14.09.20-14.11.20 жж. аралығында А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мекемесіне бағытталған ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өттік. Жетекші ретінде ф.ғ.к. Г. Қортабаева тағайындалды.
Тәжірибенің алғашқы күні құжаттар мен өтілу талаптары туралы кіріспе дәрісіне қатыстық. Институт директоры Мұратқызы Анар Фазылжановамен танысып, Тіл білімі институтының құрылу тарихы, оның құрылымы, негізгі қызмет ету бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді. Ұйым жақтан ф.ғ.д., профессор Күдеринова Құралай Бимолдақызын жетекші етіп бекітті. Тәжірибе барысында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім іинститутының диссертация, мақалалар жинақтары бөліміндегі құжаттармен жұмыс жасадық. Пандемиялық жағдайға байланысты, көптеген шаралар онлайн “Zoom” платформасында өтті. Сингапур ұлттық университетінің профессоры Мұстафа Изудиннің «Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстан: Жаңа шекараларды зерттеу және шығармашылық қатысу» атты халықаралық ғылыми-онлайн конференциясына қатыстық.
Магистранттар мен докторанттарға арналған Назарбаев университетінің «Developing academic skillsin 3 languages» тақырыбындағы вебинар өтті. Бұл вебинарда Назарбаев университетінің профессорлары мен оқытушылары ағылшын тілінде оқитын магистранттар мен докторанттарға сауалнама жүргізді. Сауалнама барысында 5 түрлі топқа бөлініп, әрбір топтың өзінің модераторы белгіленді. Қазіргі кезде оқу барысында кездесетін артықшылықтар мен кемшіліктерді талқыладық. Әрбір қатысушы өз пікірін анық білдіріп, болашақта сабақты қызықты әрі нәтижелі өткізуге болатындай өзінің ұсынысын білдірді.
«Тіл мерекесіне» байланысты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директорымен онлайн кездесу ұйымдастырылып, Түрксой кафедрасының оқытушы, докторант, магистранттар ұжымымен қатыстық. Кездесу барысында институт директоры А. Фазылжанова «Жаңа әліпбиде кірме сөздерді орфографиялау принциптері» туралы презентация даярлап, баяндама жасады.А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.,проф. Айманкүл Алдаштың «Кірме сөздер: қосар дауыссыздар емлесі», А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Назира Әміржанованың «Латын графикалы қазақ жазуы: кірме сөздерді кодификациялау» тақырыбындағы баяндамаларын тыңдадық. Түркия Республикасының Еге университеті профессоры, ф.ғ.д., «Türk Dil Kurumu» мүшесі Мұстафа Өнер, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры және ф.ғ.д, «Türk Dil Kurumu» мүшесі Хулия Хасапоғлу сарапшы ретінде қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Ғылыми-зерттеу тәжірибесі барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Уәлидің «Қазақ орфографиясының негізгі принципі туралы», «Жаңа басылымның танымдық тағылымы, «Қазақ өлкесіндегі гидронимдердің тілдік-этномәдени семантикасы», «Қазақтың халық астрономдары-есепшілердің қоғамдағы тарихи орны мен қызметі туралы», «Сөз табиғаты және көркем тіл», «Диалектизмдер құбыжық емес…», «Тілді жүйе – норма – узус және олардың ортақ тұстары мен айырым белгілері» атты мақалаларымен танысып, жұмыс жасадық.
М.К.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс Ресей Федеративтік университеті жанындағы Тілдер және мәдениет институт ұжымы мен Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасының ұжымы арасында өткен онлайн кездесуге қатыстық. Кездесуді Түрксой кафедрасының аға оқытушысы Марат Рысқұлов жүргізді. Онлайн кездесуге Солтүстік-Шығыс Ресей Федеративтік университеті жанындағы Тілдер және мәдениет институтының құрметті ұстаздары Светлана Митрофановна Прокопьева, Матрена Попова, Евдокия Софроновна, Людмила Ефимова, Анастасия Шамаева т.б. қатысып, жылы лебіздерін, алдағы екі университет арасында көптеген шараларды жоспарлау туралы пікірлерін айтты. Шығыстану факультетінің деканы PhD доктор Ықтияр Палтөре мен институт директоры ф.ғ.к., доцент Гаврил Григорьевич Торотоев алдағы уақытта білім-ғылым мәселелері бойынша жоспарларымен бөлісті. Түрксой кафедрасының меңгерушісі PhD доктор Қыдырбаева Үміт ханым да институт ұжымы мен жұмыс жасауға дайын екендігін атап өтті.
Қорыта келгенде, ғылыми-зерттеу тәжірибеміз өте қызықты және нәтижелі өтті, себебі ғылыми жұмысымызға қатысты көптеген пайдалы кеңес алдық. Сондай-ақ құнды деректер жинақтап, ғылыми жұмысымызды теориялық жағынан толықтыруға мүмкіндік алдық. Қазіргі қазақ тіл білімінің өзекті ғылыми мәселелері, тілдің қоғам үшін маңызды қолданбалы аспектілері туралы мақалалар, оны терең зерттеп, одан әрі дамытуға бағытталған жобалармен таныс болдық. Ғылыми-зерттеу тәжірибесінің біздерге, болашақ зерттеушілерге, берер пайдасы мол.
Өтілген ғылыми-зерттеу тәжірибеге магистрант ретінде ұсыныстарымыз:
- Танысып, кеңес алған ғылыми қызметкерлермен бірге қайта қауышу, яғни аталмыш институтта ғылыми-зерттеу тәжірибені келесі семестрде қайтадан өту;
- Жалпы магистранттарға тиесілі отандық және шетелдік ғылыми жетекшімен қатар, осындай институттардан жанама ғылыми жетекші тағайындау;
- Институт қызметкерлерін біздің кафедраға шақырып, магистрант пен докторанттарға лекция мен семинар оқыту;
- Екі ғылыми мекеме арасында ортақ конференция, семинар сияқты шаралардың көбеюі.
Асхатқызы Б.1,Cмагулова Б.М.2
17М03210-«Шетел филологиясы» мамандығының 2-курс магистранты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Түрксой кафедрасы, Қазақстан, Алматы, e-mail: askhatkyzy.botagoz@gmail.com
2 7М02216-«Түркітану» мамандығының 2-курс магистранты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Түрксой кафедрасы, Қазақстан, Алматы, e-mail: balzia_97@mail.ru