-11.1 C
Алматы
Воскресенье, 22 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    «Неге ұйықтап жүрсіз?». Нығматулин министрден есеп алды

    Мәжіліс отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қымбат металдардың заңсыз айналымына байланысты есеп берді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.

    «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Альберт Рау министрден бағалы металдардың заңсыз айналымындағы жауапкершілік туралы сұрады.

    «Одаққа мүше мемлекеттер бағалы металдардың, асыл тастардың, олардан жасалған бұйымдардың заңсыз айналымы үшін әкімшілік және өзге де жауапкершілікті үйлестіру жөнінде шаралар қабылдайтын болады. (…) Қай бағытта үйлестіреді? Жауапкершілікті күшейту немесе әлсіреу бағытында?» — деп сұрады Альберт Рау.

    Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанына 6 жылға жуық уақыт болғанын айтты.

    «2016 жылдан бастап министрлік — бағалы металдар айналымы үшін, заңсыз тасымал, қайта өңдеу үшін жауапкершілікті күшейту мәселесіне тұрақты негізде инициатор. Біз бірнеше рет бастама жасадық, бірақ соған қарамастан, Бас прокуратура Қылмыстық кодексті гуманизациялау аясында бізге қолдау көрсетпеді. 2018 жылы Ақмола облысында кәсіпорындарда асыл металдар мен концентраттарды ұрлау тіркелгенде, біз бұл мәселені тағы да қозғадық. Қатаң қорғалатын нысандарға енген жағдайлар үшін ғана 2019 жылы Әкімшілік кодекске айыппұл енгізілді.

    Бірақ бізде, ЕАЭО мүшелерінде осы бұзушылықтар үшін жазалау мәселелерінде әртүрлі көзқарас бар. Біз талдау жасап, статистиканы жинадық. Ондағы мақсат — жазаны күшейту, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу. Жауапкершілікті үйлестіру жүріп жатыр, өйткені одақтағы әр мүшенің көзқарасы әртүрлі. Кейбір мемлекеттерде бұл қылмыстық жаза, кейбір мемлекеттерде әкімшілік айыппұл деңгейінде», — деп жауап берді Атамқұлов.

    Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін баптар қылмыстық сипаттан арылғанына, ал Ресей мен Беларусьте мұндай құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгеніне назар аударды.

    «Біздің елімізде тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл қымбат металдарды ұрлау және соның салдарынан олардың заңсыз айналымы төмендемей, жылдан жылға өсіп келе жатқандығына себеп», — деді Мәжіліс төрағасы.

    Оның айтуынша, тек «Қазақалтында» 2015 жылдан 2020 жылға дейін 32 мыңнан астам заңсыз әрекет тіркелген. 2019 жылдың ақпан айынан бастап 2020 жылдың қыркүйегіне дейін 5 722 заңбұзушы ұсталып, полицияға тапсырылған. Олардың 80 пайызы қайта қылмыс жасаған. Яғни, қылмыскерлерді әкімшілік қамауға алу да, айыппұл да тоқтатпай тұр.

    «Тәжірибе көрсеткендей, қылмыскерлерді айыппұлдармен қорқыту мүмкін болмай тұр. Сарапшылардың пікірінше, бізде заңды түрде өндірілген әрбір үш тонна алтын үшін заңсыз өндірілген бір тонна сәйкес келеді. Акционерлер, инвесторлар түрлі шаралар қабылдауда, Ішкі істер министрлігі белсенді күресуде, бірақ жағдай жақсармайды. Мен қазір сіздің жауабыңызды естідім, Бейбіт Бәкірұлы, шын мәнінде, қылмыссыздандыру сол жылдары болды, бірақ министрлік те, Үкімет те жазаны қатайту жөнінде бір де бір рет ұсыныс жасаған жоқ. ІІМ де, Бас прокуратура да жауапкершілігін күшейтуге асықпайды.

    Мәселе басқада, министрлік кімнің жағында? Сіз кім жақтасыз – отандық кәсіпорындар акционерлерінің бе, әлде қылмыскерлердің бе?» — деп сұрады Нығматулин.

    Тіркелген құқық бұзушыларға жазаны күшейту жөніндегі министрдің жауабын тыңдаған Мәжіліс спикері министрліктің не себепті мұндай ұсыныстар енгізбегенін сұрады.

    «Сонда сіз не күтесіз? Неге ұйықтап жүрсіз? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірінші кезекте қымбат металдардың заңсыз айналымы үшін жазаны қатаңдатуға мүдделі болуы тиіс. Сіздің бұл мәселе туралы құр сөйлеп қана емес, үлес қосуға кірісуіңіз керек. Біз сіз жазғанды үтір-нүктесіне дейін қолдаймыз. Құқық қорғау органдары да қолдайды деп ойлаймын», — деп ескертті Мәжіліс спикері.

    қатысты посттар

    Дариға Назарбаева: Әйелдерді билікке әкелу керек

    Фариза

    Айдос Үкібай: Елбасы өзіне ескерткіш орнатуды мүлдем ұнатпайды

    Фариза

    Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын коронавирустың таралуына байланысты жауып тастады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    six + nine =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.