-0.1 C
Алматы
Суббота, 9 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    «Шекарамыз толығымен шегенделді». Тоқаев қазақ жеріне «таласқандарға» жауап берді

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жеріне қатысты «қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар» екенін айтты, — деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агентттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

    «Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткер мен қоғам қайраткері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды.

    Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді. Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді», — деп жазды Президент «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында. 

    Қасым-Жомарт Тоқаев «еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейтінін» атап өтті.

    «Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз», — деді ол.

    Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деп тағы қайталады.

    «Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн», — деді Тоқаев.

    қатысты посттар

    «Бүкіл қоғам алданып жүреді» — Арыстанбек Мұхамедиұлы фонограмма туралы

    Фариза

    ҚЫЗЫЛОРДАДА 150-ГЕ ЖУЫҚ КӨШЕГЕ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

    Фариза

    Қызылорда облысында егін орағы қыза түсті

    Фариза

    Пікір қалдыру

    three × 1 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.