-9.1 C
Алматы
Среда, 25 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Рухнаният

    Иманғали Тасмағамбетов: Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді

    Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын зейнет демалысына шыққан аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов алғаш рет БАҚ-қа көлемді сұхбат берді. Иманғали Нұрғалиұлы ұлт рухы мен руханият дүниесінен бастап, әріп ауыстыру мен тіл мәселесіне қатысты ойларын бүкпесіз ортаға салды деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.

    «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында мемлекет және қоғам қайраткері зейнет демалысын қалай өткізіп жатқанынан хабардар етті. Иманғали Тасмағамбетов журналист Нұртілеу Иманғалиұлына зейнетке шығу туралы шешіміне не түрткі болғанын да айтып өтті.

    «Мынау айтып келмеген індет басталғалы үйден алыстамауға тырысамын. Оның да бұрын аса мән бермеген қызығы көп екен. Ең бастысы – шығармашылық ойға, бұрын қол тие бермейтін сүйікті ісіңе уақыт жетеді.

    Жаңа өзіңіз айттыңыз, көп жыл елдің қызметінде жүрдік. Жатсақ-тұрсақ ойымыз жұмыста, бойымыз үйден алыста болдық. Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені, ер азамат үшін ел-жерінің игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ.

    Осы жолда азды-көп елге пайдамыз тиіп, еңбегіміз еленіп жатса, ол да болса осы ақжүрек жұртымыздың арқасы…

    Зейнет демалысы деп отырсыз ғой… Мен үшін бұл «күтпеген сый» болды деп айтпаймын. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешімім. Өз қалауым.

    Ашығын айтқанда, бұл өмірде «құлақсыз сандық» секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де, қайнаған істің жолына емес, лауазым — қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін.», — деді Иманғали Тасмағамбетов.

    Сондай-ақ сұхбатта Тасмағамбетов қазақ тілінің қазіргі жай-күйіне тоқталып, оның болашағына алаңдаушылық білдірді.

    «Қазақ тілі өзінің ауызша және жазбаша бірізділігі бар әлемдегі жоғары дамыған 600 тілдің қатарында, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие 200 тілдің қатарында екен. Кез-келген тілдің әлеуеті оның сөздік қоры байлығымен өлшенеді.

    Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде өте бай тіл. Бұл қазақ тілі – ғылым мен технологияның тілі емес дейтіндерге жауап.

    Дегенмен, адамзат тарихында талай халықтың тілі жойылып кеткенін білеміз. Оның басты себебі – қолданыстан шығуы.

    Өкінішті-ақ, бірақ тіл мәселесі біз үшін өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Тәуелсіздігіне 30 жыл болған ел үшін бұл өте ұят.

    2001 жылы осы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтетін болып, мемлекеттік комиссияның төрағасы болдым. Сол кезде 5 облысты таңдап тұрып, хат жаздым. Барлығына бір ғана – «іс-қағазды толығымен қазақ тіліне көшіріңдер» деген талап қойдым. Одан бері 20 жыл уақыт өтті. Білуімше, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстаннан басқасында нәтиже жоқ.

    Мәселе іс-қағазда ғана емес. Жаңа айтып өттім, жанашырлық ең бірінші биліктен бастау алу керек. Мәселе сонда. Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді», — деп пайымдайды Иманғали Нұрғалиұлы.

    Журналист Нұртілеу Иманғалиұлы мемлекет және қоғам қайраткерінен «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары туралы көзқарасын сұрап білді. Саясаткердің пікірінше, «Рухани Жаңғыру» деген ұлағатты сөз жалаң ұранға айналған.

    «Сөз жоқ, бағдарламаның түпкі мақсаты мен идеясы өте маңызды. Әсіресе бүгінгі күннің уақыт сынағында. Мәселе оның сапалы орындалуында болмақ.

    Бірақ, жақсы ойды, жүйелі жоспарды дұрыс түсінбегендіктен бе, көп жерлерде бұл бағыттағы істің барысы сұйылып кетті. Кей аймақтарда науқаншылыққа салынып, «Рухани Жаңғыру» деген ұлағатты сөз жалаң ұранға айналды. Оны мойындауымыз керек», — дейді Иманғали Тасмағамбетов.

    қатысты посттар

    «Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» Хакім Абайдың қара сөздері (видео)

    Фариза

    Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда

    Фариза

    ШЫМКЕНТ: Абайдың 175 жылдығына орай жас абайтанушының кітабы жарық көрді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    1 + ten =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.