Бүгін Шымкент қаласындағы №80 мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасылардың балаларына арналған бейімді және инклюзивті спорт секцияларының ресми түрде ашылуы өтті.
Секция «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасының аясында іске қосылып отыр. Жоба Нұр-Сұлтан қаласында 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ал биыл Шымкент қаласы мен басқа да өңірлерде басталды.
Жобаның ашылу салтанатына — Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекова, дәрігер-реабитолог Айнұр Нұрқожаева, қалалық денешынықтыру мен спорт басқармасының өкілдері, жас спортшылар мен олардың ата-аналары қатысты.
Жобаның мақсаты – елде бейімді дене шынықтыру саласын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасылардың балаларына арналған бейімді спорт секциялар жүйесін құру.
Енді Шымкенттегі БЦП, аутизм және Даун синдромы секілді диагнозы бар балақайлар да бейімді футбол, жүзу, таэквонда және бочча үйірмелеріне тегін қатыса алады.
Жоба Бас серіктес – «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар қорының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Шымкенттегі жобаға Nur Otan партиясы, «Қасиетті жол – Шымкент» оңалту орталығы секілді әлеуметтік серіктестер мен жергілікті атқарушы органдар да қолдау көрсетуде.
Г. ҚАПАЛ