Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Бұл – қателік емес, қылмыс»: Алматыда қазақ зияларылары Қытайдағы қандастарға араша сұрады

    Алматыда бір топ зиялы қауым өкілі ҚХР-де қудалауға ұшыраған қазақтарға Қазақстан билігінен араша сұрап, арнайы баспасөз жиынын өткізді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.

    Жиынға жазушы Смағұл Елубай, саясаттанушы Әзімбай Ғали бастаған тарихшылар мен ғалымдар қатысты. Олардың бұлайша шұғыл жиналуына Оспан батыр Сләмұлының ұрпақтарын Қытай билігі түрлі сылтаумен өмірлерінің соңына дейін соттап жіберуі себеп болған. Батырдың осы жақтағы немересі Өркен Оспанның сөзінше, қамаудағы туыстарының қай түрмеге қамағанын олардың отбасы біле алмай келеді.

    «Бұл азаматтар еш кінәсіз қамауда отыр. Сотталғандардың арасында зейнеткер, әрі зағип Нұрлан Нәбиұлы бар. Ол Оспан батырдың туған немересі. Нағыз Мұхамедұлы мен Толқын Соғысайұлын да соттап жіберген. Бұл адамдар Оспан батырмен аталас адамдардың балалары. Үшеуі де жоғары білімді, ұзақ жыл Қытайда мемлекеттік органдар жұмыс істеген. Ұсталған уақытқа дейін Алтай аймағының Көктоғай ауданында түрлі лауазымды қызметте болған. Оларға «Қытайдың қос тілді оқуына қарсы шықты, Қазақстан тәуелсіздігі мерекесін тойлады, ұлттық бөлшектеуші, Оспан батырды үгіттеген, елді Қазақстанға көшуге үгіттеген деген сияқты жалған, негізсіз айыптар таққан. Оларды осылайша ұзақ жылға соттап жіберді», — деді Өркен Оспантегі.

    Оспан батыр – Шығыс Түркістандағы Ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы. Ол 1930 жылдардың соңынан бастап советтік коммунистер, Моңғол билігі және Қытай коммунистік билігімен бір мезетте соғысқан. Он жылдан астам уақыт ат үстінде жүріп, Алтай аймағын басқыншылардан бірнеше рет азат еткенмен, үш мемлекеттің күшіне қарсы тұра алмай, ақыры 1951 жылы атылды. Атылғанына 70 жыл болса да оның бүгінгі ұрпағын қудалау тоқтамай келеді дейді жиынға келген зиялылар. Жазушы Смағұл Елубай Қытайдың ондағы қазақтарды басып-жаншуын қылмысқа теңеді. Оның сөзінше, Қытайдың күре тамыры тікелей Қазақстанмен, Ұлы Жібек жолымен байланысты болғандықтан, көрші ел бұндай бассыздықты тоқтауы тиіс.

    «Ол жақтағы қазақтардың тағдыры – күллі Қазақстанның тағдыры. Келешек қазақ жастарының тағдыры не болады дегенді әрбір қазақ ойлануы тиіс. Қытайда қазақтардың, ұйғыр, қырғыздардың қудаланып жатқанын білеміз. Қытай бұл қылмысын қалай ақтайды? Олар «Шыңжаннан террористік әрекеттер шыға бастады, сондықтан бұларды шетінен тәрбиелеу керек» деп айтады. Қытай билігі бәрін тізеге басты. Терроризмге қарсы күресті мемлекеттік терроризмге ауыстыруға бола ма? Бұл Қытайдың үлкен қателігі.

    Терроризмді жекелеген адамдар жасайды, ал мемлекеттік терроризмді саясат жасайды. Мінеки, әлемде оларға қарсы үндеулер көп болып жатса, бұл Қытайдың өз қателігі. Олардың билігінде коммунистік партия отыр. Кезінде мұндай партияны Сталин басқарғанда қазақты жойып жіберуге шақ қалған. Қызыл империяға қазақтың жері керек, елі керек емес. Мінеки, алып империялардың арасында отырған аз ұлттардың жағдайы осындай.

    Ендеше, бізді жұтыңдар, қырыңдар деп отыра береміз бе? Қазақтың өмірі алып империялармен күресумен келеді. Егер Оспан батыр өз жерінде отырып, өз елінің азаттығы үшін күрсепесе, оны әлем алақанға салар ма еді?! Ұлт азаттық күрес жолындағы батырларды құрметтеу – демократиялық өркениетке жеткен елдердің бәріне ортақ құбылыс. Түркі болғаны, мұсылман болғаны үшін оларды қудалаған қателігі үшін күндердің күнінде Қытайдың ұрпағы, билігі жауап береді. Биліктің иесі – халық, тарихтың да иесі – халық, жердің де иесі – халық. Сондықтан біздің билік халықпен санасып, жұмыс істеуі керек», — деді жазушы С.Елубай.

    Жиынға ұлы, келіні, күйеу балалары, немерелері сынды бір үйден 14 адамы қамалып кеткен аналар да қатысты. Зиялы қауым өкілдері олардың басынан өткен зұлымдықты тыңдап, қазақ билігінен Қытайдағы қазақтарға араша түсуді сұрады. Екі елге қоныстанған туыс, ағайынды қазақтар бүгінде бір-бірімен хабар алмасуды тоқтатқан. Араласқан жағдайда, Қытай билігі Алтайдағы қазақтарды қудалап, түрмеге қамайтын көрінеді.

    «Өз жерінде отырған қазақтарды, өзге де ұлттарды бұлайша жанши берсе Қытайға санкция түседі. Қазірдің өзінде оларға санкция салынған. Бұл саясат Қытайдың өзіне де тиімсіз, коммунистік режиімге қауіп-қатер төндіреді. Сондықтан, осындай шаралар арқылы жапа шеккен Қытайдағы қазақтардың қасіретін әлемдік деңгейде көтеру, көрсету өте маңызды.  Қытай АҚШ-тың, Еуропа елдерінің санкцияларына көп төзе алмайды. Өйткені, олар көп қиындық шыдаса да, тұрмыстың төмендеуіне шыдамайды. Одан бөлек, Қытай Қазақстанның наразылығын есепке алады. Олар өздерінің мүддесі үшін мұндай озбырлықты тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл озбырлыққа қарсы талаптарды айтқан азаматтардың дауысын әлем естіп жатыр. Сондықтан, қазақ жұртшылығы өзінің ашынғанын, бүкіл Шығыс Түркістан қазағының ауыр тағдырын нақты фактілер арқылы көрсеткен дұрыс. Бұл әрекеттер өзінің нәтижесін береді. Тек қана жекелеген туысына араша болу емес, бүкіл қазақ халқының тағдырына араша түсу деп есептеймін», — деді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

    Оспан батырдың Қазақстандағы ұрпақтары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Сыртқы істер министрлігінен, Халықаралық адам құқықтары ұйымдарынан, Еуропарламенттен Қытай қысымына қарсы шара қабылдап, туыстарының босауына ықпал етуін сұрады.

    Айта кетейік, халықаралық қауымдастық та Қытайда адам құқықтары бұзылып отыр дегенді бұған дейін бірнеше рет айтып, ҚХР билігін айыптаған болатын. Шыңжаң өлкесі ғана емес, Гонконг, Тибет және Тайвань мәселесі, сонымен қатар адам құқығы мен демократия құндылықтарына қатысты тақырыптар Қытай мен Батыс елдері арасындағы қайшылыққа айналды.

    Еске салайық, өткен аптада бір топ ана мен бала өз туыстары мен отбасы мүшелерін босатуды талап етіп, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылық шараларын бірнеше күн өткізген еді.

    қатысты посттар

    «Әзілдедім, қорықсын дедім». Жалған ақпарат таратқан дәрігер әрекетін түсіндірді

    Фариза

    Алматы облысында ер адам әйелін аяусыз ұрып өлтірді

    Фариза

    Қарағандыда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ ірі мөлшерде есірткі сатқаны үшін сотталды

    Денис

    Пікір қалдыру

    nineteen − fourteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.