Бүгінде Қызылорда облысында коронавирус инфекциясымен 3249 адам тіркелді. Анықталған науқастардың эпидемиологиялық ортасы есепке алынып, күнделікті саралануда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
«Аймақта эпид ахуалдың тұрақты болуына тиісті жұмыстар жүргізілуде. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға екі айлық қор және 210 инфекциялық төсек орын бар. Сондай-ақ, 200 төсекке арналған модульдік аурухана құрылысы жүруде. Бұған қоса, облысымызда 244 ИВЛ аппараттары жұмыс жасауда. Қосымша тағы 7 құрылғы келеді. Бүгінде өңіріміздегі медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 658 оттегі концентраторы жеткізілді. Сонымен қатар, облыста 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек орын дайын», – деді Наурызбай Сейтқалиұлы.
Өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында басқа профильдегі мамандарға арнайы семинарлар өткізілді.
«Коронавирус инфекциясына қарсы күресте мамандар тапшылығын жою мақсатында аймағымыз 84 жас маманмен толықты. Олар қажеттілігіне қарай қалалық мекемелерге жолданды», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары індетпен күресте өзін-өзі қорғау инстинкті қалыптаспай нәтиже толыққанды болмайтынын айтты.
«Ауырған адамға дәрі де, ақша да, лауазым да, атақ та ара түсе алмай қалған жағдайды бастан өткердік. Індетпен күрес «бәрі де жеңіс үшін» деп бірігіп күресетін майдан алаңы. Мені мемлекет немесе біреу қорғасын дегеннен ештеңе шықпайды. Жағдай әлі де күрделі болғанымен біздің жүйелі бақылауымызда. Жұмыс үзіліссіз жалғаса береді. Карантин жеңілдетілгенімен талапты барынша қатаң сақтауымыз керек», – деді Наурызбай Байқадамов.