-4.1 C
Алматы
Воскресенье, 24 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Алтын жүректі ұстаз – Гүлшара Дәрібаева

    Жалпы, журналистер қауымының өмірі тосын оқиғалар мен күтпеген кездесулерге толы. Олай дейтініміз – кейде кейіпкерімізді өзіміз арнайы іздеп барып жатсақ, кейде күтпеген жерден кездейсоқ жолықтырып жатамыз. Осылай ойда-жоқта жолыққан Рамазан Баекеев атты бауырымыздың ата-анасы, әсіресе, ұстаздық жолда жүрген анасы туралы айтқан тебіреністі әңгімелері қолымызға еріксіз қалам алғызды.

    Әлқисса. Бәрін басынан тарқатсақ. Өткен жылдың тамыз айының алғашқы аптасы болатын. Мәскеу-Алматы бағытындағы жүрдек пойыз жүйткіп келеді. Шілденің шіліңгір ыстығы тамыздың аптабына ұласқан кез. Оның үстіне, оқу жылы жақындап қалған тұста жолаушылардың екі есе көп болатындығы мәлім. Купе вагондағы жап-жақсы орнымызды мектеп бітірген немересін Алматыға оқуға түсірмекке әкеле жатқан, пойызға билетсіз мінген ата мен әжейге қазақшылыққа салынып босатып бергенбіз. Ол кісілер жақсылап жайғасып алған соң, дәлізге шығып пойыздың терезесінен табиғатты ұза-а-қ тамашалауға тура келді. Өзіміз де жетісіп келе жатқан жоқ едік. Алматыға кезекті жасалатын отаның қамымен жолаушылап бара жатқанбыз. Дәліздегі әрлі-берлі өткен жолаушылар мен сатушылар одан сайын мазамызды қашырды. Содан не керек, терезеге телмірумен тұрып кешті де болдырдық. Тар купедегі алты адаммен бірге тығылысып отырып ас ішіп жарытпайтынымызды сездік те, пойыздың мейрамханасына баруды жөн деп шештік. Ол жерде де адам қарасы қалың екен. Енді босап жатқан орынға жайғаса бергеніміз сол еді, өзіміз қатарлы жігіт келіп, отыруға рұқсат сұрады. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» емес пе? Амандық-саулық сұраса келе, Рамазан есімді Байқоңыр қаласында тұратын өзіміздің жерлесіміз болып шықты. Қайда және не себепті жолаушылап бара жатқанымыздан басталған әңгіме ауаны балалық шақ, өскен орта, ата-анамызға ойысқанда, бейтаныс бауырымыз ағытылып сала берді. Әсіресе, ұстаздық атты ұлы қызметте жүрген анасы туралы айтқан әңгімелері көңілімізді толқытып, жүрегімізді жылытты. Әкесі мен анасының ыстық махаббаттары мен отасқандарына отыз жылдан асса да әлі күнге дейін бір-бірін аялап келе жатқандығы туралы жан тебірентерлік әңгімелері де ерекше әсерге бөледі. Ағасы мен інісінің өнер жолында жүргенін айтқан ол, өзінің басқа саланы таңдағанын, сол салада жетістікке жетіп, ата-анасын қуантқысы келетінін де жасырмай жайып салды.

    – Анам – «алтын жүректі» адам, мен үшін ерекше жан. Әрине, барлық бала үшін ата-анасы ерекше ғой. Дегенмен, менің анам – өмірдегі пірім десек те болады. Осы уақытқа дейін бір рет болса да бізге қатты зекіп сөйлеп, дауыс көтергенін көрген емеспін. Бізді дауыс көтермей-ақ тәрбиеледі. Жасымыз жиырма беске жетсе де, әлі күнге дейін бәйек болып келеді. Біз үшін от пен суға түсуге даяр. Шынымды айтсам, бізді «мұғалімнің баласы» деген бір ғана ауыз сөз тәрбиеледі. Шүкір, ол сөзден жаман болған жоқпыз. Анамыз өзінің баласын ғана емес, өзгенің де баласын тәрбиелейтінін түсініп, оның атына кір келтірмеуге тырысатынбыз. «Мүлдем бұзық болмадық» деп айтудан аулақпын. Бірақ, біз бұзықтық жасасақ, анамызды ұятқа қалдыратынымызды сезетінбіз. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп жатады ғой. Ал, мен болсам «Мұғалім – барлық мамандықтың анасы» деп айтар едім. Себебі, ұстаз да диқан сияқты. Ол – әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Кез келген адам баласы ұстаздың алдын көргеннен кейін ғана болашақ мамандығын таңдайды. Анама ұстаздығынан бөлек, қарапайым адам ретінде де құрметім шексіз, махаббатым ұшан-теңіз. Әкем мен анам аман жүрсінші!.

    Бейтаныс бауырымыздың әсерлі әңгімесіне елітіп отырып, уақыттың түн ортасына да жетіп қалғанын аңғармай қалыппыз. Десек те, сол Рамазанның айтқан әңгімелерінің әсерінен біразға дейін айыға алмағанымыз әлі күнге дейін есімізде. Таң ата алып шаһар Алматы жатсынбай қарсы алды. Жолда танысқан жерлесімізбен жылы қоштасып, өз жөнімізбен кете бардық…

    Уақыт өз дегенімен сырғып өтіп жатқан. Бейтаныс жерлесіміздің әсерлі әңгімесін анда-санда еске алып қоятынбыз. Жақында әлдебір жұмыстарымызбен Байқоңыр қаласына барғанбыз. Сонда жүріп №277 орта мектепке жолымыз түскен. Сол мектеп ә дегеннен-ақ көзімізге ыстық көрінген. Бірақ, неліктен екендігін бірден есімізге түсіре алмадық. Біраз ойлануға тура келді. Сосын барып қана әлгі бейтаныс бауырымыздың: «Менің анам Гүлшара Дәрібаева Байқоңыр қаласындағы №277 орта мектепте еңбек етеді» деген сөзі есімізге түсті. Орайы келіп тұрған мұндай мүмкіндікті босқа жіберуге бола ма? Рамазанның анасын сұрастырып жүріп, тауып алдық. Гүлшара Жақсыгелдіқызына сыртынан жақсы танитынымызды, дақпыртына әбден қанық екендігімізді айтып жатырмыз. Гүлшара апай да аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын, жайдары, мінезі жайлы жан екен. Амандасқан сәттен бастап-ақ әңгімеміз жарасып кете барды.

    Отыз алты жылдан бері оқушыларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан ұлағатты ұстаз Гүлшара Дәрібаева 1965 жылы Арал ауданының Қамбаш стансасында дүниеге келіпті. Қамбаштың №21 он жылдық мектебінде 1972-1982 жылдары тәлім алған ол, әсіресе, математика пәніне жүйрік болған көрінеді. Мектепте өте жақсыға оқып, зеректігімен көзге түскен алғыр шәкірт өсе келе математика пәнінің мұғалімі болуды армандапты. Оған анасы себепкер болған көрінеді.

    – Мен анамның құрметіне математика пәнінің мұғалімі боламын деп шештім. Анамды мәңгі есте қалдыру мақсатында таңдадым, – дейді Гүлшара апай өткен күндерге көз жүгіртіп, – Анам Базаргүл – елде жоқ адам болды. Өте кішіпейіл, жүрегі елжіреген жан еді. Өзі оқымаған, үй шаруасындағы жан болса да, өте сауатты болатын. Математика пәнінен есептерді шығара алмай жатсам, үнемі көмектесіп, демеп отыратын. Сөйтіп, анам екеуміз қиын есептің шешімін тапқанша таң атыратынбыз. «Менің қызым мықты математик болады» дейтін анам. Сөйткен анам не бәрі 38 жасында мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Ол күнді әлі күнге дейін ұмыта алмай келемін. 1978 жылдың 28-ші сәуірі болатын. Мен ол кезде 13 жасқа енді толған оқушы қызбын. Анамыздан ойда-жоқта айрылып қалдық. Бәрімізге қиын соқты. Әсіресе, маған. Жанынан тастамайтын. Менімен құрбысындай сырласатын анам әр балаға ерекше көңіл бөлетін. Әлі күнге дейін есімде, мен 5-ші сыныпта оқып жүрген кезімде қатты науқастанып, ауруханаға жаттым. Артымнан әкем қатынап тұрды. Анам кішкентай балалардан шыға алмайтын. Десек те, күнде хабар алып тұратын. Жазылып келгенімде анам ерекше қарсы алып, үйге отпен аластап кіргізді. Үлкен дастарқанды жайнатып жайып, өзі пісірген тәтті тағамдарымен тойдырған болатын… Анамыздың жоқ екендігіне көпке дейін көндіге алмай жүрдім. Үнемі әне-міне есікті ашып кіріп келетіндей көрінетін. Содан ойлана келе, анам екеуміз талай таңға дейін есеп шығарған түндеріміздің құрметіне математика пәнінің мұғалімі болуды армандадым…

    Бірақ, кейіпкеріміздің бұл арманы бірден орындала қоймайды. Анасыз өтіп жатқан қиын күндер мен тұрмыс тауқыметі, одан қалды, артындағы үш бірдей бауырына бас-көз болуы керектігі – оны бұл арманы мен алдына қойған мақсатынан алшақтата түседі. Десек те, Гүлшара да оңай берілмейді. Әйтеуір, бір күні анасына берген уәдесін орындап, математика пәнінің мұғалімі болатындығына сенеді.

    Анасы өмірден өткенде үйдің тұңғыш қызы не бәрі 18 жаста болатын. Бір жылдан кейін ол да көрші ауылдың жігітімен шаңырақ көтереді. Енді үйдегі бар тіршілік тауқыметі Гүлшараның мойнына түседі. 1982 жылы он жылдықты үздікке аяқтаса да, екі жыл бойы үйде отыруына тура келеді. Себебі, әкесі Жақсыгелдінің ендігі қолғанаты бір өзі болатын. Мал дәрігері болып еңбек ететін әкесі Қармақшыға ай сайын 15 күнге жұмысқа кеткенде естияр қызы Гүлшараға үлкен сенім мен жауапкершілік артатын. Кетерінде барлық баласын емірене құшақтап, маңдайларынан сүйіп кететін әкесі: «Бала-шағамды, мал-жанымды әуелі Аллаға, сосын саған тапсырдым» дейтін қызына. Айтса айтқандай, әкесі жарты айдан соң оралғанда, бала-шаға да жай, мал да жай болып отыратын. Қаршадай қызына қалтқысыз сенім артып, ерекше тәрбиелеген әкесі Жақсыгелді Дәрібаев бүгінде 89 жаста. Кезінде көрген бейнетінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің арасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

    Күні-түні, жатса да, тұрса да анасының «Менің қызым математик болады» деген арманын есінен бір сәт шығармаған кейіпкеріміз мақсатына 1984 жылы бір табан жақындай түседі. Сол жылы алдындағы ағасы отбасылы болып, бұл үй шаруасынан бір сәтке де болса да босағандай болады. Ертерек тұрмыс құрған үлкен апасы оны өзі тұратын Арал ауданына шақырып, сондағы №213 мектепке пионер жетекшісі болып жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Осылайша, Гүлшараның жауапкершілік пен қарбаласқа толы еңбек жолы басталып кете барады. Бір жылдан соң Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетінің сырттай бөліміне құжат тапсырып, оқуға қабылданады. Ол кезде сырттай оқудың өзі оңай болмайтын. Әрі оқи жүріп, әрі еңбек еткен Гүлшара мамандығының қыр-сырын меңгеріп, шыңдала түседі. Сол 1985 жылы Аралдағы №92 разъездегі шағын мектепке математика пәнінің мұғалімі болып ауысады. Шағын бекеттегі шағын мектепте 5 жыл бойы абыройлы еңбек еткен ол 1988 жылы Ақбай ауылындағы №63 мектепке жұмысқа орналасады. Ақбайдағы мектепте де маңдай тері мен еңбегі ақталып, шәкірттері жақсы көркеткіштерге қол жеткізе бастайды. 1990 жылы институтты үздікке бітіріп шығады.

    Қай мектепте қызмет атқарса да өзінің ұстаздық жолы мен абыройына ешқандай кір жұқтырмай, мұғалімдік қызметін кіршіксіз атқара білген Гүлшара 1989 жылы Нұрлыбай есімді өзінің сыныптасымен отау құрып, шаңырақ көтереді. Рүстем атты тұңғыш ұлдары бір жасқа толған соң, 1991 жылы Байқоңыр қаласындағы №11 мектепке жұмысқа орналасады. Еліміз егемендік алып, еңсесін енді тіктеп жатқан сол тоқсаныншы жылдары білім беру саласында да біраз дағдарыстар орын алғаны белгілі. Міне, осы тұста болашағы әлі мемлекеттік тұрғыдан айқындалмаған Байқоңыр қаласына ұстаздық етуге келген Гүлшара Жақсыгелдіқызы өзінің әріптестері сияқты көптеген қиындықтарды басынан өткереді. Тек математика пәнінен сабақ беріп қана қоймай, алдында тәуелсіз елдің еркін де зерделі, білімді де білікті жастарын тәрбиелеу міндеті тұрғанын жете түсінген ұстаз Дәрібаева бар күш-жігерін сарқа еңбек етеді. Ұлағатты ұстаздың жемісті еңбек жолдары 1995 жылы қаладағы Абай Құнанбаев атындағы №5 мектепте, 1999 жылы Циолковский атындағы №2 мектепте, 2012 жылы №80 мектеп-гимназияда, 2013 жылы Төретам кентінде жаңадан ашылған №269 мектептерде жалғасын табады. Ал, 2019 жылдан бері Алматы қаласындағы М. Жұмабаев атындағы №137 орта мектепте абыройлы еңбек етіп келеді.

    Гүлшара Жақсыгелдіқызы өзінің қызығынан гөрі қиындығы көп отыз алты жылдық ұстаздық жолында талай қиындықтарды басынан өткізген-ді. Кейде басшылық тарапынан еңбегі еленбей жатса да, ұлы қызмет – ұстаздықтан бас тартпаған. Бастысы – шәкірттері ұстаздарының еңбегін адал бағалап, ыстық ықыластарына бөлеген. Еңбегі еленбегендігі былай тұрсын, қайбір жылдары 13 жыл бойы үзіліссіз еңбек еткен №2 мектептен директор заңсыз қысқартуға ұшыратып, бір жыл бойы жұмыссыз сенделуіне тура келген. Сонда жамандыққа жаны қас ұстаз әділдікті талап етіп, сотқа барған. Бірақ, үлкен ұлы Рүстем анасының бұл шешіміне қарсы болып, бәрін әр адамның өзінің ар сотына қалдыруды жөн деп шешкен. «Аққа Құдай жақ» демей ме?. Осы оқиғадан кейін №80 мектеп-гимназияға орналасқан-ды. Кейіпкерімізді бұл оқу ордасында да көптеген қиындықтар қарсы алады. Сол жылдары аталмыш мектепте ҰБТ-да математика пәнінен 9 оқушы «екілік» баға алған екен. Гүлшараның алдында соның салдарымен күресу, келесі жылы сол жәйттің қайталанбау міндеті тұрды. Тәжірибелі ұстаз бұл сенімнің үдесінен де шыға біліп, сол мектеп-гимназияда еңбек еткен жылдары бірде-бір оқушысы екілік баға алған жоқ.

    «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ел ертеңі болып табылатын әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздарының бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаз Гүлшара Дәрібаева ешқашан «болдым» деп тасыған емес. Шәкірттері биіктерді бағындырса, онысына еш масаттанған да емес. Мәселен, былтырғы оқу жылында өзі еңбек етіп жатқан №277 мектептің 3 бірдей шәкірті «Алтын белгі» иегері атанды. Осы үш шәкіртінің біреуі – Батыр Қыдырбеков математика пәнінен ең жоғарғы 25 ұпайды жинаса, қалған екеуі де жақсы көрсеткішке қол жеткізді. №269 мектепте тәлім алған Гүлфайруз Оңдасынова атты шәкірті ұлағатты ұстазының жолын қуып, Алматыдағы жоғары оқу орнында математика мамандығы бойынша оқып жатыр. №277 мектептің 9-сынып оқушысы Аққалқа Зауқымова да ұстазының жолын жалғастырғысы келеді. Айбек Ергешбаев, Ботакөз Холова секілді шәкірттері А.Жұмаділдаев атындағы облыстық, Ү.Қошалақов атындағы аудандық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары атанып қана қоймай, республикалық интернет олимпиадаларда да топ жарып келеді. Ұлағатты ұстаздың өзі де «Математика сабақтарында оқушыларды зерттеу іс-әрекеттеріне тарту» және «Математика пәнінен ҰБТ-ға дайындаудың әдістемесі» тақырыптарында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүр.

    – Әкем мен анамның қосылғандарына отыз жылдан асса да, әлі күнге дейін бір-біріне деген сезімдері ерекше, махаббаттары берік. Әлі күнге дейін бір-бірінің туған күндері мен төл мерекелеріне тосын сый дайындап, ерекше етіп өткізіп келеді. Екеуіне қызыға да, қызғана да қараймын. Болашақ жарымның анама ұқсағандығын қалаймын. Анам секілді қызға үйленгім келеді, – деген Рамазан бауырымыз пойыздағы әңгімесінде.

    Айтса айтқандай, Гүлшара апайдың өмірлік жары Нұрлыбай аға – өте қарапайым, салмақты, артық сөзі жоқ жан екен. Өзі ең қиын деген көліктерді тізгіндеген таптырмайтын кәсіп иесі. – Жолдасым – он бір ағайынды отбасының сүт кенжесі. Атамыз өмірден ерте кетті. Сол шиеттей он бір баланы енеміз жалғыз өзі асырап, жеткізді. Күйеуім ағаларын әкесіндей көріп өсті, – дейді кейіпкеріміз, – Отағасы – біздің кез келген қиындықта арқа сүйейтін тірегіміз, қорғанымыз, қорғаушымыз. Үш ұлымыздың кез келген бастамаларына үнемі қолдау танытып, қолпаштап жүреді. Солар қатарынан қалмасын деп күн-түн демей еңбек етті, әлі де еңбек етіп келеді. Оның маған жасап келе жатқан тосый сыйлары өз алдына бөлек әңгіме.

    Ұлағатты ұстаз, аяулы жар, ардақты ана Гүлшара апай мен Нұрлыбай ағаның үлкен ұлдары Рүстем Баекеев – бүгінде елімізге танымал дәулескер күйші, белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановтың «Ұлытау» тобының бас домбырашысы. Көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы.

    – Тұңғышымыз Рүстем – мектепте жақсы оқыды. 3-ші сыныптан бастап Байқоңырдағы №2 музыкалық мектепте домбыра сыныбында дәріс алды. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Қазанғап атындағы облыстық музыкалық колледжге түсті. Оны үздікке аяқтап, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына қабылданды. Консерваторияда атақты Айгүл Үлкенбаева жетекшісі болды. 2014 жылы «Ұлытау» тобының кастингінен сүрінбей өтіп, домбырашы болып қабылданды. Сол жылы Алматыдағы Республика сарайында Қыдырәлі Болмановтың «Бақыттымын өзіңмен» атты концерті өтті. Осы кеште Қ.Болманов Рүстемді халық алдына шығарып: «Біз «Ұлытау» тобына тағы бір домбырашы қабылдадық», деп салтанатты түрде таныстырды. Рүстем сол кеште «Ұлытаудың» домбырашысы Ержанмен бірге күй тартыс жасап, үлкен сахнадағы тұсауын кесті. Біз оны білген жоқпыз. Бұл – оның бізге жасаған тосын сыйы болды. Оның бұл жаңалығын теледидардан көріп, сенер-сенбесімізді білмедік, – дейді ардақты ана ағынан жарылып.

    Жақында ғана осы «Ұлытау» тобының 15 жылдық мерейтойына орай Астана қаласында «Ұлытау ұлы» деген атпен өткен концертті Гүлшара Дәрібаева арнайы барып тамашалап, ұлының өнеріне елмен бірге тәнті болып қайтты.

    Кейіпкеріміздің 2019 жылдан бері оңтүстік астанада еңбек етіп келе жатқандығын жоғарыда айттық. Ол Алматы шаһарына кездейсоқ келген жоқ. Оған себепші болған осы үлкен ұлы Рүстем. Тұңғышы жылдар бойы жинаған қаржысына Алматыдан үш бөлмелі үлкен үй сатып алды да, Байқоңырдағы ата-анасын бір күнде көшіріп алды. Рүстем бір жағынан – ата-анасы мен бауырлары жанында болғанын қаласа, екінші жағынан жақындарының ғарышты қаланың экологиясынан аулақ болғанын қалады. Міне, бүгінде бақытқа бөленген ардақты анаға келіні Ақбота қалтқысыз қызмет етіп, ал Томирис, Інжу есімді қылығы балдан да тәтті немерелері әр күнін шаттыққа толтырып келеді.

    Ардақты ананың екінші ұлы Рамазан туралы жоғарыда айттық. Анасы туралы жазуға түрткі болып, қолымызға қалам алғызған да сол Рамазанмен ойда-жоқта танысқандығымыз. Ағасы сияқты дәулескер күйші болмағанымен, Рамазан да өнерден құралақан емес екен. Суретті еркін салып, өлеңді де жақсы жазатын көрінеді. Оған оның салған суреттері мен жазған өлеңдерін анасы бізге көрсеткенде көз жеткіздік. Сол секілді, оның спорттағы жетістіктері де бір төбе. Қазіргі таңда ол Алматыда инженер-құрылысшы болып жұмыс жасайды.

    – Кенже інім Нұрсұлтан өзімнің қолымда өсті. Кішкентай кезінде балабақшаға өзім көтеріп апарып, көтеріп әкелетінмін. Сол себепті жаныма қатты жақын. Кейде інімді сағынғанда Алматыдағы жұмысымды тастап, ауылға тартып кеткім келіп тұрады, – деген сөзі де есімізде Рамазанның.

    Сол Нұрсұлтан бүгінде Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыкалық колледждің 3 курс студенті. Оқу орнына қабылданған сәттен-ақ колледж мақтанышына айналған ол ағасы Рүстемнің жолын қуған талантты күйші. Жас та болса, бас болып, талай халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып, еліміздің атын әлемге танытып келеді. Байқоңыр қаласындағы ағасы оқыған №2 музыкалық мектепте 2-ші сыныптан бастап Бағила Хасановадан тәлім алған Нұрсұлтан мектеп қабырғасында жүріп-ақ «Көктем қанатында» атты жеке концертін өткізген. Оның осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерін санамаласаң, таң атыруға болады. Шымкент қаласында өткен «Дарын – 2015» халықаралық байқауында бас жүлдені алса, «Камертон» атты жас орындаушылардың байқауында І орынды иеленді. «Astana Childrens festival» атты халықаралық өнер байқауында Гран-При иегері атанды. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалуға тегін жолдаманы жеңіп алған жалғыз қызылордалық та осы Нұрсұлтан. «Балдәуренде» жүргенде ерекше өнерімен көзге түсіп, Қазақстандық жас патриоттар академиясының «Елжанды – Патриот» атты Алтын медалін тағып оралды. Астана қаласында өткен «Әлемге жақсылық сыйла» атты ІІ халықаралық жас таланттардың шығармашылық байқауында тағы да Гран-Приді жеңіп алды. Жыл сайын Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы А.Петренконың Құрмет грамотасына ие болып келеді. 2016 жылы А.Петренконың қаржылай стипендиясына ие болғаны тағы бар. Өзі секілді талантты жас жеткіншек Ақтоты Срановамен бірге күйлерді дуэтте орындап, мектептегі «Жалын» атты домбырашылар ансамблінде де өнер көрсеткенін ұстаздары марқая әңгімелейді.

    – Ұлдарымның өнерге жақын болуы әкесінің қанымен келген, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Кезінде облысымызда отбасылық ансамбльдердің алғашқысы болып құрылған Қазалыдағы «Баекеевтер отбасылық ансамблін» көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Осы ансамбльдің дүркіреген даңқы кезінде бүкіл республикамызға жайылған. Бүгінгі Рүстем, Рамазан, Нұрсұлтандар да – сол отбасылық өнердің заңды жалғастырушылары десек қателеспейміз. Айтпақшы, Гүлшара Жақсыгелдіқызы да әуелете ән салады. №269 мектепте еңбек етіп жүргенде сол мектептегі «Әжелер ансамблінің» тұрақты мүшесі болып, өнер көрсеткен.

    Ұстаз – ұлы мамандық. «Мұғалім – бәрінен де қымбат, өйткені, ол – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин зерделегендей, марқұм анасының арманын орындап, бүгінде мамандығының майталманы атанған, бала тәрбиесін бәрінен биік қоятын Гүлшара Дәрібаева сол баяғы «болдым» деп тасымайтын, қиындыққа жасымайтын адал да кішіпейіл, әділеттілікті ту еткен, кейде еңбегі еленбей жатса да, жүрегі жақсылыққа іңкәр қалпынан еш танған емес. «Қанша қиындық көрсе де мойымайтын, ал, биікке жетсе күллі әлемге жар салмайтын, атақ-даңқ қумай, тек қана үн-түнсіз өз ісін адал атқарып жүретін «алтын жүректі» адамдар болады. Бірақ, олардың саны сирек», дейтін Қадыр Мырза Әлі ағамыз. Осы сөз біздің кейіпкерімізге дәл жарасатын секілді. Оның үстіне, ұлағатты ұстаздың ұлы Рамазан бауырымыз да: «Менің анам – «алтын жүректі» адам» деген еді анасы туралы әңгімесінде.

    … Иә, Гүлшара Дәрібаева – алтын жүректі ұстаз. Ал, ондай ұстаздардың қатары көп емес екендігі айтпаса да түсінікті.

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ.

    қатысты посттар

    Шымкентте мотоцикл жүргізушілерінің тәртіп бұзуы тыйылмай тұр

    Фариза

    Тарбағатайдағы «Аманат» музейіне жаңа ғимарат салып береді

    Шымкентте жер Қойнауын заңсыз пайдаланғандар анықталды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    6 + four =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.