Сыр өңірінде 2021 жылға қарай 47 ауылдық елді мекенге мобильді интернет орнату жұмыстары басталады. Мамандар аймақтағы елді-мекендерді кең жолақты интернетпен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтып отыр. Бүгінде 230 ауылдық елді мекеннің 160-ы кең жолақты интернетпен қамтылған. Ал, 3G және 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілмеген 70 ауылдық елді мекен бүгінгі күні проблемалық деңгейде. Бұл ретте бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданып, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен байланыс операторларының арасындағы меморандумға сәйкес 30 елді мекенді кең жолақты интернетке қосу жоспарланды.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, 30 елді мекеннің 23-іне базалық станциялары бар антенна құрылыстарын салу немесе орнату жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде «Beeline» операторының 4 базалық станциясы және «Kcell» операторының 19 базалық станциясы бар.
Мамандар ауылдық жерлерге интернет орнату бірнеше кезеңдік жұмысты құрайтынын қаперге салды. Мәселен, процесті орындау үшін жер учаскесін ресімдеу, электр энергиясын желіге қосу үшін техникалық шарттар алуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, пайдалануға рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу айтарлықтай уақыт алатынын айтып отыр.
Қазіргі күні сала мамандары «Beeline», «Kcell» компанияларымен қолда бар 2G радиорелейкаларын 3G-ге жаңғырту жүргізу және бір оператордың қолданыстағы базалық станцияларын басқа екі компанияға қосу жұмыстарымен айналысуда.