-1.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат Қоғам

    «Жаңа Конституция керек». Түрмеден шыққан Макс Боқаев алаңда билікке талабын айтты

    2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталған Макс Боқаев 4 ақпанда Атыраудағы түрмеден босап шықты. Құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп атаған Боқаевты елдің әр аймағынан жиналған ондаған адам қарсы алды. Белсенді бостандыққа шыққан бетте Атыраудың орталық алаңына барды, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    «БИЛІККЕ ТАЛАПТЫ АЛАҢДА АЙТАМЫЗ»

    Макс Боқаев бейсенбі, 4 ақпан күні таңертең Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен бостандыққа шықты. Ол өзін қарсы алуға келгендерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

    – Халықтың қолдауына, халықаралық ұйымдарға рақмет айтқым келеді. Халық қолдауы болмаса мені жоқ қылып жіберетін еді. Сүйегімді таба алмайтын едіңдер. Рақмет сол үшін! Теледидар, радио-газеттен қарап отырмын жағдайды. Назарбаев тақтан кетсе де, 5 миллиметр өзгеріс бар деуге болады. Бірақ алып бара жатқан өзгеріс жоқ. Сондықтан ары қарай қоғамдық жұмыспен айналыса беремін, – деді Боқаев.

    Түрмеден шыққан бетте Исатай-Махамбет алаңына барған Макс Боқаев (сол жақта) пен оның жанында тұрған Талғат Аян. Атырау, 4 ақпан 2021 жыл.
    Түрмеден шыққан бетте Исатай-Махамбет алаңына барған Макс Боқаев (сол жақта) пен оның жанында тұрған Талғат Аян. Атырау, 4 ақпан 2021 жыл.

    Белсенді Қазақстанда биыл 10 қаңтарда өткен, елдегі оппозиция мен батыс бақылаушылары сынаған парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауын «өтірік сайлау» деп атады.

    Макс Боқаев қамаудан босатылардан бір күн бұрын «соттың қаулы шығарып, өзіне митингіге баруға, әлеуметтік желі қолдануға тыйым салғанын» хабарлаған. Боқаевтың адвокаты ол қаулыны көрмегенін айтады.

    Макс Боқаев қамаудан шыққаннан кейін бірден Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңына барды. Ол бұл туралы түрмеде отырған кезде Азаттыққа берген сұхбатында айтқан еді. Боқаев 2016 жылғы 24 сәуірде осы алаңда үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық митингісіне қатысып, билікке талап айтқан соң көп ұзамай тұтқындалып, кейін сотталған еді.

    Бүгін алаңда өзін қарсы алу үшін елдің әр аймағынан жиналғандарға қолдау көрсеткені үшін тағы да алғыс айтқан Макс Боқаев Қазақстанға жаңа Конституция қажет деп мәлімдеді.

    — Өкінішке қарай, [Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан] Назарбаев біздің Конституциямызды дәретхана қағазына айналдырып жіберді. Бізге жаңа Конституция керек, біз осыны Назарбаев пен [елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт] Тоқаевтан талап етуіміз керек, – деді Макс Боқаев.

    Белсенді халық билікке талабын жеткізу үшін әр аптаның соңында бейбіт митинг өткізу керек деп санайды.

    – Үкімет ақылға келмесе, 3 сәуірден бастап алаңдарда шатыр тігіп отырамыз, – деді ол.

    Макс Боқаевты абақтыдан шыққанда қарсы алу үшін Атырауға Қазақстанның бірнеше өңірінен белсенділер, журналистер мен өзге де адамдар барған. Кей аймақтарда Боқаевпен кездесуге Атырауға жолға шыққан белсенділер мен журналистер өздерін полиция түрлі сылтаумен тоқтатып, сапарға шығармай қойғанын айтқан еді.

    ЖЕР МИТИНГІСІНЕН СОҢ ЖАЗАЛАНҒАН БЕЛСЕНДІ

    48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отырған. Бес жыл бұрын Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.

    Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деп айыпталды.

    Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген.

    Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Макс Боқаевты «саяси тұтқын» тізіміне енгізген. Бес жыл ішінде елде көптеген акциялар мен пикеттер болып, белсенділер саяси тұтқындар оның ішінде Макс Боқаевты да босатуды талап еткен. Халықаралық ұйымдар да Қазақстан үкіметін саяси тұтқындарды түрмеден босатуға үндеген. Қазақстан билігі «елде саяси тұтқындар жоқ» деп мәлімдеген.

    қатысты посттар

    «Көрмегенді көрсетеміз»: Путин қақтығысқа сырттан ешкімнің араласпауын сұрады

    Фариза

    Әлеуметтік төлем алу үшін 42500.enbek.kz сайтында қалай өтініш беруге болады

    Фариза

    «Несін жасырайын, аузым күйіп, үріп ішіп жүрген өзім де сондай ойда болдым…»

    Пікір қалдыру

    15 + 9 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.