Қызылорда облысында жыл басынан басталған пандемияға байланысты аймақтағы әуежай мен вокзалдарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары көлік инфрақұрылымы нысандарына барып, жолаушылардың қауіпсіздігін әрдайым қадағалауда.
Бүгінде облыс орталығындағы «Салтанат» ЖШС-не қарасты автовокзал және темір жол вокзалы жанындағы аралық аялдамада коронавирус инфекциясына қарсы тәртіп күшейтіліп, профилактикалық дезинфекциялық шаралар тиісті көлемде атқарылады.
Жолаушылар арасындағы әлеуметтік арақашықтық және бетперде режимі талапқа сай жүргізіліп, әрбір жолаушыда өзімен бірге міндетті түрде жеке қорғаныс құралдарының болуы қатаң қадағалануда. Сондай-ақ, автовокзал, темір жол вокзалдары ғимаратына кірер кезінде қызметкерлер әрбір жолаушыларды термометрия бақылауынан өткізеді. Жолаушыларда жеке қорғаныс құралдары болған жағдайда ғана автобустарға отырғызу жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тасымалдаушыларға жүк және жолаушы тасымалдаудың арнайы алгоритмдері әзірленді. Қазіргі уақытта автовокзалда, автобус салондары мен багаж бөлімдерінде рейс алдындағы және рейстен кейінгі дезинфекциялық өңдеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, бұл іс-шараға темір жол және вокзалдары басшылығымен арнайы мамандар бөлінген.
Әуе тасымалында да жағдай да қатаң қадағалауға көшкен. Әуежай ғимараты санитайзермен жабдықталған. Сонымен бірге, жолаушылар көп шоғырланатын жерлер, әуе кемесінің, автобустар мен шағын автобустардың салондары, автомобиль траптары арнайы дезинфекциялық құралдармен өңделеді. Әуежай қызметкерлері жолаушыларды сапарға шығар алдында термометрия бақылауынан өткізеді.
Әуежай кешенінде коронавирустық инфекцияның белгілері мен сақтық шаралары туралы ақпараттандырылған парақшалар ілінген және 4 минут сайын сақтық шараларына қатысты дауыс ұлғайтқышпен хабарландырулар жүргізіліп отырады. Мұндағы қызметкерлер де жеке қорғаныс құралдарымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген.