Бір ай бұрынғы пикеті үшін қамауға алынған Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев аштық жариялады. Белсенділердің айтуынша, оның асқазаны ауырады, мүгедектігі бар, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Өтебаевтың аштық жариялағаны туралы ақпараттың тарағанына біраз болған, бірақ 28 наурызда расталды.
— Мен подполковник Бекшинмен сөйлестім. Ол Бекболат [Өтебаевтың] сот қаулысымен келіспейтінін және қарсылық ретінде аштық жариялағанын хабарлады. Оның асқазаны ауырады, мүгедектігі бар. Сол себепті алаңдап отырмыз, — деді Азаттыққа белсенді Болат Жұрмұхамбетов.
Полиция өкілдері Жұрмұхамбетовке Өтебаевтың «дәрі-дәрмектері» бар екенін және оның денсаулығын медицина қызметкерлері тексергенін айтқан. Азаттық тілшісі полицияның баспасөз қызметінен жауап ала алмады.
Өткен аптада Орал соты Бекболат Өтебаевты бір ай бұрын өткізген жалғыз адамдық пикеті үшін қамаған. Сот шешімінде Өтебаевтың «пикет өткізу тәртібін бұзғаны үшін» (Әкімшілік кодекстің 488-бап 7-тармағы) 5 тәулікке қамалғаны жазылған.
Бекболат Өтебаев 25 ақпанда Оралдың орталық алаңында 2020 жылы ақпан айында тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділ мен сол жылы пышақ жарақатынан қайтыс болған ұлы Жанболат Ағаділді еске алу шарасын өткізген.
Сот Бекболат Өтебаевты рұқсат етілмеген «заңсыз пикет өткізгені үшін» кінәлі деп тапқан. Сот қаулысында жауапкердің кінәсін мойындамағаны және акция өткізуге конституциялық құқығы бар екенін алға тартқаны жазылған.
Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының қызметкері, құқық қорғаушы Паевл Кочетков Азаттыққа сот шешімін апелляцияға беретінін айтты. Оның айтуынша, Өтебаевтың мүгедектігі болғандықтан (3-топ) сот оны қамамауы тиіс еді. Егер адамның денсаулығында кінәрат болса, судья басқаша шешім шығаруы тиіс.
— Сот шешімі күшіне енбеді, бірақ сонда да адамды қамап тастады. Жауапкердің сот шешімін апелляцияға беруге 10 күн уақыты бар. Бірақ оған ондай мүмкіндік берілмеді, бірден қабылдау орнына жіберді. Прокуратура да, судьялардың өздері де мұндай заңбұзушылыққа назар аудармайды, — деді құқық қорғаушы.
Қазақстанда Конституцияда жазылған наразылық білдіру құқығын жүзеге асырмақ болған азаматтар «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталып, әкімшілік жауапкершілікке жиі тартылады. Олар 15 тәулікке дейін қамалады немесе айыппұл салынады.
Құқық қорғаушылар Қазақстанда «пікір айту еркіндігі» шектелетінін, «бейбіт жиналу құқығы» жиі бұзылатынын айтады. Былтыр мамырда қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, азаматтар жергілікті билікке митинг өткізетінін алдын ала ескертуі тиіс. Бұл заңды билік өкілдері «ірі демократиялық қадам» деп мақтаған. Ал жергілікті және халықаралық сарапшылар заң бейбіт жиын өткізу тәртібін жеңілдетпеді, ескі шектеулер бұрынғыша сақталып қалды деп санайды.