-6.1 C
Алматы
Среда, 18 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Әлеумет

    «Жомарт түлек-2021»: Танымал жамбылдықтар өздерінің туған жерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектеседі

    Таразда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт Түлек-2021» кездесуі өтті. Оған қонақ ретінде облыстағы мектептердің түлектері – қазіргі таңда өңіріміздің атын шығарып жүрген белгілі қоғам қайраткерлері, танымал әнші-сазгерлер, спортшылар, ғалымдар, кәсіпкерлер қатысты.

    Кездесуді ашқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев шараның мән-маңыздылығына тоқталды.

    — Басты мақсат – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтардың туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру болып табылады. «Жомарт түлек» жобасы аясында jambyl-tylek.kz. сайты іске қосылған десек, қазір оған 80 мыңға жуық түлек тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде біздің түлектер туған мектебіне, ауылына жалпы сомасы 2 миллиард теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. «Туған жер» жобасы аясында 5,5 миллиард теңге сомасына 30-дан астам әлеуметтік жобаны іске асыру ұсынылуда,-деді облыс әкімі.

    Сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектер жетістікке жету тәжірибесімен және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың бірқатары арнайы келіп қатысса, кейбіреулері бейне-байланыс арқылы қосылды.

    Қонақтардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО-ның Халық әртісі, театр және кино актері, режиссері, педагог, профессор Асанәлі Әшімов, тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, кеңес және қазақстан саясаттанушы Өмірбек Байгелді, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, жазушы, академик Мырзатай Жолдасбеков, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Аягүл Миразова, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ директорлар Кеңесінің төрағасы Гүлмира Исимбаева  бар.

    Махмұд Қасымбеков Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізіп, Елбасы Бердібек Сапарбаевтың өңірде қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайтуға ықпал ететін осындай игі шараны өткізу бастамасын жоғары бағалағанын атап өтті.

    — Туған жеріне, халқына деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Жамбыл облысында басталған форум республиканың басқа да облыстарында өз жалғасын табады деп сенемін, — делінген Елбасының құттықтау сөзінде.

    Атақты актер және режиссер Асанәлі Әшімов форумға арнайы қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

    — Өз туған жерін мүмкіндігінше дәріптеп жүрген барша жамбылдық түлектерді біріктіру идеясы маған ұнады. Бұл аса маңызды. Әсіресе, олар жас ұрпаққа дұрыс үлгі-өнеге бола алады деп ойлаймын. Танымал жамбылдықтар жас жерлестеріне көздеген кез-келген биіктеріне қол жеткізуге деген сенімділік ұялатады. Ең бастысы – талмай адал еңбек ету, туған жерін естен шығармай, мүмкіндігінше оның өркендеуіне өз үлесін қосу керек, өйткені сол туған мекеніміз бізді өсірді, тәрбиеледі, арманымызға қанат бітірді. Мен өзім осындай түлектердің қатарында болғанымды мақтан тұтамын, — деді Асанәлі Әшімов.

    Мемлекет қайраткері, саясаттанушы Өмірбек Байгелді осындай бастамалық іс-шараны ұйымдастырғаны үшін облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, бұл алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз жалғасын табатынына сенім білдірді.

    — Әулиеата топырағынан мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан және қосып келе жатқан көптеген талантты және әйгілі ел азаматтарын тәрбиелеп шығарды. Олардың туған жерімен байланысын үзбеуі өте маңызды. Бірлескен күш-жігермен біз Жамбыл облысының дамуы жолында көптеген игі істерді атақара алатынымызға сенімдімін, — деді Халық Хаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

    Мәскеудегі Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты Богдан Загрибельный, сингапурлық кәсіпкер Талғат Тұрымбаев, сондай-ақ АҚШ, Түркия және басқа да елдерден қатысушылар онлайн режимінде байланысқа шықты.

    Коронавирустық пандемия өршіп тұрған кезде, Жуалы ауданының тумасы, Kusto Group халықаралық компаниясының негізін қалаушылардың бірі Талғат Тұрымбаев жерлестеріне көмектесіп, аудандық ауруханаға реанимобильді көлік, сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды сатып алып берген.

    Кәсіпкердің айтуынша, ол өзінің туған ауданын қолдауды жалғастырмақ.

    Қатысушылардың әрқайсысы тұрақты негізде туған мектебіне, ауылына немесе қаласына қолдан келгенше көмек көрсетіп жүргендер. Олар қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, әлеуметтік нысандар салуға қаражат бөліп, кітаптар сыйлап отырады.

    Аймақ басшысы кездесуге қатысушыларды тыңдап, оларға туған мекендері туралы ұмытпағандары, жас жерлестерімен ой бөлісіп, оларды үлкен жетістіктерге ынталандырғандары үшін алғыс білдірді. Осынау ұрпақтар сабақтастығы әрі қарай да сақталуы тиіс екенін баса айтты.

    — Мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев айтқандай, Отанға деген сүйіспеншілік – бос ұрандар мен декларациялар емес, ол халық игілігі үшін күнделікті аянбай еңбек ету, шын жүрекпен жасалатын қайырымды істер. Әр адам өз Отанын сүюі тиіс. Барлықтарыңызға өңірімізді дамытуға өз үлестеріңізді қосып жүргендеріңіз үшін ризамыз. Осылай жалғаса береді деп үміттенемін. Біздің ауқымды қызықты жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Инвесторларға біз инфрақұрылым жүргізуге көмектесеміз. Сіздердің де әрқайсыларыңыз оларды жүзеге асыруға қол ұшын соза аласыздар, — деді Бердібек Сапарбаев. 

    Іс-шара соңында қатысушыларға естелік статуэткалар мен алғыс хаттар табыстталды.

    қатысты посттар

    «Мүгедек қызды 7 жыл бойы зорлап келген»: Шымкенттегі әлеуметтік орталыққа жоспардан тыс тексеру жүргізілді

    Фариза

    Алматы облысында 5-сынып оқушысы асылып қалды

    Ажырасқандар «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алмайды

    Пікір қалдыру

    six − 1 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.