Мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіруге арналған облыстық ақпарттық-түсіндіру тобы (АТТ) аудандарды аралауда. Ондағы мақсат деструктивті діни ағымдардың теріс идеологияларынан тұрғындарды сақтау, өңірде діни ахуал тұрақтылығын сақтау. АТТ мүшелері аймақтың батысындағы Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарына барып, жергілікті атқарушы органдар және мешіт имамдарымен бірнеше кездесу өткізді. Әлемді жайлаған пандемия қазіргі уақытта біраз мемекемелердің жұмысына кедергісін келтіріп тұрғаны жасырын емес. Дегенмен, аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығын естен шығаруға әсте болмайды.
— «Коронавирус індетіне байланысты елімізде қатаң карантиндік шаралар дың әлі де болса сақталып отырғанын білеміз. Бұрынғыдай халықпен бетпе-бет келіп, жұмыс атқару қиынға соқты. Бірақ біз заманауи әдістерді қолдана отырып, өз жұмысымызды одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Аудандардағы ішкі саясат басқармалары мен дін орталығының бөлімшелері кездесулер мен жиындарды онлайн форматта өткізіп, мемлекеттің дін саласындағы саясатын тұрғындарға түсіндіруін тоқтатпауы тиіс. Ақпараттық технологиялардың жетілген уақытын біз де өз мүддемізге жарата білуіміз қажет» — деді облыстық дін орталығының директоры Бақытжан Камалов Арал ауданында өткен жиында.
Аудандарда өткен жиында мешіт имамдарына да бүгінгі жағдайда жамағатты сабырға шақыру қажеттігі де айтылды. Карантиндік шараларға байланысты діни ғибадат ету орындарында топтасып діни шараларды өткізуге рұқсат жоқ. Осыған орай жергілікті тұрғындар бұл жағдайға түсіністікпен қарағаны жөн дейді АТТ мүшелері. Сондай-ақ сапар барысында облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары аудан орталығындағы адам көп шоғырланатын орындарда акция өткізіп, орталық тарапынан дайындалған бүктемелер таратты.
Ақпараттық түсіндірме топ мүшелерінің аудандарға сапары алдағы уақытта Шиелі мен Жаңақорған аудандарында жалғасатын болады. Облыс орталығында да жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, діни қызметкерлермен де келелі кездесу өткізу жоспарланған.