-11.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды

    Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды.

                Алдымен аймақ басшысы Әйтек су торабының жұмысымен танысты. Сырдария өзеніндегі «Әйтек» су торабы 2004 жылы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы (САРАТС-1) аясында салынып, пайдалануға берілген. Негізгі мақсаты – Сырдария өзенінің ағынын реттеуге, Сырдария және Жалағаш аудандарының 16 мың гектар суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету. Су торабының су өткізу қабілеті 750 м3/с құрайды. Әйтек су торабының бұзылуы Сырдария мен Жалағаш аудандарының аумағындағы 16 мың гектар жерлердің суармалы сусыз қалуын және 31 мың адам тұратын 7 елді мекеннің су басу қауіпін төндіруі мүмкін.

     «Қазіргі таңда «Әйтек» су торабы авариялық жағдайда. Оң жағалауды шайып кету қаупі бар. Осыған орай, жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, Экология, геология табиғи ресурстары министрлігі арқылы тиісті қаржы бөлінді. Ендігі мақсат қаражатты дұрыс игеріп, су торабын қалыпқа келтіру жұмыстарын сапалы жүргізуіміз керек», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

     Аймақ басшысы аудан әкімі Талғат Дүйсебаевқа су торабында күрделі жөндеуді бастау мақсатында тиісті шешімдер қабылдап уақытылы орындауды тапсырды.

                Сондай-ақ, өңір басшысы Ақжарма ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, «Ақжарма 2» фермерлік қожалығының күріш тазалау құрылғысын көрді.

    Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында елді мекеннің жалпы ұзындығы 13,6 км құрайтын 9 көшесін орташа жөндеуге 614,64 млн. теңге бөлінді. Мұнымен қоса, ауылының 4 көшесін жарықтандыруға, 3 көшесіне темір бетонды лоток орнатуға қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Тиісті жұмыстарды «Сыр жолдары» ЖШС атқаруда. Аяқталу мерзімі 2020 жылдың 30 қарашасы деп күтілуде. Аймақ басшысы аудан әкімі мен мердігерге жөндеу жұмыстарын тездетіп аяқтауды және сапалы орындауды тапсырды.

    «Ақжарма 2» фермерлік қожалығы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 56 млн. теңге несие алған. Чехиядан арнайы құрылғы әкеліп, «Күріш тазалайтын зауытының құрылысы» жобасын іске қосты. Қазіргі таңда зауыт өз тиімділігін көрсетіп тұр. Аппарат сағатына 50 тонна астықты тазартады. Шаруашылықты әртараптандыру арқылы 2023 жылға дейін күріш ақтайтын зауыт, кіші пастерленген сүт зауыты, жылыжай және көкөніс қоймасын салу жұмыстары жүргізуге мүмкіндік болады. Бүгінгі күні мұнда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.

    Сапар соңында облыс әкімі ауданның күзгі дала жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, Шаған ауылындағы «Шаған Жер» ЖШС-ның №1 өндірістік бригадасының егіс алқабына және Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» ЖШС-нің астық тазалау қырманына барды.

    Шаған ауылдық округіне қарасты «Шаған Жер» ЖШС 2004 жылы құрылған. Негізгі бағыттары – егін егу және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру. Шаруашылықта 350 адам жұмыспен қамтылған. Ауыл шаруашылығы жері – 16439 гектар.

    Ал, Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» ЖШС-нің астық тазалау қырманы сағатына 5 тонна күріш тазалайды. Екі ауысымнан 40 адам жұмыс істейді. Облыс әкімі жұмысшылармен де кездесті. 8 бала тәрибелеп отырған сушы Арысбек Байназаров мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтіп отырғанын айтты. Биыл егіні бітік болып, 80 центнерден жоғары өнім алған. Ал бригадир Шухрат Бизахов он жылдан бері 70-75 центнерден өнім алып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жұмысшалардың өтініші бойынша шаруашылық оларға жем-шөптерін тегін беріп жатыр.

    Аймақ басшысы аудан әкіміне егін жұмыстарын 15 қазанға дейін аяқтауды және жылу маусымына дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

    «Қазіргі таңда басты мәселелер егін жинау науқаны мен қысқы мезгілге дайындық. Сондықтан аудандарды аралап, күзгі егін жинау науқанының қалай өтіп жатқанын қарап, жылу маусымына дайындық жұмыстарын тексеретін боламыз. Жалпы ауданда бүгінгі таңда 30 пайыз егін жиналған. Бұл жұмыстар уақытылы бітеді деп жоспарлануда. Ал, аудандық аурухананың жылу жүйелерінде бірқатар мәселелер болған. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазандықты ауыстырып, жылу құбырларын жаңартуды 10 қазанға дейін бітуі керек», — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

    Сонымен қатар, облыс әкімі болжамға сәйкес аймақ көлемінде коронавирусқа қарсы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, бұл кезеңге сақадай сай болу керектігін ескертті.

    қатысты посттар

    «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi» мекемесiне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді

    Фариза

    Қызылорда теміржол вокзалындағы санитарлық жағдай бақылауда

    Фариза

    Серік Күдебаев Алматы облысының полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    3 × 3 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.