Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша өңірлік Кеңес отырысы өтті.
«Үкімет пен әкімдер үшін инвестицияларды тарту, және қазақстандық тауарларды, қызметтерді экспортқа шығару негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Міндеттерді орындау үшін облыс көлемінде іске асырылатын инвестициялық жобалар маңызды рөл атқаруда. Сондықтан, жобаларды іске асыруда туындаған мәселелерді қарау, өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту үшін тиімді шешімдер қабылдау мақсатында тоқсан сайын Кеңес өткізіп тұрамыз. Бүгінгі кеңес отырысында 4 инвестициялық жобаны қарайтын боламыз», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Кеңесте бірінші «Арал Сода» серіктестігінің «Кальциленген сода зауыты құрылысы» жобасы қаралды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және инвестиция көрсеткішін жоғарылатуға ықпал жасайтын ірі жобамыздың бірі – кальциленген сода зауыты. Жоба іске қосылғанда импорталмастыруға өз ықпалын тигізеді.
«Кальциленген сода зауыты құрылысы» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы «Арал Сода» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Санжар Оспанкұлов баяндады.
Зауаттың қуаттылығы жылына 300 мың тонна құрап, 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Инвестиция көлемі 93.5 млрд.теңге.
Кальциленген сода зауытының құрылысына 100 гектар, қоймасына 501 гектар жер учаскесі бөлінген. Жоба республикалық индустрияландыру картасына 2016 жылы енгізілген және 2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев пен «Арал Сода» ЖШС директоры Санжар Оспанқұловқа бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін зауыт құрылысын бастап, бөлінген қаржының мақсатты, сапалы әрі мерзімінде игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ғалым Едігеевке теміржол тұйығын, электрмен және газбен жабдықтау желілерін салу салу үшін мердігер компанияларды анықтауды жүктеді.
Ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Примбетов пен Арал ауданының әкімдігі Мұхтар Оразбаевқа бірлесіп, жыл соңына дейін темір жол тұйығы құрылысының басталуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
Кеңесте көтерілген екінші мәселе «Сыр Маржаны» серіктестігінің «Мал сою пунктін жаңғырту және ет комбинатын салу» жобасы. Жоба туралы «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өтеев Мнажаддин баяндама жасады.