден әлдеқайда көп ақша төлейтін қала халқының иығына түседі. Нығметов бір тонна қатты тұрмыс қалдығын жаңа полигонға жеткізу тарифі (бұл тарифті қоқыс шығаратын компаниялар төлейді) 2025 жылға қарай 1374 теңгеден 21 670 теңгеге дейін өсуі мүмкін екенін айтқан.

    14 сәуірде өткен дөңгелек үстелде қалалық мәслихат депутаты, қазір жұмыс істеп тұрған қоқыс полигонының басшысы, жобаны дайындаған жұмыс тобының кеңесшісі болған Рафаил Хазипов Нығметовтың позициясын қолдады. Ол «жобаның қаржы моделімен танысып, онда көрсетілген барлық сандар қалаған нәтижеге қарай бейімделгенін» түсінген.

    – Орташа есеппен алғанда елде бір тонна [қатты тұрмыс қалдығын] көму 1250-1750 теңге тұрады. Бұл бағаны 15 есе өсіру ақылға сыймайды. Бұдан кейін тариф екі немесе одан көп есе өседі. Осыған дейін айтылған 456 теңге деген тариф белгілесек [әкімдіктің Нығметовтың арызына берген жауабында осылай көрсетілген], онда қалған шығынды бюджет есебінен өтеу керек. Бұған айына 150-200 миллион теңге кетеді. Мұны кім және не үшін істеп отыр? Жаңа полигон қажет, бірақ оның құрылысы қала тұрғындары үшін тарифтің өсуіне әсер етпеуі керек деп ойлаймын, – дейді ол.

    Қоқыс полигонында жұмыс істеп жүрген трактор. Көрнекі сурет.
    Қоқыс полигонында жұмыс істеп жүрген трактор. Көрнекі сурет.

    Облыс әкімдігі бұл ақпараттың бәрін жоққа шығарды. Жергілікті билік не Нығметовтың, не Хазиповтың сөзіне қосылмайды. Бірақ әкімдік аталған тұлғаларға ешқандай айып тағып отырған жоқ. Ал интернетте аты-жөні көрсетілмеген дереккөздерден түскен ақпараттар тарап жатыр. Әлеуметтік желідегі топтарда 14 сәуірде өткен дөңгелек үстелге қатысушыларды «конструктивті сын айтуға қабілетсіз, өкпесі қара қазандай кәсіпкерлер тобы» деп атаған жүздеген жазба жарияланған. Жазба авторлары облыс билігінің «мұндай сынға үнемі дұрыс реакция білдіретінін» айтып, кәсіпкерлерді «әкімдік беделін түсіру үшін сөз байласқан» деп айыптаған.

    БІР КӨЗДЕН САТЫП АЛУ ЖӘНЕ ТЕНДЕРЛЕР ЖҮЙЕСІ

    Сәрсенбі күні «ДСУ №14» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Александр Федосов, «Медтехника» компаниясы директорының міндетін атқарушы Бақтияр Сапиев және Семей қаласындағы қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаев та әкімдікті сынады.

    Исаев пен Федосов мемлекеттік сатып алу кезінде тендерлердің көп бөлігі үнемі белгілі бір компанияларға байқаудан тыс берілетінін айтады.

    – Шығыс Қазақстан облысы бойынша барлық мемлекеттік тапсырыстың шамамен 95 пайызы бір көзден сатып алу әдісі бойынша жүргізілген. Мен бұл деректерді бірнеше рет айтып, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюродан бастап, ұлттық қауіпсіздік комитетіне дейін әртүрлі мемлекеттік органдарға көрсеттім, – дейді Федосов.

    Александр Федосов – облыс басшылығымен бұрыннан келісе алмай жүрген кәсіпкер. Ол бұл туралы 2020 жылғы 1 маусымда мәлімдеген. Кәсіпкер байқауда үнемі екі компания жеңіске жететінін, тендерден кейін мемлекеттік тапсырыстың бюджеті қайта қаралып, қаржы көлемі артатынын айтып, наразылық білдірген.

    Кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті "жеке мүддесін көздейді" деп сынады. Семей, 14 сәуір 2021 жыл.
    Кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті «жеке мүддесін көздейді» деп сынады. Семей, 14 сәуір 2021 жыл.

    – Жеті жоба бойынша бюджетке құны 23 миллиард теңге болатын өзгеріс енгізілген! – деген кәсіпкер ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен облыстық соттың тексеруі нәтижесінде ұсынған деректерінің бәрі расталғанын айтты.

    Әкімдік осы айыптауларға жауап ретінде «мемлекеттік органдар тарапынан бәрі ашық жасалғанын, мұның бәрін мемлекеттік тапсырыстар сайтынан онлайн режимде көруге болатынын» мәлімдеді.

    Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің дерегінше, тексеру кезінде Өскеменде жол жөндеу және көшелерді қайта жаңғырту бойынша арнайы тәртіппен өткен он байқаудың төртеуінде мемлекеттік тапсырысты алуға ниет білдірген кәсіпкерлердің өтініштері қабылданбай, заңсыздық жасалған. Әкімдік бұған келіспей, департаменттің шешіміне қарсы шағым беретінін хабарлады. Әзірге бұл туралы ақпарат жоқ.

    – Шығыс Қазақстанда бұл билікке деген сенім жоғалды деп ойлаймын. Саясатпен белгілі бір түсініктер бойынша өмір сүретін кәнігі әкімдер емес, Қазақстан Республикасының заңдарымен жұмыс істейтін әкімдер айналысуы керек, – дейді Федосов.

    Дөңгелек үстелге видеобайланыс арқылы мәжіліс депутаты, парламенттік оппозиция саналатын «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қосылды.

    – Үкіметке көп мәселе қойдық. Әріптестерім мемлекеттік сатып алу бойынша өткен тендер бюджетін қайта қарау мәселесін көтерді. Басында кей компанияның бағаны әдейі түсіріп, тендерді алып, кейін жобаға бөлінетін қаржы көлемін арттыру мәселесі қаралады. Бұл мәселені бәрі біледі, былтыр желтоқсанда «Ақ жол» фракциясы сауал дайындап, жекелеген жағдайларда болмаса, қалған кездерде тендер бағасын қайта қарауға тыйым салуды ұсынған. Алдағы уақытта қандай шешім қабылданғанын айтып отырамыз, – деді ол.

    Дөңгелек үстелге әкімдік өкілдері қатысқан жоқ, ZOOM арқылы видеобайланысқа да шықпады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, әкімдік өкілдері осы кездесуге шақырылған.

    ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

    Азаттық тілшісі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Базароваға хабарласып, кәсіпкерлер мәлімдемесіне байланысты әкімдіктің пікірін сұрады.

    – Олар өздері ғана жиналса, қандай реакция болуы мүмкін? Құзырлы органдарға барсын. Мені ZOOM-дағы кездесуге қосқан жоқ. Не айтып жатқанын тыңдағым келген, – деді 14 сәуірде Азаттық тілшісімен сөйлескен Базарова.

    Ертеңіне баспасөз хатшысы бұл мәселе зерттеліп жатқанын, бәрін тексеру керегін айтты.

    Әкімдіктің ресми сайтында және Даниал Ахметовтің блогында Семейдегі дөңгелек үстел туралы ақпарат жоқ.

    Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын алты жарым жылдан бері басқарып отыр. 65 жастағы шенеунік – билікте көп жылдан жүрген тәжірибелі саясаткерлер санатынан. Совет одағы тарамай тұрып билікке келген Ахметов Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі алғашқы жылдары Екібастұз қаласының әкімі болған. Кейін Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын басқарды. 2000 жылдары үкіметке ауысып, премьер-министрдің орынбасары, премьер-министр болды.

    2007-2009 жылдары Даниал Ахметов қорғаныс министрі болып істеді. Бірақ қару-жарақ сатып алуға бөлінген миллиардтаған қаржы жымқырылғаны туралы жемқорлық дауынан кейін қызметінен босатылды.

    Даниал Ахметовтің (ортада) Қазақстан қорғаныс министрі болған кездегі суреті.
    Даниал Ахметовтің (ортада) Қазақстан қорғаныс министрі болған кездегі суреті.

    Отставкаға кеткеннен кейін Ахметов бірнеше жыл көпшілікке көрінбеді. Тіпті сол кезде «шенеунік өзіне қол салыпты» деген қауесет те тараған. 2012 жылы Ахметов Еуразия экономикалық комиссиясына (постсоветтік мемлекеттер интеграциялық бірлестігінің атқарушы органы) қызметке шақырылды. Қазақстандық шенеуніктер арасында шетелдегі қызметке тағайындалу «саясаткерді құрметпен жер аударудың бір әдісі» саналады. Осы әдіспен шетелге кеткендердің көбі саясатқа оралмайды. Бірақ Даниал Ахметов саяси сахнадан қайта көрінді. 2014 жылы ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 2017 жылы зейнет жасына жетті. Бірақ сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ахметовтің құзыреті 2022 жылдың 15 маусымына дейін бес жылға ұзартылды.

    Ахметовтің басына қара бұлт үйірілді ме? Әлде кәсіпкерлердің қарсылығын астыртын ойын деп бағалауға бола ма? Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің пікірінше, Қазақстан саясатының жабық екенін ескеріп, қазір кланаралық тартыс жүріп жатқанын немесе бұл оқиғаны бизнес мүдделердің қақтығысы деп бағалауға болатынын дөп басып айту қиын.

    – Қазір тек болжам жасауға ғана болады. Бұл өте қызық оқиға, өйткені Қазақстанда облыс билігі мен бизнес өкілдерінің ашық тіреске баруы өте сирек кездеседі. Мұндай оқиғалар күнде бола бермейді. Өңірлерде кәсіпкерлер көбіне әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Әр облыс әкімі өзін қожайын сезінеді, өйткені олар тек президентке ғана есеп береді. Сондықтан әкімдер қол астындағы өңірді өзіне және президентке ғана бағынатын басқару нысаны сияқты көреді. Әкім сайлау жүйесі болса, бәрі ашық жүрсе, қандай бизнес қауымдастықтар әкімді қолдап, қайсысы шенеунікке қарсы екенін білер едік. Сонда қандай да бір қорытынды жасау оңайырақ болар еді, – дейді Нұрсейітов.

    Семейде өткен дөңгелек үстелде кәсіпкерлер мемлекет басшысынан өздері көтерген мәселені «зерттеу үшін» ұлттық қауіпсіздік комитеті, есеп палатасы, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, бас прокуратурадан тұратын комиссия құруды сұрады. Орталық органдар әзірге бұл өтінішке реакция білдірген жоқ.

    Дереккөз: Азаттық радиосы

    қатысты посттар

    Халық зорға қол жеткізген 42 500 теңгені тартып алуда: Банктердің пайдасы елдің қиыншылығынан да, Тоқаевтың бұйрығынан да маңызды

    Фариза

    Тізерлеп алғыс айту, террорист-шыбындар мен жезөкше. Божконың қызу талқыланған мәлімдемелері

    Фариза

    Әкімшілік қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын еліміздегі коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде аударуға шешім қабылдады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    seven − 7 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.