Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының диқандары алқаптардан өнімін жинауға кірісті.
Аудандағы егін және мал шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі «РЗА – Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ү.Түктібаев ауылындағы егін алқаптарында егінге алғашқы орақ түсті.
Егінге алғаш орақ түспестен бұрын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай арнайы дайындалған стенд бойынша ауданның егіншілік саласы бойынша көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтермен таныстырды. Сонымен қатар, «РЗА – Агро» ЖШС бас аграномы Нұрлан Наурызбаев шаруашылықтың егіс орағына дайындығы барысы туралы айтып өтті.
«Тоғызарқан» учаскесінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, қоғам қайраткері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Айтбай Көшербайұлы, еңбек ардагері, Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Бағзалбай Қалышев дихандарға сәттілік тілеп, егінге орақ салу рәсімінің лентасын қиды.
«РЗА – Агро» ЖШС жыл сайын күріштен мол өнімге қол жеткізу үшін жаңа технологияларды өндіріске енгізуде. Соның бірі жер тегістейтін италияндық «Мара» лазерлік агрегаты. Егінгі алғашқы орақ түсу рәсіміне қатысушылар заманауи техникамен жер тегістеу жұмыстарына куә болды.
Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша биыл 17675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 6496 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.