Қызылорда облысында Үкімет резерві қорынан бөлінген қаржыға алынатын электронды техникалар сатып алынып, балаларға табысталуда. Қашықтан оқыту кезінде қажетті компьютерлік техникалар ай сайын кезең-кезеңімен жеткізілуде.
Бүгінгі күнге барлығы 9478 дана компьютерлік құрылғы облысқа жеткізілген.
Мемлекеттік сатып алу заңының арнайы тәртібімен 14362 дана ноутбук пен 4802 дана планшетке «Фирма «Казинтерсервис» ЖШС және 3706 дана компьютерді жеткізуге «Барыс СК» ЖШС-мен келісімшарты аясында жұмыстар жүргізілуде.
Қызылорда облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, жеткізілген компьютерлік құрылғылар сот сараптама орталығы мамандарымен тексеріліп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынылған талаптарына сәйкес қабылдануда. Яғни әрбір сатып алынған компьютерлердің жеткізілу процестері тәуелсіз журналистердің қатысуымен тікелей эфир арқылы өткізілуде.
«Сатып алынған компьютерлер ең әуелі мектептің балансына өтеді. Ең бірінші кезекте, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, ерекше жағдайда үйден білім алатын балалар мен көпбалалы отбасының балаларына табыстап жатырмыз. Қазіргі күні бұл құрылғылар Қызылорда қаласының мектептеріне таратылуда. Ал, аудандарға кезең-кезеңімен таратылып беріледі», – деді Ақзира Қасымова.
Айту керек, республикалық бюджеттен Сыр еліне 22 мың компьютер алуға 3,4 млн.теңге қаржы қаралды. Бүгінгі күні 9 мыңнан аса электронды текхникалық жеткізілсе, қалған 10662 дана ноутбук пен 2730 дана компьютер қазан айының аяғына дейін жеткізілмек.