Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Antikor Live» жобасы аясында «Әкімдіктердің ашықтығы, есептілігі және қол жетімділігі» тақырыбында тікелей эфирде сұхбат берді. Тікелей эфирге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің облыстық департаментінің басшысы Ардақ Ерсейтов қатысты.
Аймақ басшысына әлеуметтік желідегі облыс тұрғындарының пікірлері негізінде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты бірқатар сұрақ қойылды.
«Құқықтық статистикалық мәліметтерге жүгінсек осы жылдың 10 айының қорытындысымен сыбайлас жемқорлық сипатында 81 қылмыс тіркелді, өткен жылмен салыстырғанда 26,4% төмендеген. Республикадағы 17 өңірмен салыстыратын болсақ тергеу өндірісінде болған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істер бойынша біздің облыс 16-ы позицияға орналасқан. Осы көрсеткіштің өзі біздің бұл саладағы жұмыстардың оң нәтижесі деп білемін», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, облыс әкімі азаматтардың ақпаратқа қол жетімдігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың тарапынан қабылданып жатқан іс-шараларға тоқталып, ашықтық принципін ұстанатынын атап өтті.
Қазіргі таңда, облыстық әкімдіктің ресми интернет-ресурсы арқылы кез-келген азамат мемлекеттік органдардың атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпаратты ашық түрде алады. Салалық басқармалардың жұмысы, конкурс хабарландырулары, нормативтік құқықтық актілер, өңірдегі барлық жаңалықтар күн сайын жаңартылып тұрады. Ал, ашықтықтың бір бөлігі – қаржыларға байланысты. Әкімдіктердің ашық бюджеттеріне арналған интерактивті карта әзірленген. Онда барлық салалардың шығыстары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар.
«Электронды үкімет», «Ашық диалог» egov.kz порталында тұрақты түрде облыс әкімінің қатысуыммен онлайн режимде түрлі тақырыптарда интернет-конференциялар өткізілуде. Атап айтсақ, 2020 жылы 12 интернет-конференция жоспарланды. Бүгінгі күнге дейін 8 ұйымдастырылып, түскен сұрақтардың барлығына онлайн режимде жауап берілді.
Сонымен қатар, мемлекет тапсырысы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары туралы толық ақпаратты арнайы сайтта орналастырып, халыққа қолжетімді ету мақсатында құрылыс саласында «Халық мониторинг» (Halyq Monitoring) электронды жүйесі іске қосылған.
Облыс әкіміне кәсіпкерлік субъектілердің заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша да сауал қойылды.
«Өңірлік бизнес-ортада әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлық көріністерін жою, кәсіпкерлердің заңды мүдделерінің қорғау үшін «Бизнесті және инвесторларды қорғау» (Protecting business and investments) жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында жыл басынан бері облыстағы инвесторлар мен кәсіпкерлерді демеу үшін 6 шетелдік және 15 отандық жобамен келісім-шарт жасалды. Одан бөлек, пандемия кезінде бизнесті жоғалтпау үшін 51 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер беріліп, 4 мыңнан астам кәсіпкер міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру төлемінен босатылды», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнымен қоса, 9 мың сауда алаңы жалпы сомасы шамамен 700 млн.теңгеге жалдамалық төлемдерді өтеуден босатылған. Ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен несиелендіруге бағытталған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметі 2025 жылға дейін ұзартылды.
Цифрландыру мәселесіне қатысты ағымдағы жылы 7 бағыт бойынша 13 жоба іске асуда. Оның негізгі бағыттарының бірі -білім беру саласында «Қауіпсіз мектеп» пен денсаулық сақтау саласында «DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» және «Медициналық куәландырудың электрондық жүйесі» жобалары және т.б.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызмет көрсету, қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты бөлінген бюджет қаражатының мақсатына сай игерілуін бақылау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Еске салайық, өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы Заңға қол қойды. Осы Заңның қабылдануымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды.