10 қаңтар мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатқан күні күндіз Алматыда орталық алаң маңына Жанболат Мамай бастаған демократиялық партия құрғысы келетін бір топ адам жиналып, жұртты сайлауға бойкот жариялауға үндеді. «Сайлауға бойкот!», «Назарбаевтар әулеті биліктен кетсін» деп ұрандап, Тәуелсіздік монументіне қарай жылжыған топты Назарбаев пен Сәтбаев көшелері қиылысында әкімдік өкілдері күтіп алып, оларға шерудің «заңсыз» екенін ескертті. Сәлден соң оларды арнайы жасақ қоршап алып жылжытпады. Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» мүшесі Рахман Алшанов бастаған бірнеше адам келіп, «Демпартия» өкілдерін «елдің тыныштығын бұзғысы келіп жүр, халықты арандатқысы келеді» деп кінәлады. Ал наразылар «бойкот» деп айқайлап, оларды «тарауға көндірмек болған» билік өкілдерімен сөйлеспей қойды, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының өкілі, құқық қорғаушы Андрей Гришиннің айтуынша, митинг өтіп жатқан аумақта интернет өшкен. Интернет байланысы болмағандықтан Азаттық оқиғадан тікелей эфирде хабар тарата алмады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, орталық алаңда қоршауда қалған 20 шақты адамға екі жақтан жақтастары қосылғысы келгенмен қара маска таққан күштік құрылым өкілдері оларды жібермеген.
Бір сәт тараптар арасында жанжал да туындаған. «Демпартия» өкілдері алаңның ортасына қарай жылжу үшін арнайы жасақты қалың нөпір болып итеріп, шамамен 10 метрге жерге жылжи алған. Бірақ күштік құрылымдар саны толықтырылғаннан кейін полиция оларды ығыстырып, бұрынғы орнына қайта апарған. Арнайы жасақ наразылардың бірін аяқ-қолынан ұстап, көтеріп әкетпек болып еді, партия өкілдері «жібер, жібер!» деп талап еткеннен кейін босатып жіберген.
Биылғы мәжіліс пен мәслихат сайлауына елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі «Нұр Отан» партиясы және билікшіл төрт партия қатысып жатыр. Бұл сайлауға оппозициялық күштер жіберілген жоқ.
Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.
Осыған дейін сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген белсенділер мен ұйымдардың кейбірі сайлауға белсенді бойкот жариялауға үндесе, кейбірі «Нұр Отаннан» басқа партияға дауыс беруге шақырған.
Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар жер-жерде белсенділердің үйіне тінту жүргізіліп, қудалау күшейгенін хабарлаған. Бірде-бір халықаралық ұйым Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын әділ, ашық өтті деп бағаламаған.