Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық бөлімше басшысы Ханс Клюге 2021 жыл әлі де «коронавирус жылы» болады деп мәлімдеді. Бірақ 2022 жылдың басында пандемия аяқталады дегенге сенуге болады, — деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
«2021 жыл — «коронавирус жылы» болады. Бірақ, әлдеқайда жеңіл болады. 2020 жыл — Terra incognita, ғылыми және саяси белгісіздік болды. Бір жыл уақыт өтті. Біз көп нәрседен хабардар болдық. Құралдар, диагностикалық бағдарламалар, вакцина бар. Менің жұмысымда алдын-ала жоспарлау маңызды. Сондықтан мен 2022 жылдың басында пандемия аяқталады дегенге сенемін. Бұл вирус жойылады дегенді білдірмейді. Алайда сол уақытта жаппай жұқтыру болмайды деп үміттенемін», — деді Клюге Welt басылымына берген сұхбатында.
Алайда ол «Еуропалық ынтымақтастық» қажет екенін ескертті: «Бай өңірлер вакцина алып, ал басқалары кейін деуге болмайды».
Сонымен қатар, Клюге елдер шектеуді қашан және қалай алып тастайтыны өте маңызды екенін айтты.
«Егер жаппай шектеулерді алып тастайтын болсақ, бәрі басынан басталады», — деді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылғы 11 наурызда коронавирус инфекциясының өршуін пандемия деп жариялады. Әлем елдері карантин шараларын күшейтіп, шетелдіктерге шекараны жауып тастады. Тұрақты әуе, көлік және теміржол қатынасы тоқтады. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы ескеріле отырып, шектеулер кезең-кезеңімен қайта алынып жатыр.