Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны Сейітқасым Бақтыберлин темір жол саласының ардагері. Жиырма жыл бойы ол артрозбен ауырады.
«Мен теміржолда жұмыс істеген кезде буындарым үнемі ауыратын. Зейнетке шыққаннан кейін әр қадамым ауыр болды. Ауруханаға жатқызу бюросының порталы арқылы Қызылорда қалалық ауруханасына жіберілдім. Бір аптаның ішінде травматологтар сол аяғымның тізе буынының эндопротездеу отасын сәтті жасады. Басқа тізе буынына ота алты айдан кейін жоспарланған. Сондықтан оң жақ тізе буынындағы ауырсынуды жою үшін радиожиілікті абляция жасалды. Дәрігерлерге алғысым шексіз», – дейді Сейітқасым Бақтыберлин.
Травматология бөлімшесінің меңгерушісі Расул Әлімбетовтың айтуынша, радиожиілік абляциясы – радиотолқындар тудыратын электр тоғы, бұл жүйке ұштарын күйдіреді және нәтижесінде ауырсыну синдромы бірнеше жылға тоқтатылады.
«Радиожиілік абляциясы алғаш рет бір ай бұрын енгізілген. Бұл аз инвазивті рәсім жамбас, тізе буындарының артрозы, протрузия, остеохондрозы бар науқастарға жасалады. Бірақ бұл белгілі бір кезеңдегі ауырсынудың бітелуі, сондықтан эндопротездеу тиімдірек болады. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде осы жоғары технологиялық медициналық қызметтерді тегін алу мүмкіндігі бар. Эндопротез (жасанды буын) – титаннан жасалған, оның құны 500 мың теңгеден және одан жоғары, ал отаға жұмсалатын шығыстар 1 млн.теңгеден асады. Сондай—ақ біздің сақтандырылған науқастарға оңалту емі бойынша да қызметтер қолжетімді», – деді дәрігер.