Пятница, 8 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Елбасының «Ел Үміті» жалпыұлттық бастамасы: жобаларды іске асыру нәтижелері

    Бүгін ҚР  Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары Ануар ЖАНГОЗИН ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының «Ел Үміті» бастамасы жобаларының аралық нәтижелері бойынша баяндады.

    Елбасының 2019 жылы ұсынған «Ел Үміті» бастамасы қабілетті балалар мен жастарды анықтауға және қолдауға, экономиканың негізгі салаларының көшбасшыларын дамытуға бағытталған. Бастама жобалары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен іске асырылады, ал бастаманы іске асыруға «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры жауапты.

    Ануар Жангозин, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары:

    «Пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан, бастама шеңберінде 2020 жылы 350 мыңға жуық қатысушыны қамтыған негізгі жобалар жұмысын бастады. Жобалармен жалпы қамту шамамен 1,5 миллион адамды құрайды — бұл оқушылар, студенттер, ата-аналар, педагогтар, жұмыс істейтін жастар, кәсіпқойлар».

    Спикер сондай-ақ, барлық жобалар балалар мен жастарды ұлттық құндылықтар, патриотизм рухында дамытуға және тәрбиелеуге және үнемі өзін-өзі дамыту қажеттілігін түсінуге бағытталғанын атап өтті. Жобалардың басты артықшылығы — олардың бірегей және қарапайым көпшілікке қол жетімді болуы.

    Ауыл мектептерінде білім алып жатқан қабілетті оқушыларын анықтау, оларға қолдау көрсету және арнайы оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік лифтпен қамтамасыз ету мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасы өткізілді.

    Ануар Жангозин, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары:

    «Түрлі олимпиадаларды өткізу тәжірибесі ауыл балаларының оларға аз қатысатынын көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, ауыл оқушыларының шамамен 13-14%-ы облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысады, бұл олардың дайындық деңгейімен және олимпиадалар өтетін жерлерден шалғайлығымен байланысты. Осыған орай, биыл Нұрсұлтан Назарбаев қоры тек ауыл мектеп оқушыларын қамтыған «Мың бала» алғашқы ұлттық олимпиадасын өткізді».

    Олимпиада аясында 4266 ауыл мектебінің 5 және 6-сыныптардың 295 мың оқушысы, 600 мың ата-ана мен педагог қамтылды. Нәтижесінде 1000 жеңімпаз іріктелді. Бүгін финалистер мен жеңімпаздар дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде (Республикалық физика-математика мектебі, «Білім – инновация» БИЛ-лицейлері, дарынды балаларға арналған Дарын мектептері) оқуын жалғастыруда және Елбасы Академиясы жанындағы «Birge Oqý» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуде.

    «Мың бала» жобасы бірнеше негізгі міндеттерді шешуге арналған: ауылдағы  дарынды балалар үшін қосымша әлеуметтік лифт және сапалы білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету.

    Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың салдарынан білім алуға қойылған шектеулерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қоры қашықтан оқытуды қолдау бойынша жұмысын күшейтті. Мұғалімдерге, балаларға және ата-аналарға әдістемелік қолдау көрсететін сапалы білім мен цифрлық оқытудың озық ресурстарына және қызметтеріне қол жетімділікті қамтамасыз ететін «Birge oqý» жобасы іске қосылды.

    Ануар Жангозин, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары:

    «Birge oqý» жобасы бірнеше бағытта жұмыс істейді: білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікірталас алаңы, педагогтар мен ата-аналарға арналған курстар, және үшінші бағыт ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» жобасының финалистері мен жеңімпаздарын сүйемелдеуге мақсатталған онлайн мектебі».

    «Birge oqý» жобасы ел мектептерін қашықтан оқытуға көшіруде маңызды рөл атқарды. 10 мыңға жуық педагог жоба шеңберінде семинарлар мен тренингтерден өтіп жатса, келесі 3 мың педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері мен еліміздің мұғалімдері «Цифрлық ментор» авторлық курсында білімін жетілдіріп, сертификаттар алды.

    Жоба аясында 230 мың адамды қамтыған 60 тікелей эфир және 9 конференция өткізілді, 100-ге жуық бейнесабақтар түсірілді, тұрақты негізде ауылдағы мектеп оқушыларына пәндік даярлау жүргізіледі, сабақтар еліміздегіүздік мұғалімдерінің жетекшілігімен өтеді.

    Пандемияның өршуі барысында орын алып, еліміздің жастарының дамуына бағытталған келесі жоба — «Елбасы медалі»  ауқымды челленджі. Жоба ағымдағы жылдың шілде айында іске қосылды. Жоба 14-29 жас аралығындағы жастарды тәрбиелеуге бағытталған және 7 бағыт бойынша даму бағдарламасын көздейді: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар үш деңгейді таңдай алады: қола, күміс немесе алтын, олар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындауды көздейді.

    Қазіргі уақытта жобаға 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші мен сарапшы тартылған. Жас ерекшелігіне байланысты бүгінгі күні бағдарламаға оқушылар, студенттер, тіпті жұмыс істейтін жастар мен мемлекеттік қызметшілер де қатысуда. Өйткені, жобаның негізгі компоненті — оның әр қатысушысы басқалармен емес, тек өзімен бәсекелеседі. Күн сайын өзін-өзі дамытумен айналысып, күн сайын кешегіден гөрі жақсы болуға ұмтылады.

    «Елбасы медалі» бағдарламасы аясындағы барлық іс-шаралар онлайн режимінде де, офлайн режимінде де өтеді. Жобаға қатысушылар үшін екі тілде 600-ге жуық бейне сабақтар түсірілді.

    Ануар Жангозин, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары:

    «Жоба аясында қатысушылар спорттағы дайындығын жетілдіреді, ұлттық мұраны зерттейді, әлемдік және қазақ әдебиетінің шығармаларымен танысады, еңбек практикасынан өтеді, елдің әр түкпіріне барып, Қазақстан тарихына үңіледі және волонтерлік қызметке белсенді араласады. Желтоқсан айының ортасында жобаның 300-ден астам қатысушысы қола деңгейіндегі алғашқы медальдармен марапатталатын болады».

    2019 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орынға ие болған оқушылар мен олардың жаттықтырушы-тәлімгерлеріне арналған «Ел мақтанышы» арнайы сыйлығын тағайындайды. Бұл марапат алғаш рет табысталды, және ол ең алдымен оқушылар мен мұғалімдердің олимпиадалық қозғалысқа қатысуға деген ынтасын арттыруға бағытталған.

    Сыйақы мөлшері — 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін. 2019 жылы 20 жүлдегер мен 25 жаттықтырушыға берілді. 2020 жылдың нәтижесімен 11 жүлдегер мен 17 жаттықтырушыға табысталады (пандемияға байланысты олимпиадалардың бір шамасы тоқтатылды). Сыйақы лингвистика, география, химия, физика, биология, математика және информатика пәндері бойынша халықаралық пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға беріледі.

    «Ел Үміті» бастамасындағы жұмыс істеп жатқан жастар мен ересектерге бағытталған жобалар туралы«Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Көшбасшылықты дамыту орталығының басшысы Гульмира РАИСОВА баяндады.

    2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Қазақстан Үкіметімен бірлесіп салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бағдарлама Елбасының «Ел Үміті» бастамасы шеңберінде әзірленіп, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың экономика мен әлеуметтік саланы мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдер енгізу қажеттілігі туралы тапсырмаларын сапалы орындауға бағытталған.

    Бағдарлама шеңберінде мықты деген 200-ден астам қатысушы іріктеліп, олар 6 ай ішінде 11 салада: сауда және логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп (оның ішінде жаңа индустрия), су ресурстары, өңірлік даму және қалаларды басқару, туризм, мәдениет және спорт, білім беру, денсаулық сақтау, медиа индустрия, геологиялық барлау салаларында 37 міндет бойынша жұмыс жүргізуде.

    Гүлмира РАИСОВА, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры көшбасшылықты дамыту орталығының жетекшісі:

    «Қазір бағдарлама іске асырудың үшінші кезеңінде, қатысушылар өз бастамаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министріне таныстыруда. Қазіргі уақытта Асқар Ұзақпайұлы Мамин 30-дан астам салалық міндет бойынша бизнес-шешімдерді тыңдады. Дайындалған бастамалар Бағдарлама қатысушыларымен бірлесіп егжей-тегжейлі пысықтау және іске асыруға дайындау үшін бейінді министрліктерге берілді. Қатысушылардың бастамаларын қорғау 2020 жылдың желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады».

    Бір жылға есептелген жоба 2020 жылдың қаңтарында конкурстық іріктеуден басталды, оған 3 000-ға жуық кандидат қатысты. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды: түйіндемелерді талдау, тестілеу және құзыреттер бойынша сынақтар.

    Оқыту бағдарламасы «Әрекет ету және проблемаларды шешу арқылы оқыту» тұжырымдамасына негізделген. Бағдарлама аясында қатысушылар салалық міндеттерді шешу бойынша жұмыс істеп,  қосымша білім алудан өтті.

    Сөз соңында спикерлер барлық жобаларды Нұрсұлтан Назарбаев қоры Үкіметтің қолдауымен, жергілікті атқарушы органдармен, бизнес қауымдастықпен, үкіметтік емес ұйымдармен және тәуелсіз сарапшылармен бірлесіп, жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

    Елбасы Академиясы — бұл дәстүрлі білім беру моделінің шекараларын кеңейту мақсатында ең үздік отандық және шетелдік тәжірибені біріктіруге арналған білім орталығы. Сонымен қатар заманауи тәжірибені еңгізу барысында біздің менталитетке, ұлттық және мәдени құндылықтарымызға сәйкес келетін жобалар ғана жүзеге асырылып жатқандығы баса айтылды.

    Қосымша сұрақтар бойынша байланысушы тұлға:

    Жазира Асанова 8 778 788 7647

    қатысты посттар

    Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Жалағаш ауданының эпидемиологиялық ахуалына қатысты селектор өтті

    Фариза

    Қызылордалық мамандар науқастардан иммунды плазма дайындауды бастады

    Фариза

    Қызылорда: Жалағаш кентіндегі көшелерді жөндеуге 322 жұмыссыз тұрғын тартылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    3 × three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.