4 C
Алматы
Понедельник, 25 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Бір топ ақын-жазушы Тоқаевқа хат жазып, диссидент Арон Атабекті босатуды сұрады

    Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов бастаған бір топ ақын-жазушы түрмеде отырған диссидент, ақын Арон Атабекті босатуды сұрап, хат жазды. Хаттың мәтіні Abai.kz сайтында жарияланды.

    Хатта авторлар ақынның соңғы кезде денсаулығы күрт нашарлап кеткенін айтып, босатуды сұраған. Оның 2006 жылы «әйгілі «Шаңырақ» оқиғасы бойынша жалған жаламен 18 жылға итжеккенге айдалып кеткені» айтылған.

    «…Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті. Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды. «Көзімнің тірісінде қадірле мені!.. Өлгесін басыма көк тас қойып, құрметтеп керек емес!» деген екен бір қарт назаланып… Сол айтпақшы, халық батырын көзі тірісінде бостандыққа шығарып, денсаулығын түзетуге жағдай жасасаңыз нұр үстіне нұр болар еді. «Елім-қазағым!» деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, Президент мырза!» делінген хатта.

    Хаттың соңына ақын-жазушы, журналисттер — Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүйлейменов, Мұрат Әуезов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Талғат Айтбай қол қойған. 2020 жылдың 25 желтоқсанында жазылды деп көрсетілген.

    Адвокат Шынқуат Байжановтың сөзіне қарағанда, хат жазу туралы бастаманы Арон Атабектің жанашырлары, серіктестері көтерген. Хат биыл жіберілген, бірақ президент әкімшілігінен әзірге жауап болмаған.

    Хатқа қол қойған кейбір ақын-жазушылар Азаттық тілшісіне «саяси санасы жоғары, ұлт ақыны Аронды босату керек, оны түрмеде азаптап, отырғызып қою — күнә» деген пікірді айтты.

    — Ол — ірі тұлға. Оның ақындығы да бар. Саяси сана-сезімі жоғары деңгейде. Ұлтжанды. Сондай біртұтас тұлға. Осы жылдар ішінде ешкімнің алдына барып жалынып тізе бүккен адам емес. Сондай мықты тұлға. Мұндай азаматтар бізге өте керек, — деді Мұрат Әуезов.

    «Хатқа президенттің құлақ түретініне сенесіз бе?» деген сұраққа ол «ол жағын айту қиын, бірақ ол мәселені шеше алатындар қоғам пікіріне құлақ түруі тиіс» деп жауап берді.

    Атабек 2006 жылғы 14 шілдедегі Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған. Сол күні Алматы шетіндегі Шаңырақ шағын ауданының тұрғындары билік заңсыз соғылған деген үйлерді бұзуға келген полиция күштеріне қарсылық көрсетіп, қақтығыс болған. Салдарынан 24 жастағы полицей қайтыс болған. Билік оның өліміне бірқатар жергілікті тұрғында және сол күні Шаңырақта болған ақын, әрі диссидент Арон Атабекті айыптаған. Атабек 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Кейінгі екеуі 2018 жылы мерзімінен бұрын босатылды. Өтегенов 2013 жылы түрме әкімшілігі қызметкерлерінің «заңды талаптарына бағынбады» деп айыпталып, мерзімі екі жылға ұзартылды.

    Арон Атабек түрмедегі жылдарының бәрі өзі тұратын Алматыдан тысқары жерде өткізді. Павлодар тергеу изоляторына оны 2014 жылдың сәуірінде ауыстырған.

    2010 жылы Арон Атабекке «Тұтқындағы шығармашылық иесі» (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген.

    Еуропарламент жақында Қазақстан туралы қабылдаған қарарында «қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды», соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырған.

    Дереккөз: Азаттық радиосы

    қатысты посттар

    Шымкент көшелерінде залалсыздандыру жұмыстары жалғасуда

    Фариза

    «Балақай бір күні жылап келіп, өзін үйдің шатырында ересектердің зорлағанын айтты…»

    Кәсіпкерден сыйлыққа пәтер алған ана көз жасын тоқтата алмады

    Пікір қалдыру

    20 − nine =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.