Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Шаһар басшысы, алдымен, А-2 айналма жолындағы Бадам өзенінің үстінен өтетін көпірді қайта құру жұмыстарымен танысты. Бұл жұмыс 2018 жылдың қазан айында басталған. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 916.3 миллион теңге. Соның 1 миллиард 167 миллионы биылғы жылы бөлінген.Көпір қараша айында пайдалануға беріледі. Кеңейіп, жаңарған көпірдің ұзындығы — 144 метр, ені — 28,2 метрді құрайтын болады.—Шымкенттегі магистралды жолдар тәулігіне 20 — 35 мың автокөлік өткізе алады. Ал, бүгінде нақты көрсеткіш 50-70 мың автокөлік немесе екі есе көп. Сондықтан біз жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз.
Қазір Шымкентте 24 магистралды көшеде орта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бадам өзенінің үстінен өтетін мына көпір де маңызды нысандардың бірі. Тиісті басқарма мен басқа да жауапты органдар жұмыстың сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалауы тиіс, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.Мұнан кейін қала әкімі Ю.Гагарин, А.Асқаров көшелерінің орта жөндеу жұмыстарымен танысты. Ю.Гагарин көшесінің Абай даңғылынан Эрмат ата көшесіне дейінгі 4.7 шақырымдық бөлігін орта жөндеуден өткізуге бюджеттен 335 миллион теңге бөлінген. Ал, А.Асқаров көшесінің Республика даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігіне 303 миллионнан астам қаржы қаралған.
Ф. Жандар